ӘР АЗАМАТТЫҢ ТАҒДЫРЫ  – ҰЛТ ТАҒДЫРЫ

Құрметті Бақытжан Әсетілдәұлы, ХХ ғасырдың қазақ халқына бергені аз емес. Бұл ғасырда мәдениетіміз жаңа арнаға түсті, биік деңгейге көтерілді, бұрын болмаған өнер, техника түрлері пайда болды. Ғылымға, өнерге жаңаша кәсіп түрлеріне бауыр бастық. Ең бастысы үш ғасырдан кейін тәуелсіздікке қайта қол жеткіздік. Бірақ, рухымыз әлсіреген күйде жеттік. Отаршылдар бұрынғы жауынгер жұртқа құлдық сананы мықтап сіңіріді. Ұлтымыз не бір боздақтарынан, аяулы заматарынан айырылды. ХХ ғасыр тудырған ауыр қасіреттің бірі – Ауған соғысы. 15 ақпан кеңес  әскерінің  он жылға созылған ауған соғысын аяқтап қайтқан  күні. Осы орайда өзіңізбен  әңгімелесудің  реті келіп тұр. Әңгімемізді мынадай бір тосындау  сұрақтанбастағанды жөн көріп отрмын. Ел арасында ауған соғысына қатысты әртүрлі алыпқашты сөздер бар екенін өзіңіз жақсы білесіз. Соның бірі бұл соғыс қазаққа қатысы жоқ дейтін пікір. Сіз сол соғысқа қатысқан жауынгер ретінде бұған не айтар едіңіз?  Ауған соғысы Қазақ халқы үшін несімен есте қалмақ?

– Ауған соғысының қазаққа  қатысы жоқ дейтін жаңсақ пікірлер айтылып қалып жүргенін білеміз. Өз басым бұған келіспеймін. 1979 жылы желтоқсанда Ауған жеріне арнайы тапсырмамен кірген кеңес әскерінің құрамында қазақ азаматтары да болды. Рас, соғыс қазақ халқының қалауы емес, ешбір жауынгер өзі тіленіп  соғысқа барған  жоқ. Дейтұрғанмен сол кездегі жоғары үкіметтің ұйғарымымен қазақ жігіттері ауған жерінде соғысты. Соғысқа қазақстаннан 22 000  мыңдай адам қатысты. Бұл аз сан емес. Жауынгерлер жанкештілікпен соғысып ерліктің өшпес үлгісін көрсете білді. Небір ержүрек батыр жігіттеріміз сол майданда жан тапсырды. Жараланып, мыңдаған жауынгерлер елге мүгедек болып  оралды. Қаза болғандардың ішінде  сүйегі жат жерде қалғандарда  бар. Хабар ошарсыз кеткендер 21 адам. Жүрек сыздататын мәселе...

Ерлігімен аты аңызға айналған Бақытжан Ертаев, Қара майор қатарлы тұлғаларды тарих сахнасына шығарған да сол соғыс.  Кейбір адамдардың  ұғымынша соғыс өз жерімізде болса ғана бізге қатысты болатын сияқты. Оның бетін әрі қылсын. Егер белгілі бір оқиға бір азаматының өміріне қатысты болса, ол ұлтқа да, мемлекетке де қатысты деген сөз. Өкінішке орай бізде осы сана әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Бұл  патриоттық сезімнің  төмендігі.  Соғыста өлген мыңға жуық  адам, қайда қалғаны белгісіз 21 азамат біздің бауырымыз емес пе? Оларға қайғырмаймыз ба? Бұл ойланатын мәселе. Біз қазақтың  әрбір азаматы үшін қайғыра да, қуанада алатын болсақ қана болашағымыз жарқын болмақ.  Соғыста ажалды өледі, ажалсыз келеді. Бірақ, мәселе мұнымен бітпейді. Аман оралған солдаттардың төрт құбыласы түгел деп ойламаңыздар. Бәрі де тәні мен жүрегі жаралы болып оралған жандар. Жат жерде ажалмен арбасып, қашан оқ тиер екен, қай жағымнан снаряд түсер екен деп қорқынышпен өмір сүру, жаныңдағы досыңның оқ тиіп,  минаға жарылып  жан тапсыра алмай жанталасып жатқанын көру, шыбын жаны шырқырап шыңғыра айқайлағанын, мені өлтіріп кет деп  жалынғанын есту, өз қолыңмен кісі өлтіру (жау  әскері болса да) оңай  емес. Соғыста бұдан басқа да ауыр жағдайлар көп, соның бірі күнелікті ауыр тұрмыс, аптап ыстық пен сүйегіңді сырқыратар суық... Соғысқа қатысқандар  соның бәрін өз көздерімен көрді, өз бастарынан кешірді. Қазір қатарларыңызда жүрген соғыс ардагерлерінің көбінің психологиясы өзгеріске ұшыраған.  Бұл қазақтың қасіреті емес пе? Осының бәріне көз жұмып ауған соғысы бізге қатысы жоқ дейтін ағайындарды мен түсіне алмаймын.  Біз қалайық, қаламайық ауған соғысы  қазақ тарихында орны бар, ескерусіз қалуға болмайтын оқиғалардың бірі. Себебі, ұлт тағдыры қашанда жеке адамның – сол халықтың  әрбір азаматының тағдырынан құралатыны белгілі. Елдің бастан кешкен ірі- ұсақты оқиғалар тарихтың  бір бөлшегі болып қала бермек.

