Ауыл адамдарының ақшасы жай қағазға айналуы мүмкін – Мәжіліс депутаты

Жол құны айырбастайтын сомадан да асып кетеді, ауыл адамдарының адал еңбегімен тауып жинаған теңгелері жай қағазға айналуы мүмкін – «Ақ жол» айналымнан шыққан барлық теңгелерді айырбастаудың уақытын шектемеуді сұрайды.

Ұлттық Банкінің төрағасына

 1 ақпанда 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды айырбастау мерзімі аяқталса, 1000 теңгелік банкнот 3 наурызда айналымнан шығады. Банкноттарды ауыстыру тек оның дизайны өзгеруіне байланысты екенін де айта кетуіміз керек. Айырбастау тек облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан Ұлттық Банктің филиалдарында ғана жүргізілді. Азаматтық кодекске сәйкес, теңге – бұл біздің еліміздегі ресми ақша бірлігі және республиканың бүкіл аумағында жалпы құны бойынша қабылдануға міндетті заңды төлем құралы. «Ақ жолға» өтініш білдірген азаматтардың айтуынша, карантин мен жүріп-тұрудағы шектеулерге байланысты көптеген тұрғындардың банкноттарды уақытылы айырбастауға мүмкіндігі болмаған. Облыс орталықтары мен алыстағы ауылдардың ара қашықтығын ескерсек, жол құны айырбастайтын сомадан да асып кетуі мүмкін. Ұлттық банктің осыдан ертерек жариялаған ауыстыру мерзімін сәл ұзарту шарасы мәселені шеше алмады. Ұлттық Банктің ақпараты бойынша, ұлттық валютаның қолданыстағы ақша белгілеріне ауыстыру мерзімінің аяқталуына байланысты 2006 жылғы үлгідегі көрсетілген номиналдардағы банкноттар Қазақстанда қабылдануға, айырбастауға жатпайды және заңды төлем құралы болып табылмайды. Бұл шешім тәуелсіздіктің бір белгісі болып табылатын ұлттық валюта – теңгемізге елдің сенімін жоғалтады. Қазіргі кезде, халқымыздың қолында адал еңбегімен жиналған әржылғы ескі теңгелер бар. Мысал ретінде, АҚШ банктері шығарылған жылына қарамастан, ғасырлар бойғы банкноттарды қоса алғанда, әлі күнге дейін долларды қабылдайды. Германияда, еуро енгізілгеннен кейін 19 жылдан астам уақыт өтсе де, неміс маркалары бундесбанктің барлық филиалдарында шектеусіз айырбасталады және бұл процедура ешқандай мерзімдермен шектелмейді. Осыған байланысты, көрсетілген номиналдағы банкноттарды ауыстыру мерзімін ұзартуды қарастырып, сонымен қатар Ұлттық банктің филиалдары жоқ елді мекендерде екінші деңгейлі банктерде банкноттарды айырбастауды жалғастырып, ал Ұлттық банктің филиалдарында айналымнан шыққан барлық теңгелерді айырбастаудың уақытын шектемеуді сұраймыз. Құрметпен, «Ақ жол» фракцияның депутаттары