Шикілік пен шалағайлық

2
1162

 

Дүниежүзінде маңдайының соры бес елі ұлт екеу болса, оның бірі –қазақ, егер ондай ұлт біреу ғана болса, соның нақ өзі де – қазақ боларына көндігіп, амалсыздан күйінбеске лажым жоқ. Өйткені, біздің ұлттың аспанынан ешқашан түнерген бұлт арылған емес және жақын күндері арылмайтын секілді. Қазақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсап, жайбарақат жүре беретін халық. Өмір бақи «сен тимесең, мен тимеймін» деп өмір сүрді. Тіпті, соңғы кездері «сен тисең де, мен тимеймін» дейтін сияқты. Осыны сезген келімсектер мен шетелдік инвесторлар ойына келгенін істеп жатыр. 

20 ақпан 2013 жылы Маңғыстау облысындағы кеншілер тағы да ереуілге шықты. Шетел жұмысшылары жалақыны үш есе көп алады. Мұнымен қоймай, қазақстандық жұмысшыларға себепсіз ескертулер мен жұмыстан шығарамын деген қоқан-лоққы жиі көрсетіледі. Өз елінде қор болған қазақтан басқа ұлт жоқ шығар сірә, жер бетінде. Оларды тәртіпке шақыратын билік пен Үкіметтің сиқы анау. Бір-бірімен қырқысып кланға бөлініп алған. Біздің елде кез келген саланы алсаңыз, шикілік пен шалағайлық, барлығы атүсті жасалады. Ешкім ештеңеге жауап бермейді. Тіпті жауапкершіліктің не екенін түсінбейтінге ұқсайды. Тергеп-тексеру, таңдап-талдау, сараптап-саралау, тиімді-тиімсіз тұсын түйсіну деген атымен жоқ. Жоғары лауазымды біреу бірдеңе десе болды, ұлардай шуылдап қоя беретін жаман әдет бойымызға әбден сіңген. Ол дұрыс па? Әлде бұрыс па? деп, мақсаты нені меңзейді деген сұрақ қойылмайды. Енді жеке-жеке талдап көрейік.
2009 жылы ҚР Қорғаныс министрі Даниал Ахметовтың басшылығымен қыруар қаржыға Израил мемлекетінен қару-жарақ сатып алынып еді. Қазақстанға әкелген соң, ол қару-жарақтар атылмай қалыпты. Содан не керек, қорғаныс министрі Даниал Ахметовты жеті қат жерге түсті ме, көкке ұшты ма? Әйтеуір зым-зия жоқ болды. Полиция іздемейтін себебі Д.Ахметов мырза билікпен әлдеқашан «есептесіп» қойған деседі. Оның орнына Әділбек Жақсыбеков келді.
«Қазақтелеком» бастығы­ның 365 мың доллар жалақы алатынын Президенттің өзі жариялады. «Қазақтелекомның» орынбасарының айлығы 285 мың доллар болғанымен, тіпті олар сотталмады. ТМД елдерінің ішіндегі ұялы телефонға бірлік салуда ең жоғары баға біздің Қазақстанда. Орталық Азия елдерінің ішіндегі Өзбекстан мен Түркменстанда ұялы телефонмен сөйлесу өте арзан 1000 теңгеге екі ай сөйлесесің.
Мұндай диагнозды тек біздің дәрігерлер ғана қоя алады.Осы уақытқа дейін ақтөбелік дәрігерлер 17 жастағы жігітті «жүкті» деп еді. Жуырда ғана Алматы облысындағы Ескелді ауданының дәрігері Марал Қабдешова 50 жастағы ер адамға «қарны жүктіліктің әсерінен үлкейген» –деп қағаз жазып берген. Оған мән бермеген Қарабұлақ ауылының тұрғыны өзі қызмет ететін мекемеге анықтама қағазын әкеліп береді. Ал ондағы медбике жерден жеті қоян тапқандай әріптесінің «жүктілігін» барша жұртқа жария етеді. Абыройы айрандай төгілген ер-азамат медициналық анықтама қағазын берген дәрігерді, сондай-ақ әріптестері алдында масқара еткен медбикені сотқа бермек. Міне, біз сеніп жүрген медицинамыздың сиқы осындай.
2010 жылы Премьер-ми­нистр­дің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мырза «2015 жылға қарай жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз. Ол үшін шет елден мал әкеліп, осы саланың әлеуетін көтеру қажет» деуі мұң екен, қолына чемоданын алып, шенеунік біткен шекара асып, шұбырып кетті. Ақыр соңында «Үкімет бағдарламасында әлемдегі ет индустриясы дамыған АҚШ, Австралия, Канада және Австрия секілді елдерден 73 мыңға жуық асыл тұқымды мал сатып алынсын» – деген қаулы шығарып, қол қойдырып «ҚазАгроның» сол кездегі бастығы Асылжан Мамытбековтің қолына табысталған.
