«Іkomek» 109 орталығында оқыту тек орыс тілінде жүргізіледі - Зүбәйра Әкім

Белгілі журналист Зүбәйра Әкім «ikomek» 109 анықтамалық-ақпараттық орталығында оқыту тек орыс тілінде жүргізілетінін айтып, редакциямызға хат жолдады. Атап өту керек, «ikomek» 109 қызметі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мониторинг және жедел әрекет ету орталығы болып табылады. Жұмысқа қабылданатын адамдар шынымен тек орыс тілінде ғана оқытудан өте ме? Журналистің жазған мақаласына орай біз де өз тарапымыздан «ikomek» 109 қызметіне хабарласып, мән-жайды сұрап көрдік. Қазақ тілінде жауап берген бас оператор PR менеджер алдағы уақытта өзі хабарласып, түсіндіретінін айтты. Біз алдағы уақытта «ikomek» 109 ресми жауабын да жариялайтынымызды ескерте отырып, автордың мақаласын оқырманға ұсынуды жөн көрдік. 

Қазақ тілділердің келешегі не болмақ?!

      Жалпы, ұлтқа жапа шектіретін, қиянат жасайтын қазақ тіліне кері әсері бар қазақ тілінде сөйлеуге бейілсіз, ырқы жоқ мамандарды ұлттық маңызды жұмыстарға алуға тиым салатын Заң неге жоқ елімізде?! Осындай заң болмаған соң, орыс тілділерді жұмысқа бірінші кезекте қабылдауда.     Алыстан «Алаш» десе аттанамын.     Қазақпын «Қазақ» десе мақтанамын!     Болғанда әкем –қазақ, шешем –қазақ!     Мен неге қазақтықтан сақтанамын!-деп, «Алаш» арысы Міржақып      Дулатұлы жиырмасыншы ғасырдың басында айтқан екен. Дәл қазір бұл сөзді Нұр –Сұлтан қаласындағы «ikomek» 109 анықтамалық -ақпараттық орталығында теориялық оқытатын әдіске айтуға тура келіп тұр. Неге десеңіз орталықтың оқыту әдістемесі көрші мемлекет ресейдің тілінде өтеді. Екі апта бойы сабақ орыс тілінде өткенін көргенде, қазақ тілін талап етпеген қазақ жастарының немкетті, неқұрайлы өздерін танымағанына қайран қалдым! Іштей күйзеліп, құлазыдым. «ikomek» 109 анықтамалық- ақпараттық қызмет көрсету орталығының әдістемелік көрнекілік құралдары түгел дерлік орыс тілінде жазылған. Қазақ тілінде көрсету жоқ. Құлақ кесті құлға айналып, құлдық санасын  тесіп шыққаны сонша, әдіскер тіпті менің қазақша сөйлегенімді жақтырмай, «Сіз орысша білесіз бе? «Общество» сөзінің қазақшасы қалай?» деп намысыма тиді. Оқу барысында топ бойынша екі тыңдаушы ғана «Қазақ тілінде айтуға бола ма?» деп рұқсат сұрап барып қазақ тілінде жауап беруге мүмкіндік алдық. Масқара ма, масқара емес пе бұл? Әлеуметтік төлемдердің әрқайсысының қазақшасы бар. Мысалы, «Всеобуч» сөзін үйретіп жатыр. Бұл сөздің қазақшасы бар ғой. Қалалық әкімдіктің «Мектепке жол» деген «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау ұйымымен бірлесіп жыл сайын жағдайы жоқ оқушыларберетін әлеуметтік көмек түрі. Осының орысшасын емес, қазақ тілінде айтуын үйретсе болмай ма? Әлде, қазақ тілінде үйрету үшін жоғарыдан рұқсат керек пе? Осы дұрыс па? Ал, орыс тілділерден «қазақ тілің қалай?» деп сұрамақ түгілі, қазақ тіл білімі сауаттылығын талап етіп, емтихан алған ешкім жоқ. Қазақ тілі мәселесінде саясаттан бұрын, қазақтардың өзі ұлттық намыссыздықтан орыс тілінде сөйлейтін сияқты. Сен жанбасаң