Қызылорда тұрғыны алаяққа 400 мың теңгеге телефон алып берген
2021 ж. 23 ақпан
1201
0
Қызылордалық полицейлер жергілікті тұрғынның сеніміне кіріп, құны 400 мың теңге тұратын телефонды несиеге алғызған алаяқ әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне 57 жастағы қала тұрғыны арызданды. Жәбірленушінің айтуы бойынша, 2020 жылдың қазан айында белгісіз азаматша “10 миллион теңге көлемінде несие алып беремін” деп сеніміне кірген. Осылайша, ол жәбірленушіге алдау жолымен “Актив” орталығынан “Айфон-11” маркалы ұялы телефонын несиеге алдыртып, 400 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Зардап шегуші көп ұзамай-ақ алаяқтың құрбанына айналғанын түсінген.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі бойынша (Алаяқтық) тіркелді. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы қылмысты жасады күдікпен 44 жастағы азаматша ұсталды.
Қазіргі таңда күдікті өзінің іс-әрекеттерін толық мойындады. Тергеу амалдары жалғасуда.