ЖАҚСЫ ЖАЗУШЫ, ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ...
2021 ж. 22 ақпан
1941
0
Өткен аптада қазақтың белгілі тұлғалары Ырым Кененбай, Шөмішбай Сариев және Нұртілеу Иманғалиұлы бірінен соң бірі бір аптаның ішінде өмірден озды...
Жатқан жерлері жайлы болсын деп тілейміз. Алла отбасыларына сабыр берсін.
Белгілі жазушы-журналист, беделді баспагер Ырым Кененбай ағаның қазасы қабырғамызды қатты қайыстырып кетті...
Ырым ағамен байланысымыз 2000 жылдан басталған еді...
Не айтса да, тауып айтатын дана қазақтың «Түсі игіден түңілме», – деген мақалы Ырым ағаны көрген сайын есіме түсетін. Иә, келісті келген, кең иықты кемел пішімді осы бір нар қазақты ең алдымен жазушы ретінде сыртынан біліп жүретін едім. Журналист ретінде де ойлы да орамды мақалаларын көзіміз шалып қалушы еді бұрынырақта. Ал жақын танысуым – жазушы-журналист Ырым Кененбаевтың Қазақстанның ірі баспаларында істеп, кейінірек «Алатау» мемлекеттік баспа полгирафия корпорациясын басқарып жүрген кезіне тура келді.
Республикалық «Қазақ үні» газетін (ол кезде "Жас Қазақ үні") шығаруға бел байлап, баспаханаларды шолып шыққанда таңдауымыз осы аталмыш «Алматы-Болашақ» баспаханасына тоқтаған еді. Әлі есімде, алғашқы нөмірі 2000 жылы 11-тамызда осы баспаханадан 15 000 данамен шыққан болатын. Содан бері Ырым аға әр кезде ақылын аямай, кәсіби баспагер, әрі тәжірибелі журналист ретінде кеңесін беріп жүрді.
2003 жылы сол кездегі Мәдениет, ақпарат және спорт министрі, руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қабылдауында болғанымда мемлекеттік тапсырыс алуға тендерге қатысуымызды қалады. «Бір тиын алмасаңдар да, мемлекеттік мүддені қорғап, ұлттық мүддені ұлықтап келесіңдер. Қазір қаншама миллиондап, алып жатқан кейбір басылымдар қара бастарының есебін түгендеп, жеке адамдардың соңынан шам алып түсіп жүр. Сондықтан сендер мемлекеттің қолдауына ие болуға толық хақыларың бар деп білемін», – деді Мұхтар Абрарұлы.
Өз күнін өзі көріп, қиналып келе жатқан жас басылымға мемлекеттік қолдау үлкен күш берді. Осы тұста Ырым аға: «Сендер енді түрлі-түспен шықсаңдар, тіпті қатып кетер еді. Қазақ газеттері заман талабына сай әлі осыған көше бастайды», – деп кеңес берді. Өзіміздің де ойымыз осы еді. Сөйтіп, 2003 жылы біз тәуелсіз қазақ газеттерінің ішінде алғашқы болып, түрлі-түсті болып шыға бастадық. Оқырман тартуда оның артықшылығы да көріне бастады. Сол кезде Ырым ағаның ырза көңілімен қатты қуанып жүргені көз алдымда,
әлі есімнен кетпейді. Өзгенің қуанышына бұлай кең пейілді, кемел ойлы, ақ жүрек азаматтар ғана қуана алатын шығар деп ойлайсың.
Содан бері, құдайға шүкір, газеттің көркемдігі мен сапа салмағы артумен келе жатса, мұнда Ырым ағаның үлесі де мол болды.
Жақсы адамдар өмірден өткенде олардың жақсылықтары көз алдыңа тізбектеліп келе қалады.
Осындайда еске түседі. Алғашқы бір-екі жылдың ішінде баспаханаға біраз қарыз боп қалдық. Ағамыздан қатты ұялып жүрдік. Бір реті келгенде түгел төлеп тастаған соң, басқа баспаханаға ауысып кеттік. Ондағы ойымыз тағы да қарызданып қалсақ, сыйлайтын ағамыздың алдында жүзіміз төменшіктеп, жүніміз жығыла бергенін ұят көретініміз еді.
Бір жыл өтер-өтпес уақыт ішінде Ырым ағамен бір жиында кездесіп қалдық. «Неге үн-түнсіз кетіп қалдыңдар?» – деген ағаға жауабымыз әлгіндей болып еді. «Бір ауыз сөз айту керек еді ғой, ертеңнен бастап бізге келіңдер. Төлем кейде кешігіп жатса, кеңшілік жасаймыз ғой. Тәуелсіз қазақ газеттерінің қайсысына оңай дейсің. Оны өзіміз қалам ұстап жүрген біз түсінбесек, кім түсінеді?» – деді. Сонымен «Алматы-Болашақ» баспаханасына қайтып келіп, күні бүгінге дейін, осында шығып келеміз.
Әрине, тірлік болған соң, әлі де кейде қарызымыз көбейіп қалады. Мұндайда баспа менеджерлері сәлемнен бұрын қадалып тұрып қарызды айтады. Есепшілер Қазақстанның қай түкпірінде жүрсең де телефон арқылы тауып алып, жақсысын айтып, жаманын тақап қояды. «Қарыздарың көбейіп қалған ба?» – деп баспа басшылары да салмақты сұрақарын қойып та қалатын кезі жоқ емес. Бұндайда біздің барып жүгінетініміз – корпорация президенті Ырым ағаның алды. Содан біраз кеңшілік, біршама кеңестерді алып шығамыз да қайрат жинап, қарызымызды жабу үшін қарқын танытуға кірісіп кетеміз.
Жалғыз «Қазақ үні» емес, «Алматы – Болашақ» баспаханасынан қаншама басылымдар жарық көріп жатыр. Әрине, солардың бәрін қолынан өткізіп, ақыл кеңесін беріп отыратын Ырым ағаға елдің ықыласы ерекше еді...
Естен кетпейтін бір жағдай, 2010 жылдары мемлекеттік тілге байланысты мемлекет, үкімет, билік басындағы басшылардан бастап, ешкімді аямай сынап жүргенбіз. Ақыры соңымызға шырақ алып түскен тексеру басталды. "Қазақ үні" газетінің артында кімдер тұр, қандай олигарх қолдап жүр"-деген сұрақтар қойылды. Сонда ең алдымен осы біздің газет шығып келе жатқан "Болашақ-Алматы" баспаханасына келіпті тексерушілер. Қараса, "артында қандай олигарх тұр?" деген газеттің қарызы қордаланып қалған екен. "Неге газеттің қарызы көп болса да, шығара бересіңдер?"-деген сұраққа баспахананың ақкөңіл бухгалтері: "Біздің басшымыз Ырым ағай бұл газетті де, бас редакторын да жақсы көреді. Әйтпесе өзінің ұлы ашқан газет қарыз болып қалғанда, шығармай қойған" деп жауап беріпті...
Ол тексерудің арты біздің Үкімет пен Ақордадан бір-ақ шығып, жауап беруімізбен, әйтеуір қасиетті ораза айында болғасын болуы керек, соңы дұрыс аяқталды...
2007 жылы Ырым аға асулы алпысқа толғанда қос томдық шығармалары шығып, құтты болсын айтқанымызда – «Етікші етікке жарымайды» дегендей, баспа ісіне ауысқалы бері бір кітабым шықпапты. Алпысымызда ел алдында есеп беріп қойғанымыз дұрыс шығар деген ойдамыз», – деп әдеттегідей жылы жымиып қойған еді.
Ырым ағаның ауыл иісі бұрқыраған шығармаларынан өзі туып өскен Жоңғар Алатауының жәннатты табиғаты мен қарапайым еңбек адамының ерен бейнесі айқын көрінетін, терең ойы мен нәзік иірімі тартып тұратын...
2017 жылы Ырым аға жемісті жетпіске толып, Талдықорғанда мерейтойы дүрілдеп өтті. Алматыдан қалам ұстағандардың бәрі арнайы бардық. Облыстық "Жетісу" телеарнасында Ырым ағаға арнап хабар өтті. Оны әйгілі тележурналист, марқұм Бейсен Құранбек бауырымыз әдемі жүргізді. Сол жолы ардақты ағамызға арнап, "Қазақ үні" газетінде көлемді мақала жазып, "Ақ жол" партиясының "Қазақ хандығына 550 жыл" мерекелік медалын тағып, "Жаны жайсаң жақсы аға" атты арнау жырымызды оқып, құттықтап қайтқан едік.
Болған кезде қажеті,
Көмегі көп молынан.
Қаншама ел газеті,
Өтіп жатыр қолынан.
Ұлағат көп ұға алар,
Күмбірлейді күйі шын.
Шығармасы шығарар,
Шырайлы өлке иісін…
Тұлғаңызға қарасақ, –
Туы биік батырсыз.
Пайым менен парасат
Сыйлап келе жатырсыз.
«Қызғалдақты кешкен қыз»
Қыр астында қалды ма?
Қалмай жүрген көштен біз
Талай келдік алдыңа…
Құтты болсын жетпісің!
Тарлансыз ғой текті шын..
Екі отыз бес қуаты –
Арта берсін көп күшің.
Бар газетті жинап ап,
«Алатау» боп қорғашы,
Хан сарайдай ғимарат,
Болсын табыс ордасы!
Ардақтыға арнайды,
Ақын біткен жырды ұзын.
Жарқыратқан маңдайды,
«Құрмет» – болсын Жұлдызың!
Күтуде ел, дала да,
Асулар да бар асар…
Парасатты ағаға
«Парасаты» жарасар!
Келе берсін іздеп ел,
Келешекті баспаға…
Жайсаңдықпен Жүзге кел,
Жасай бергін, жақсы аға!-
деп жырлап, шынайы көңілімізді жеткізген едік сонда. Адамның дегені бола ма, Алланың үкімімен 74-ке қараған шағында өмірден өтіп кете барды ардақты ағамыз...
2012 жылы мен елуге толғанда Ырым ағамыз Алматыда өткен жыр кешіме Науат жеңгемізді алып келіп, қатысып отырды. "Жеңгең поэзияны жақсы көреді, сенің жырларыңды тыңдау үшін келдік" деп, ризашылығын білдіріп, ақ тілегін айтқан еді ақеділ ағамыз.
Алла алдынан жарылқасын дейміз. Алды пейіш, арты кеніш болғай.
Белгілі қаламгер, беделді баспагер, ең бастысы нарқасқа азамат, жаны жайсаң, жақсы аға Ырым ағамыздың жарқын жүзі ұмытылмайды.
Отбасына, Науат жеңгемізге, Заңғар бауырымызға, туған-туыстары мен ұжымының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Жатқан жері жайлы болып, пейіште нұры шалқи бергей.
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні" газеті