Қорғаныс министрлігінде «Әскери Құрылыс Астана» ЖШС қызметінің мәселесі қаралды

Қорғаныс министрі «Әскери Құрылыс» АҚ және «Әскери Құрылыс Астана» ЖШС басшылығының қатысуымен кеңес өткізіп, онда олардың қосалқы мердігерлер алдындағы берешектерін жою жолдары талқыланды.

Бүгінде 2020 жылы Қорғаныс министрлігінің объектілерін салу және жөндеу жұмыстарын жүргізуге ашық конкурста жеңіп алған «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-ның («Әскери құрылыс» АҚ еншілес ұйымы) жекелеген жұмыстарды көрсетуге шарт жасасқан қосалқы мердігер ұйымдардың алдында қарыздары бар екені кеңесте атап өтілді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қорғаныс министрлігі акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің міндеттемелері бойынша жауап бермейтіні және олардың шаруашылық қызметіне араласпайтыны түсіндірілді.

«Әскери құрылыс Астана» ЖШС дербес шаруашылық жүргізуші субъект болып табылады. Барлық мердігерлер мен қосалқы мердігерлер нарықтық қатынастардың субъектілері болып табылады. Конкурстарға жалпы ерікті түрде қатысып, заңды тұрғысында бір-бірімен шарттық-құқықтық қатынастар жасайды.

Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштер объектілерін салу және жөндеу жөніндегі бірыңғай операторы жоқ. Мәселелерді талқылау барысында «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-нің несие қарыз түріндегі қаржылық қиындықтары 2016 жылдан басталғаны атап өтілді.

Тапсырыс беруші ретінде Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-ның алдындағы өзінің барлық міндеттерін толық көлемде орындады. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстарға

барлық қаражатты уақтылы аударған және дербес шаруашылық жүргізуші субъектілердің өзара қарым-қатынасы үшін заңды түрде жауап бермейді. Бірақ бұл мәселенің әлеуметтік сипатын ескере отырып, Қорғаныс министрлігі өз бастамасы бойынша бұл мәселені өзінің заңды құзыреттері аясында шешуге белсенді қатысады.

Кеңесте «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-нің қосалқы мердігерлер алдындағы берешегін өтеу тетіктері талқыланып, ұсынылды.

Қорғаныс ведомствосы «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-ға аудит жүргізеді. Оның барысында Қорғаныс министрлігінің Бас қаржы инспекциясы серіктестіктің қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігін, сондай-ақ әрбір шарт бойынша қосалқы мердігер ұйымдардың жұмыстарын толық және сапалы орындалуын айқындауы тиіс. Алдағы мүмкіндіктерді іске асыру үшін «Әскери құрылыс Астана» ЖШС мүлкі мен активтерін түгендеу жүргізілетін болады. Заң бұзушылық анықталған жағдайда лайықты құқықтық баға беріледі.

«Әскери Құрылыс Астана» ЖШС-ның басшылығы жоспарланған іс-шаралардың орындалуы, берешекті жедел өтеуге мүмкіндік беретінін айтты.