– Ауған соғысын зерттеудің  қажеттілігі неде деп ойлайсыз?

– Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғырудың» бір талабы тарихты жаңаша көзқараспен бағалауға қатысты болмақ.   Ауған Соғысы туралы  ақиқат әлі ашылып болған жоқ. Бұл  соғыс ХХ ғасырдағы қазақ тарихының  қасіретті бір беті. Халық тарихының  әр сәті ұмытылмауға, келешек ұрпаққа толық жетуге тиіс. Себебі, тарихи оқиғалар өз кезінде әділ бағасын ала алмауы мүмкін. Басымыздан кешкен оқиғаларды өзіміз ғана жазып қоймай, келешек ұрпақтың сараптап тануына қажетті мүмкіндіктерді жасауға міндеттіміз.

Бұл бір жағынан тарихи,  екінші жағынан саяси қажеттілік. Себебі, адамзат тарихында көп құбылыстардың  қайталанып келетіні дәлелденген шындық. Әскери қақтығыстардың себебі көп, тарихы  әр алуан, соғыстың шындығы  күрделі. Осы тұрғыдан келгенде Ауған  соғысына тарихи тұрғыдан талдау жасау өз алдына, сол соғыста қазақ халқының батырлық болмысы қалай көрінді, бұл да  зерттелуге тиіс. Тәуелсіз Қазақстанның жастары өткен күндердің жарқын жақтарын  ғана  емес, қасіретін де  білуге тиіс.  Бұл  бүгінгі күн ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де керек.

– Сіз Ауған соғысының жауынгер ретінде ауған ардагерлеріне жасалып жатқан көмекке, көрсетілетін құрметке қалай қарайсыз?

– Ауған ардагерлері құрметтен кенде емес, және олар сол құрметке лайық, себебі олар соғыстың қасіретін тартқан, оқ пен оттың  ортасынан аман қалған,жауынгерлік антына адал жандар. Халқымыздың  ерлік рухын көрсете білген батырларымыз. Сол кездегі үкіметтің бұйрығын орындаушы жауынгерлер. Олардың орнында кім болса да, сол заманда әскер қатарында болған кез келген азамат, сол міндетті орындар еді.Бірақ, таңдау, бұйрық бізге түсті. Жауынгерде бұйрықтан бас тартатын таңдау жоқ. Антына адал жауынгер қашанда құрметке лайық болуы керек. Дейтұрғанмен Ауған соғыс ардагерлерін жазғыратын, немесе халықтың алдында жазықты адамдай қарайтын ішінара адамдардың көзқарасы ауызға алуға да тұрмайды.

– Ауған соғысына қатысқан азаматтар өздерін қалай сезінді? 

 – Кеңес одағы кезінде  иделогия күшті еді ғой, үгіт насихат жұмысы жақсы жүргізілетін.Бала күнімізден майдан даласында ерлік көрсеткен аталарымызды мақтан тұтып, Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтың және басқа майдангер жазушылар жазған шығармаларын оқып өстік. Нүркен Әбдіров пен Төлеген Тоқтаровтай батырларымыздың ерліктерін үлгі тұттық.  Біз соғысқа барар алдында арнайы дайындықтан өттік. Дайындық дегенде әскери машықты ғана айтып отырғам жоқ, идеялық дайындықты айтам.  Ең алдымен бізді соғыстың әділеттілігіне сендірді. Алдымызға дүние картасын жайып қойып Ауғанстан мен Қазақстан арасы қанша шақырым екенін шұқып тұрып көрсетті. Ауған жерінің бір шеті  кеңес одағы жеріне  кіріп тұратынын білесіз. Біздің ауылымызға төте  есептегенде 1000 шақырым  мөлшері  ғана.  Американың соғыс рекателары бар, олардың  ұшу ара қашықтығы аса үлкен, егер Ауған жерінен атса  тура сенің үйіңнің төбесінен түседі деп көрсетті. Сондықтан біз бір жағынан  соғысқа  жоғарының бұйрығымен барсақ та, бір жағынан өз елімізді, өз жерімізді қорғап жүрміз деп сендік. Сондықтан жан аямай  шайқастық.

Ауған соғысына қатысқан сарбаздардың бәрі физикалық тұрғыдан аса мықты, ақыл-ойы жетілген, психологиялық соққыға төзімді, бірегей, сайдың тасындай іріктеліп алынған жігіттер еді. Ол жаққа жібермес бұрын бірнеше рет медициналық сараптамадан және арнайы бөлімнен тексеруден өткізеді.Соғыстан келген соң көбі жоғары оқу орнына түсіп  жаңа мамандық алды, сөйтіп қоғамның  әр саласында қызмет етіп, еліміздің дамуына үлес қосып, түрлі салада абыроймен қызмет атқаруда.

– Соғыс деген ажалмен айқасу, жан үшін талас жүретін майдан. Онда десантшы да, алдыңғы шепте соғысатын шабуылшы жауынгер де, әуе күштері де болады. Солардың ең маңыздысы қайсы? Ең қорқыныштысы қайсы?

– Өте дұрыс айтып отырсыз, бұл көп адамның сұрап жүрген сұрақтарының бірі. Соғысқа қатыспаған кісіге сұрақ қою жеңіл.  Бірақ, мұны түсіндіру өте қиын.  Десантшыны алайық. Жау тылында жасырынып жүріп өзіне тапсырылған міндетті уақытында орындау керек. Жаумен бетпе бет келгенде  қарудан оқ шығара алмайтын кездері де болады. Сондайда қызыл қолға, қара күшке сүйенеді. Шабуылшы әскер оққа қарсы жүгіретін негізгі күш. Сәт-сайын ажалмен бетпе-бет келетін солар. Әуедегі шабуыл да оңай емес. Олардың бірін маңызды деп айту әбестік. Біз естен шығармайтын бір шындық бар, ол – соғыста тұтас  армияның біріккен қимылы ғана жеңіске жеткізеді. Шабуылға шықпай жау күшін жоя алмайсың, алайда барлау қызметі жақсы болмаса шабуылдан нәтиже жоқ.  Сол сияқты соғыстағы  әр қызметтің өз қиындығы, қатері бар. Мысалы мен БТР жүргізуші болдым, көбінше барлаушыларды алып жүрдім. Бронды машинада оншақты шақты солдат отырады, олардың амандығына командир ғана емес, жүргізуші де жауап береді. Жазылмаған заң солай. Жүргізуші үшін ажал аяқ астында жатады.  Барлық жерге мина көмілген, саперлар  бір машина  жүретін жолды ғана  минадан тазартады. Сен күндізде, түнде де жүруің мүмкін. Машинаның доңғалағы негізгі жолдан шығып кетсе күлің көкке ұшқаны сол, жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Ойда жоқта жау  әскері шабуыл жасаса, үстіңдегі солдаттар машинадан түсіп жасырынады, қорғанады. Жүргізуші шығып үлгермей қалуы мүмкін. Машинаны тастап кете де алмайсың, өйткені қару бар, азық түлік бар, сен кетсең көлігің де, алып жүрген заттарың да жаудың олжасы деген сөз. Ал, жау  әскерінің ең алдымен көздейтіні жүргізуші. Қорғануға шарасызсың.  Соғыста жүргізуші болып,діттеген жерге жолдастарыңды аман есен жеткізуге жауапты болу, жүйкеге  салмақ түсіретін, аса  ауыр жауапкершілік.

– Бақытжан мырза, 2018 жылы 24 сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  ғылыми кітапханасында ауған соғысының ардагері  журналист  Б. Белғара атындағы «Ауған соғысы жылнамасы» атты кітаптар мен деректер қоры ашылды. Бұл істің басы қасында өзіңіз болғаныңыз белгілі. Бұл қорды ашудағы мақсат не? Қор жиналған  деректер туралы не айтасыз?

Қорды ашудағы мақсатымыз қазақстандағы және шет елдердегі  ауған соғысына қатысты жарық көрген кітаптар мен деректерді (қол жаба, естеліктер, хаттар, фото, аудио, видио) жинау. Соғыс шындығын, соғыс психологиясын зерттеуші  ғалымдарға материалдық тұрғыдан қол ұшын беру, жас ұрпақ бойындағы  ұлттық патриоттық  сезімді күшейтуге қызмет ету.

Қорда Ауған соғысына қатысты зерттеулер, журналистік талдаулар, ауған ардагерлерінің естеліктері мен әскери жазбалар, т.б лар сақталуда. Бұл кітаптар мен қол жазбалардың саны айтарлықтай көп болмаса да, жиналған мәтериалдардың мәні зор, деректік құны да, танымдық құны да  жоғары.