2012 жылы жаз айларында Солтүстік Қазақстан облысына әкелінген «Леонов» және «Полтавское» шаруашылығындағы 722 бас сиырдың барлығы ауру болып шықты. Ауру болғанда да елімізге баяғыдан таныс аусыл мен бруцеллез секілді үйреншікті науқас емес, аты да заты да медицинада беймәлім вирустық диарея мен шмалленберг деген су жаңа ауру. Ең сорақысы, еті мен сүті адамға зиян тіпті, ауа арқылы жұғуы ғажап емес. Сондықтан, «2 ақпан күні әрбір сиырды 5-6 мың доллар тұратын 722 бас ірі қараның биыл туылған 250 бұзауымен қосып өкпесіне аммиак егіліп, өлтірілген малдың денесі өртеліп жіберілді» деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Нығмет Жақыпбаев мырза.
Австриялықтар Қазақстан­дық зертханалардағы зерттеу­лердің нәтижесін мойындамай отырғанын мәлім етті. Сондықтан Қазақстан тарапы Халықаралық эпизоотикалық бюроның референт зертханаларына жүгініпті. Олар өз кезегінде қазақстандық ветеринарлар қойған диагнозды құптап отыр деген. Австрия елінен шығын болған қаржыны қайтарып алу мәселесі қозғалып жатқанын атап өттік. Бірақ, Австрия жағы оны мойындамай отыр. Шет елден әкелінген сиырларға төленген қаржы «ҚазАгроның» қалтасынан төленгенімен, оның бәрі мемлекеттің ақшасы. Сол себепті желге ұшқан қаржының қайтуы да екіталай.
2013 жылдың 6 ақпанында вице-премьер Қайрат Келімбетов «Қазақстанда құрылып жатқан Бірегей жинақтаушы зейнетақы қорының (БЗЖҚ) иесі –Қазақстан Үкіметі, ал активтерін басқару Ұлттық Банк еншісінде. Есесіне қазіргі зейнетақы қорлары түгел таратылмай, инвестициялық портфельді басқарады». Яғни, 10 зейнетақы қорында шашырап жүрген 20 млрд. долларымыз «тырнағы да қисаймай» бір қазанға құйылады. Енді ол қазанды қалай сапырса да, Ұлттық Банктің өз еркі. 17 ақпанда Григорий Марченко зейнетақы қорларының үш нұсқасы бар екенін ашық айтты. Зейнетақы қорлары ерікті салымдармен жұмыс істейтін зейнетақы қоры ретінде жұмысын жалғастырады, болмаса өз еркімен таратылып, нарықтан кетеді. Өзін-өзі жойғысы келетін қорлар активтерін сатып, бастапқы капиталын қайтарып ала алады. Бұл енді қордың өз шаруасы.
Бізде «жекелеген кәсіпкер­лердің» уысынан шығып, жекелеген шенеуніктерге тұтылмаймыз ба деген уайым бар. Ертең желдің қай жақтан есіп, тағы қандай реформа боларын кім білсін. Әйтеуір халықтың әзірге ойы «айдаладағы кәріс пен орысқа жем болғанша, туған Үкіметіме желінген жақсы» дегенге саяды. Қанша дегенмен, бұл қазақты кім алдамады десеңші, алданып қалуға етіміз үйреніп қалды…
Қазақтың желкесін тесіп, қанын сорып, отырса да дым үндемейді. Таяқ серпімей, қамсыз отыру қазіргі жаһандану заманына жараспайды, жарамайды. Атқарушы билікке қарапайым халықтан бастап Парламент депутаттарына шейін – бәрінің өкпесі қара қазандай.
«Ауруын жасырып, арам өлетінін» түсінді ме тіпті заң шығарушы билік енді Үкіметтің қателіктерін ашық айтуға көшті. Түрлі себептерге байланысты «қол көтере алса да, алмаса да шоқпарларды беліне байлай берген Үкімет әлі келетін тірлікпен айналысуды тапсыру қажет». Бір өкініштісі осылардың барлығының көсегесі көгеріп, елдің, халықтың пайдасына жұмыс істеп жатыр деу қиын. Мұның ақыр аяғы қайда апарып соқтыратыны бір Аллаға ғана аян.

Жұмамұрат ШӘМШІ   

 

 

 

 

2 ПІКІРЛЕР

  1. Жұмамұрат елімізді мына шал НӘН іріп-шірітті ол биліктен кетпей түк шықпайды бәрін сатты қазаққа не қалды. Атасының басы да қалмады.

  2. Айналайын Жұмамұрат інім қай сайтты немесе газет журналды ашып оқысам, Жұмамұрат Шәмшіге көзім түсіп кететін болды. Өте жақсы жазып жүрсің бәрекелді. Сенің жанайқайың қазақтың жанайқайы дұрыс жазып жүрсің. Шығармашылық табыс тілеймін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз