Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау кезек күттірмейтін шаруа - Жасұлан Иса

УАҚЫТТЫ ШЕГІНДІРЕ БЕРГЕНІМІЗБЕН, БІЗГЕ ШЕГІНЕТІН УАҚЫТ ЖОҚ!

Тіл жайлы анда-санда топтасып бір отыра қалып әңгіме құрып, көпіріп, болмайтын бір сылтауларды айтып, нақты, мәселенің шешілуін кейінге шегіндірумен келетінімізге 30 жыл болды.

Қазақстан Распубликасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңының жобасын қарастыру мақсатында, Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен, жылдың соңында жұмыс тобы құрылғаны белгілі. Басқа да заңды уәкілетті органдардың мүшелерімен толықтырылған жұмыс тобының қатарына тәуелсіз сарапшы ретінде мүше болуыма маған да мүмкіншілік берілген-ді.

Сөйтіп, күні кеше өткен жұмыс тобының соңғы жиынында, жай отырмай, мен де өз ой-пікірімді сол жерден ортаға салған болатынмын.

Негізі, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау кезек күттірмейтін шаруа екенін мен бұрыннан айтып келемін. Нақты, жарнамалық көрнекі ақпаратқа байланысты, аталған Заңның 21 бабында көрсетілген жарнамалық көрнекі ақпаратта, Мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінің берілетіні жазылған. Менің ойымша, орыс тілі тек қажет болған жағдайда ғана берілгені дұрыс.

Жұмыс тобына келіп түскен соңғы жоба бойынша, Қазақстан Республикасының "Тіл туралы" Заңының 21 бабында, "...Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда басқа да тілдерде беріледі..." делінген еді. Менің ұсынысым, "....Мемлекеттік тілде.." дегеннен кейін, үтір қойылып барып "қажет болған жағдайда орыс тілінде..." деп қосылғаны дұрыс еді. Бір қарағанда, ештеңе өзгермегендей сияқты көрінеді. Орыс тілі, "Қажет жағдай" дегеніне байланысты тұра (жазыла) береді. Мейілі. Ал, пайдалы, ұтымды, керекті жағы неде? десек. Орыс тілін қажет етпейтін жерлерде, ол тілдің пайдаланылмауы да, нақты, Заңмен бекітілетін болатын еді. Бұл жерлерге алдымен еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан 100 пайыз қазақи ауылдарымыз кіреді. Сол ауылдарымызда, көрнекі ақпарат тек Қазақ (Мемлекеттік) тілінде ғана берілетін болады. Әрі қарай, қазақтарға ғана тиесілі дейтін немесе қазақ болып кеткен басқа да ұлт өкілдері баратын орындар бар. Салт-дәстүрге байланысты кәсіп орындары болады ма, қазақи орталықтар болады ма, бұл жерлердегі сауда-саттық да, басқа да тіршіліктер орыс тілісіз, тек қазақ тілінде ғана жүретіні, ол да белгілі. Бұл жерлердің жергілікті ақпараттары да, Заңға сай, тек Қазақ (Мемлекеттік) тілінде ғана берілетін еді.

Және тағы, біз қаншама керек емес дубляж сөздерден де құтылатын едік. Мәселен, "Дүкен" деп, атауы жазылып, сосын тағы "Магазин" деп қосатынымыз бар. Сондай-ақ, дәріхана - аптека. Мейрамхана, тойхана - ресторан. Т.т.б. жетіп жатыр. Біреу түсінбей қалатындай, қайталап жаза беруден жалықпай келеміз. Айналып келгенде, бұның өзі кәсіпкерлерге керексіз шығым. Негізі, дүкеннің, дүкен екенін, қазір, тілі шықпаған балаға дейін біліп алған десе-ді. Біз болсақ, көз алдымыздағыны көргіміз келмей, көлеңкемізден үркіп әлі жүрміз.

Енді міне, дұрыс жағына қарай өзгеріс жасайтын уақыт келді деп, ниеттеніп, жұмыстануға кіріскен екенбіз. Олай болса, мәселені кейіңге шегіндіре бермей, кіші-кірім батыл-батыл қадамдарды қазір жасап бастауымыз керек-ті! Өйтпесек, "Айдағаның бес ешкі, ысқырғаның жер жарады" болып, осы отырғанымызбен отыра беруіміз, әбден мүмкін. Бізге, шегіне беретін уақыт та жоқ...

Жасұлан Иса,

Қазақ үні