алаулап, ол жанбаса алаулап, ана тілің мен ұлттығыңды кім қорғамақ?! Көзі қарақты оқырманның тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылы мәжіліс мінберінен, «Орыс тілді болып кеткен мамандарды қазақ тілін үйренбей, қазақыланбай мемлекеттік қызметке жолатпау керек» деп шырылдаған Шерхан Мұртазаның қаупі есінде болар. Сол ұлттық қауіп дәл қазір қазақ халқының алдынан шығып, Шер ағамыз қауіптенгендей орыс тілді мамандар халыққа қызметтің барлық саласын басып алып, өз басқыншылықтарын жүргізіп отыр. Қазақ тілді қазақтардың заңдық, азаматтық тұрғыдан құқығы тапталуда. Ұлттығына тізе батыруда.          Шыны керек, соңғы жылдары қазақы, қазақ тілділерді жұмысқа алуда орыс тілділер тарапынан шеттету анық байқалуда. Бұл үрдіс ұлттық менін басындармайтын арлы, намысты, ұлтшылдарға ауыр соққы болып тұр. Ұлт, ұлттық құндылықтар, қазақ тілі тұншықтырылмасын деп әйгілі «Желтоқсан» көтерілісіне қатысқанда мен он сегіз жаста едім. Ұлттық ұйысу санам қалыптасқан кез еді. Ал, мына жастар тәуелсіз мемлекетте өмір сүруде. Бұларға өз ана тілінде сөйлеп, жазуға кім кедергі?! Жалпы, ұлтқа жапа шектіретін, қиянат жасайтын қазақ тіліне кері әсері бар қазақ тілінде сөйлеуге бейілсіз, ырқы жоқ мамандарды ұлттық маңызды жұмыстарға алуға тиым салатын Заң неге жоқ елімізде?! Осындай заң болмаған соң, орыс тілділерді жұмысқа бірінші кезекте қабылдауда. Жұмысы бар адамның жейтін наны, несие төлейтін кірісі болады. Ал, қазақ тілділер «Қазақ тілі» құсап есіктің сыртынан сығалап, несие төлей алмай, нанға жарымай жүр. Күмпің – күмпің етіп жүретіні де қазақ тілділер. Сауда орталығындағы ойын алаңына қарапайым бақылаушы болып жұмысқа тұру үшін ауылдан келген  қазақ жастарының орыс тілін үйренуге мәжбүр болып, орысша сөз жаттаған әрекетіне куә болғанмын. Әлемде өз елімізде жүріп орысша білмесең нан тауып жеуің қиындыққа ұрындыратын мемлекет тек біз шығар.       Әрине, қазақ тілінің төркіні  тым тереңдеп кеткен. Тереңде жатыр. Оны ашу үшін  Жүсіпбек Аймауытовтың «Ана тілінде оқып, білім алмаған бала ешқашан ұлтқа қызмет етпейді» деген сөзін айтқым келеді. Бұл сөз мағынасын кейбіреулер ұқпайтын шығар. Ұғу үшін әуелі «Ұлтың кім?» соны анықтап ал.  Сосын, «Ұлтқа қызмет деген не? деген сөзді түсіну үшін «Ұлттың мәні неде?» деген сұраққа жауап ізде. Қазақ халқын мәңгүрттендіріп, жерін жаулауды жүргізген қасқөй орыс генералы Сперанский «Қазақ елін жаулап алғымыз келсе, ол ұлтты әуелі АНА ТІЛІНЕН айырамыз. АНА ТІЛІН ұмытқан ұлт рухынан айырылады. РУХЫНАН айырылған ұлт ешқашан өзін ТАНЫМАЙДЫ. Өзін жоғалтады» деген. Ал, қазақтың бет бұрар құбыласы, рухани бас ұстазымыз Ахмет Байтұрсынов «Тілін жоғалтқан ұлттың,өзі де жоғалады» деген. Міне, «ұлттың мәні неде?» деген сұраққа іздеген жауап осындай. Демек, саясатта қазақ тілін сақтау-ұлтты сақтау екеніне көз жеткіземіз. Ұлттың мәні - ана тілінде. Ана тілін жоғалтқан ұлт, ұлт санатына жатпайды. Тілдің тамырында адамның тектілігі, жоғары мәдениеті, ар-намысы мен рухани қазынасы жатады.    Зүбайра Әкім, журналист