Саунаға түскен Сұңғатов пен бірқатар полицей жұмыстан қуылды
2021 ж. 17 ақпан
1008
0
ШҚО Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ағымдағы жылдың 29 қаңтарында учаскелік полиция инспекторларының Семей қ. ПБ Орталық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Р. Сұңғатовпен бірге Семей қаласындағы монша кешеніне бару фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізді, деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Тексеру нәтижесіне сәйкес қызметтік тәртіпті бұзушылыққа жол бергені үшін Семей қ. ПБ Орталық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Р.Сұңғатов атқарып отырған лауазымынан босатылды. Учаскелік полиция инспекторлары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, өз міндеттерін адал атқармағаны және жеке құрамға бақылау жасамағаны үшін Семей қ. ПБ Орталық полиция бөлімінің бірқатар лауазымды тұлғалары атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.
Монша кешенінде болған полиция қызметкерлеріне қатысты уәкілетті органға (ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне) санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін аталған қызметкерлерді әкімшілік жауапқа тарту үшін тиісті материалдар жолданды.
Департамент басшылығы ШҚО ПД жеке құрамы арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау бойынша қажетті шаралар қабылдауда, бұл бүгінгі күні басым бағыттарыдың бірі болып саналады. Бірде-бір қызметтік-жауынгерлік тәртіпті бұзушылық назардан тыс қалмайды. Қызметтік-жауынгерлік тәртіп бұзушылықтың әрбір фактісі бойынша мұқият тексеру жүргізіледі, кінәлі тұлғаларға және олардың басшыларына қатысты тәртіптік сипаттағы ең қатаң шаралар қабылданады.