Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды – Денсаулық министрлігі
2021 ж. 22 ақпан
1073
0
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният COVID-19-қа қарсы вакцинациялау не үшін қажеттігін түсіндіріп, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Көптеген азаматтарымыз өздерінің күнделікті ісімен айналысуға кірісіп, тіпті бұл инфекцияны ұмытып та кетті. Бірақ, елде инфекцияның таралуына, күн сайын ауруға шалдығудың 700-800 жағдайының тіркелуіне байланысты және жұқпалы ауру таралуының алдын алу үшін көптеген ел жаппай вакцинация жүргізіп жатыр. Қазақстанда вакцинация ақпан айында басталды», - деді Ажар Ғиният №6 емханада вакцинаның екінші дозасын салдырғаннан кейін.
Сонымен қатар ол Денсаулық министрлігінің басшылығы вакцинаның екінші дозасын да неліктен жария түрде алғандығын түсіндірді.
«Вакцина қажет. Негізгі мақсаттарының бірі – иммунитетті нығайту және ағзаны қорғау. Осыған орай біз тиімді әрі қауіпсіз вакцинаны ектіруге шақырамыз», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі.
Ажар Ғиният сәуір айында қазақстандық вакцина зерттеуінің үшінші фазасы аяқталуы тиістігін еске салып өтті.
«Қазақстандық вакцинаға қатысты айтар болсам, қазір клиникалық сынақтың үшінші сатысы өтіп жатыр. Сәуір айында клиникалық сынақтың үшіншіфазасы аяқталуы тиіс. Осы зерттеулердің қорытындысы бойынша қазақстандық вакцина елімізде қолжетімді болады», - деді ол.