СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ, ЕЛ ДЕ ҚОЗҒАЛУЫ КЕРЕК!

Кеше Қазақ елі парламентінде тарихи оқиға болды. Ахаң айтқандай: "Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін!" дегендей қоғам қайраткері, ақын, парламент депутаты Қазыбек Иса ағамыз үкімет басшысы, премьер-министр Асқар Мамин Ұзақбайұлына мемлекеттік тіл - қазақ тіліміздің мәртебесін көтеріп, статусын жеке дара анықтау жөнінде депутаттық сауал жолдады. Мұны "Ақ жол" партиясының 12 депутаты қолдап қол қойды.

Қазақстан халқының 78 пайызы қазақ ұлтынан болса, ел мен жердің ақы иесі қазақ халқы болса ата-заңда жазылған мемлекеттік тіл қазақ тілі екені рас болса, 30 жылдан бері заңсыз үстемдік жасап келе жатқан орыс тілінен арылатын уақыт жетті. Қашанға дейін шовинистердің тілінде елімізді басқарып жұртқа мазақ боламыз. Кеңес одағы шекпенінен шыққан 15 республикадан ешбір ел орыстың тілінде ел басқарған жоқ, тілін теңестірген жоқ. 1990 жылдың басында қолданыстан шығарып, ұлттық тілін тұғырына қондырды! Келімсектерді кетіріп, өз ұлтын оздырды. Ұлттық саясатын батыл жалтақтамай жүргізді.

Өз ағаң өзбектер айтады екен: "Орыс болғың келсе, алдымен қазақ бол!" деп. Өлім ғой. Қазақ еліне қаңғып келген шүрегей Кольбин айтты деген сөз бар: "Қазақстаннан орыстар кетсе де, орыстанған қазақтарың ұлттық мемлекет құруға жол бермейді" деп. Шынымен іштен шыққан жау жаман. Қазақ тілінің тиісті тұғырына қонуға кедергі болатын нигилист мәңгүрт қазақтар. Өз ұлтынан жерінген сатқын қазақтар. Ұлт ақыны Мұхтар Шаханов ағамыз айтып еді: "Билікте жүрген мәңгүрттердің 90 пайызы өз ұлтынан жерінген нигилист, космополиттер. Бұлар қазақтың тіліне жыл сайын миллиондаған ақша бөліп жаны ашыған сыңай танытқанымен бала-шаға, немере-шөбересін түгел ресей тілінде оқытады. Шынтуайтында мемлекеттік тілге қарсы жұмыс жасайтын ұлттың жаулары!" деп жанайқайын айтқан. Ұлы жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз да парламент мінбесінен жанын шығарып айтуын айтты. Бірақ нәтиже болмады. Күштінің көті диірмен тартады. Билік те, ақша да мәңгүрттер қолында. Тәуелсіз Қазақстанда әлі тек қазақша сөйлейтін, білімді, ұлтшыл азамат болса жұмысқа алынбайды, алса да жұмыстан шығарып тынады. Себебі, бізде орыстың тілінің салмағы басым. Бастықтар түгелге жуық ресейдің тілінде сөйлеп, Қазақстанда бастық болады! Бір қарасаң сұмдық! Ал, бізде қалыпты жағдай. Кешегі Алаш қайраткері Сәкен Сейфуллин: "Кеңсе тілі қазақша болмай, мемлекет қазақша болмайды!" дегенді кесіп айтып еді. Ұлт ұстазы алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: "Тілі жоғалған жұрттың, артынан өзі де жоғалады!" деген өсиетін барлық мемлекеттік мекеме майдайшасына жазып қою керек! Елбасы Тәуелсіздіктің 15 жылдығында айтып еді: "15 жылда аюға да қазақша үйретуге болушы еді!" деп. Енді ұят ғой. Басқа өркениетті елдер ғылым-техника, квантты физика, теңіздің ішінен жол салып, жүздеген шақырымға көпір салып, небір жаңа технологиялар ойлап тауып ғарыштап дамып жатса, біз әлі 30 жылдан бері сол заңға шегелеп жазылған мемлекеттік тілімізді тұғырына қондыра алмай, өз елімізде өгейдің күйін кешіп жүрміз?! Масқара ғой! Өзінің ұлттың қасиетін бағаламаған, өз ұлтының қадірін білмеген ел ешқашан озық ойлы дамыған ел бола алмайды! Біз жапондардан, көрші бауырлас халық өзбектерден үлгі алуымыз керек!

Не болса да, Қазыбек ағамыздың арқасында сең қозғалды. Қолданыстағы екі тілді қабаттастырған Тіл туралы заңның қазақтың саны 78 пайызға жетуімен күші жойылғаны, енді мемлекеттік тіл де, ұлтаралық қатынас тілі де тек Қазақ тілі болуы керектігі туралы парламент мінберінен айтылып, ең басты ұлттық мүддеміз қорғалды. Ел болып қолдау көрсетіп, қозғалайық халқым! Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді! Тілі бар ел халық, тілі жоқ ел балық!

Бақытбол Берімбайұлы,

Фейсбук парақшасынан