Жоспарлы саясат салдарынан өзінің көп бөлігін жоғалтқан бізден басқа ұлт жоқ - Өмірзақ Ақжігіт

Депутат мырза, 6 миллион қазақтың 4 миллионы мемлекет малын тартып алып, қолдан ұйымдастырған АШАРШЫЛЫҚТАН өлмесе, неден өлді, айтыңызшы!?

Украина «Голодомор - жоспарланып жасалған саяси шара» деп, аштан өлген 3 млн.адамға өмірге келе алмай қалғандарды қоса есептеп, «Голодомор құрбаны - 8 млн.адам» деп санап, КСРО-ның мұрагері Ресейден 10 млрд.доллар құн талап етіп отыр. Украин ұлтының 10 пайызы өлсе, қазақ ұлтының 70 пайызы өлді! Тарихшы ретінде білуге тиіссіз - бейбіт заманда мемлекеттің жоспарлы саясатының салдарынан өзінің осыншама көп бөлігін жоғалтқан бізден басқа бір де бір ұлт жоқ. Сіз болсаңыз «саясиландыруға болмайды» дейсіз...

Кеңес өкіметінің құлағанына 30 жыл, ал, біздің билік құрбандар санын 2 млн.адам дегеннен асырар емес. Әлемнің 23 елінде «Голодомор - украин халқына жасалған геноцид» деп ресми мойындалып отыр. Украина Голодомор жайлы 2006 жылы арнайы Заң қабылдады. Сіз айтқандай Гитлер «еврейді, славяндарды қырыңдар» деп тапсырма берсе, зұлымдығын ашық істесе, Сталин ондай тапсырма бермеді, зұлымдығын жарияламай істеді, бірақ, одан нәтиже өзгерді ме? Және Голощекиннің Қазақстанда «Кіші Октябрь орнату керек» деген ұсынысын қолдауы тапсырма емес пе?

«БҰҰ «геноцид» деп бір ұлттың басқа ұлтты қасақана қыруын ғана есептейді», депсіз. Зұлымдық атаулының 100 пайызға жуығы жасырын түрде, көбіне бүркемеленіп, тіпті жалған игі ниетті жамылып жасалмайтын ба еді?..

Екіншіден, әлемді бейресми түрде билеп отырған ағылшын-саксон билігі барда, БҰҰ-ны іс жүзінде «асырап отырған» АҚШ тұрғанда БҰҰ-ның басқаша сөйлеуі мүмкін де емес, өйткені ол кезде үндістерді бағындыра алмаған ағылшындардың бизондарды қырып тастауының салдарынан үндістердің қырылуын ағылшындар тарапынан жасалған геноцид екенін мойындауына тура келеді.

Неге Украина депутаттары сіздер секілді «Ашаршылықтан қазақ та қырылды, Ресейдегі орыс та өлді, Голодомор – геноцид емес», демейді? Түсінсеңіз сіздің міндетіңіз: «Спикер мырза, сіз жаңылыспаңыз, біз керісінше Ашаршылық - қазақ ұлтына жасалған геноцид деген заң қабылдауға тиіспіз», деп бастама көтеру еді ғой ? Ал, сіз болсаңыз «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мемлекеттік деңгейінде «1 минуттық аза тұту» шарасын жүзеге асыруымыз керекпіз. Ел болып құрмет етуге міндеттіміз», дейсіз. АШАРШЫЛЫҚҚА арнап ең құрығанда бөлек күн белгілейік деп жазуға да шамаңыз жетпепті! «Біз Ресейге неге жалтақтаймыз? Біз бөлек мемлекетпіз», дейсіз, ал, ісіңіз жалтақтықтың үлгісі емес пе?

Мұқа! Менен 4 жас кіші екенсіз. Сіздің бұл мәлімдемеңізді сынның астында қалған М.Әшімбаевқа қолдау көрсету, ал, түптеп келгенде, маусым айында зейнеткерлікке кетпей, Сенаттағы қызметіңізді жалғастыруға жасалған қадамның бірі деп болжамдауға мәжбүрмін. Өйткені, біздегі саяси өмір осындай есеп-қисаптан тұратынына билік елдің етін үйретіп қойған. Өз басым сізді танымасам да, тірнектеп жиған абыройыңызды шелектеп төгіп алмағаныңызды қалаймын. Уақтылы келу абзал десек, уақтылы кету одан он есе абзал дүние екені белгілі ғой...

Өмірзақ Ақжігіт,

Қазақ үні