Сәлем-сауқатқа есірткі салып, түрмеге өткізбек болған

Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Р. атты азаматтың эклер ішіне марихуанна салып, оны өзінің түрмеде жазасын өтеп жатқан танысына жолдап қулығын асырмақ болған әрекетін дер кезінде тексеріп құрықтады.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық –атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі бұл іске қатысыты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Негізі, бұл қатаң режимдегі РУ-170/3 мекемесінде аса ауыр жағдайда қылмыс жасағандар жазасын өтейді.

- Сотталғандарға сәлем-сауқат жолдау жақсы-ақ. Бірақ, заң тыңдамайтындар үшін мекемеге жіберуге рұқсат етілмейтін есірткі, еліту заттарын жіберудің жолы боп тұр. Сәлемдеме жолдаушылар мекемеге кіргізуге рұқсат етілмейтін заттарды азық-түлік, киім-кешек, темекі мен дәрі-дәрмек арасына жасырып өткізуге әрекеттенеді. Бұндай қылмыстық оқиғалар сәлемдемелерді алдын-ала тексеру кезінде мамандардың қырағылығымен құрықталады. Режим бөлімінің алдын-ала тексеру тобының әділет сержанты Ұлдай Батырханқызы мен әскери Ұлттық Ұлан сержанты Арайлым Мұхитқызы сотталған С. ға Р. атты азамат жіберілгелі тұрған тәтті бәліш ішінен көзге қораш көрінген жасыл түсті зат шығады. Оның исі мен түрі еліткіш есірткі затына ұқсағасын, дереу жедел тергеу тобын шақырып акт жасады, - дейді, әділет капитаны Арман Хамитов.

Ескерте кетсек, сотталғанға сәлем-сауқат арасына жасырып мекемеге кіргізуге тыйым салынған есірткі, алкогольді ішімдік, еліткіш, дәрілік заттар жолдауға әрекеттеніп, жауапкершіліктен аттағаны үшін сәлем жолдаушыны Қылымыстық-атқару жүйесі заңының 481 бабы, 1 тармағы бойынша ескерту және он айлық есептік көрсеткіш бойынша жауапқа тарту заңы бар. Ал, есірткі заттарын өткізу жағдайы анықталса Қазақстан Республикасы Қылмыстық –істер Кодексінің 297 бабымен қылмыстық жауапқа тартылады.