Жүзден жүйрік жүлдегерлер марапатталды

Бүгін 27 ақпан, сенбі күні "Ақ жол" партиясы Алматы қалалық филиалында таяуда өткен Қазақтың ұлы ақыны, данышпан хакімі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 100 жылдығына арналған «АБАЙ АРМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ» атты халықаралық мүшәйрада жүзден жүйрік атанған ақындардың марапатын тапсыру салтанаты болды. Ақындар мен әділқазылар алқасы мүшелеріне "Қазақ республикасына-100 жыл" алтын медалы мен арнаулы сертификаттар табыс етілді. Сонымен бірге партияның дәстүрлі "XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы" жалпыхалықтық IX байқауының жүлдегерлері де марапатталды. Ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Иса ақындар мен зерттеушілер алдында "Ақ жол" партиясының парламенттегі сайлаушыьар алдындағы аманаттарын орындау жолындағы қайрат-қарекетімен таныстырды. Сонымен қатар идеологиялық, мәдени-рухани саладағы іс-шаралар туралы айтып берді. Жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлерді марапаттап, Ақ жол тіледі. Қазақтың белгілі қаламгерлері, көрнекті ақын Исраил Сапарбай, танымал сыншы Бақыт Сарбалаұлы, Алаштың арқалы ақындары Абзал Бөкен, Бауыржан Қарабек, Нұрлан Әбдібек, Аманғазы Кәріпжан, Мағзия Құнапия, Роза Сейілхан, Алаш арыстарының соңғы тұяғы, қазақтың көрнекті тұлғасы, белгілі ғалым Қайым Мұқамедхановтың қызы, зерттеуші Дина Мұқамедхан және тб сөз сөйлеп, ұлт руханияты жолындағы іс-шаралары үшін "Ақ жол" партиясына алғыстарын айтты.