Тәуелсіздік мерейтойында ысырапшылдыққа жол берілмейді - Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде айтты.

- Биыл қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтудеміз. Осыған орай қолға алынған реформаларды қарқынды түрде жүзеге асыруымыз қажет. Мерейтой кезінде артық даңғаза мен ысырапшылдыққа жол берілмейді. Біз осы шаралар арқылы бірлік пен келісімді нығайтып, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм рухын дамытуға тиіспіз. Оларды егемендігіміздің және мемлекеттіміздің құндылықтарын бағалай білуге үйретуіміз қажет, - дейді Тоқаев.

Президент өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазіргі идеологиялық бағдарламаларды нақты атап көрсеткеніне тоқталды.

Біздің басты мақсатымыз - азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыру. Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуға тиіс. Бұл біздің қолымыздан келеді, - деп Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын қорытындылады.