“Түк көрмегендердің жағдайын көрсін”: Аналар Ибраимовты әкімдікке іздеп барды
2021 ж. 22 ақпан
2517
4
Алматы әкімдігіне қалалық мәслихат депутаты Ермахан Ирбаимовты бір топ көп балалы ана іздеп барды, деп жазды malim.kz.
Көп балалы аналардың әкімдікке баруына Ермахан Ибраимовтың журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында тірідей жанып кеткен бес балаға қатысты айтқан пікірі себеп болған. Сұхбатта Ибраимов 2019 жылдың ақпанында Нұр-Сұлтан қаласында болған қайғылы оқиғаға (бір отбасының бес бірдей қызы тірідей өртеніп кеткен) қатысты пікір білдірген.
Онда ол: «Бес баланы сыртынын жауып кетіп қалу, ол нағыз… Айтады ғой, түк көрмегендік», – деген.
Әкімдікке барған аналардың бірі Іңкәр Жанәділқызы: «Жылы кабинетте отыра бермей, «түк көрмегендердің» жағдайын көзімен көрсін. Бұндай жағдайдан шығу үшін не істеу керек екенін өз ауызымен айтсын», – деп, Ибраимовты халықпен кездесуге шақырды. Бастапқыда әкімдіктен ешкім шыққан жоқ. Сәлден кейін Алматы мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров шығып, аналардың арыз-шағымын тыңдады. “Ибраимовпен түстен кейін кездесуге болатынын” айтты.
19 ақпанда Жамбыл облысының Жаңатас қаласында бір отбасының бес бірдей баласы өрт салдарынан қайтыс болған. Әкімдік мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен.