Францияда жалпыұлттық ереуіл өтіп жатыр
2021 ж. 05 ақпан
1289
0
Францияда жалпыұлттық ереуіл. Көптеген мекемелер жабық, ал көшелерде, керісінше адам қарасы көп. Мұғалімдер, дәрігерлер, көлік және энергетика саласы қызметкерлері, жеке кәсіпорын жұмысшылары және өзге де мекеме өкілдері жұмысқа шықпай наразылық танытып жатыр.
Бұл туралы 24.kz хабарлайды.Ереуілшілер үкіметтен жұмыс орындарын қысқартуды тоқтатып, еңбек жағдайын жақсартуды талап етуде. Елде бюджеттік секторлардың жағдайы індетке дейін де мәз емес еді, дерт мәселелерді тіпті ушықтырған. Бесінші республикада коронавирус таралғалы жұмыссыздар саны 265 мыңнан асса, алдағы уақытта 1 миллионға жетуі мүмкін.
Лазар Аскала, Кәсіподақтық ұйымның хатшысы:
- Елдегі ірі туристік оператор ТУИ Франс 600 қызметкерін қысқартты. Қазір оларды шерушілер арасынан кездестіруге болады. Біз үкіметтің қысқарту жоспарына қарсы сотқа шағымданбақпыз. Мүмкін сот қабырғасында әділдікке қол жеткізетін шығармыз.
Леон Дефонтен, студент:
- Елде жұмыстарынан айырылған жастар көбейді. Әр үшінші күнкөрісі төмендеп жастар арасында кедейлік артуда. Тамақты тегін тарататын орындарда студенттерді жиі кездестіруге болады. Үкіметтен осы мәселеге көңіл аударуын сұраймыз.
Даниэль Бертон, Париж әуежайлары ұжымдары делегациясының бас хатшысы:
- Әлемнің өзге әуежайлары сияқты бізде де рейстер азайып бүкіл кәсіпорындарға кері әсер етті. Осының кесірінен өз еркімен жұмыстан шығу жүйесі қолданылып, 1 мыңнан аса қызметкер жұмыссыз қалды. Әуежай жұмысшыларын қысқартқанмен қалған қызметкерлердің міндеттерін арттырып, жалақысын төмендетеіп жатыр. Біз бұған қарсымыз.
Кәсіподақтардың наразылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Себебі жаппай шерулер өткізуге тыйым салынбаған. Эпидемологиялық шаралардан қоғамда әлеуметтік наразылық та күшейген.