– «Ауған соғысы жылнамасы» кітаптар мен деректер қорына  Біржан Белғараның аты берілуіне не себеп болды?

– Біржан Белғара 1985-87 жылдары Ауғанстанда болған соғыс ардагері. Ортамыздан ерте кетті. Бірақ, еліміздің рухани дамуына бір кісілік үлес қосқан азамат. Дарынды журналист ғана емес, жақсы басшы да бола білді, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте болды. «Жас қазақ» газетінің бас редактордың  орынбасары болып жұмыс атқарды. Алматы қалалық тіл басқармасының басқарды. Әл–Фараби атындағы ҚазҰУ-дің  баспасөз хатшысы боды. Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының директоры, Ақпарат минстрлігінде БАҚ департаментінің директорының орынбасары болып жұмыс  істеді. «Золотой теленок» баспа үйінің Астана  қаласындағы өкілдігінің  директоры, ауылшаруашылық минстірлігі тіл саясаты бөлімінің бастығы, «Ана тіл – ата тарих» баспа-зерттеу орталғының атқарушы директоры, Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық  үйлестіру–өндірістік орталғының  директоры  сияқты жауапты  қызметтер атқарған. Қазақ тілінің жанашыры ретінде елге танылған азамат. «Қазақ  баспасөзіндегі мемлекеттік тіл мәселесі» атты монографияның, сондай-ақ,  мемлекеттік тілді оқытуға арналған бірнеше әдістемелік  кешен мен оқу бағдарламаларының  авторы.

Содай ақ, Біржан Белғара әскерден келіп, студент болып жүрген кезінен ауған соғысы тақырыбына, мүгедек болып қайтқан жауынгерлердің мәселесін айтып мақала жазып,олардың тұрмыс тіршілігіне белсене араласты.

– Ауған соғысы тақырыбына жазылған еңбектер туралы не айтасыз?

– Қазақстанда, басқа да кеңес одағының құрамында болған республикаларда ауған соғысы тақырыбында жазылған еңбектер аз емес. Бұл тақырып кеңес одағы тұсында, соғыс жылдарының өзінде қолға алына бастаған. Соғыстың  қызып тұрған кезінде 1984 жылы Тимур Гайдардың: «Под Афганский небом», 1988 жылы Л. В. Теплинскиидің: «История Советско-Афганских отношений»  атты еңбектері жарық көрді. Осы қатарда А.А Ляховский мен В.М. Забродин «Тайны Афганской войны», «Афганская война:  Как это было», «Боздақтар мәңгі жадымызда»   қатарлы  еңбектерді айтуға болады.

Қазақстанда соғыс аяқтағаннан кейін ауған тақырыбы қаламгерлер үшін де, оқырмандар үшін де үлкен қызғушылық тудырғаны мәлім. Тарихшылар мен журналистер Ауған соғысының тарихын, соғысты тудырған саяси және тарихи себептерді, оның салдарын анықтауға бағытталған зерттеулер жүргізе бастады. Соғысқа қатысқан  ардагерлер өздері көздерімен көрген оқиғаны әр қырынан суреттеп жазды. Оқырман үшін осының бәрі де керек.

Соның  нәтижесінде  ауған соғысы туралы, онда ерлік көрсеткен Қазақ жауынгерлері, қолбасылар жайлы талай құнды мәліметтер белгілі болды. Айталық Болат Сайланның: «Ауған соғысының ақиқаты», Сержан Қазақбаев «Кандагарский дневник», Бақытбек  Смағұл «Мен көрген соғыс», «Намыстың құлы - Алаштың ұлы», «Қазақтың қара майоры» т.б тамаша еңбектер жарық көрді.

  Ауған соғысы тақырыбы бұл аса күрделі тарихи тақырып.. Мен қаламгерлерге мынаны айтқым келеді. Соғыста адам тағдыры жатқанын ойласақ, енді осы соғыстың табиғатын көркем шығармалар арқылы жазып көрсету керек. Яғни, ауған соғысына қатысты көркем шығарма,повест, романдар жазылатын кез келді.

 – Құрметті Бақытжан мырза,  біз сөз етіп  отырған бұл тақрып  аса ауқымды тарихи тақырып. Өз кезінде геосаясатқа,  экономикаға  тұтас халықтар тағдырына әсер еткен ірі оқиға. Бір  сұқпаттың көлемінде оның бәрін айтып бере алмайтынымыз белгілі. Сондықтан бүгінгі әңгімені осы жерден доғарсақ деп отырмын.  Уақытыңызды бөліп  сұқпат бергеніңізге көп рахмет!  

Сұқпаттасқан  ф.ғ.к., Иманғазы Нұрамхетұлы