Қ-Ж.Тоқаев: Басты міндетіміз - әйелдер мен балалар құқығын қорғау
2021 ж. 23 қаңтар
1270
0
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда қызу талқыланып жатқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қатысты пікір білдірді.
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
Расында, бұл заңға өзгертулер мен толықтыру енгізу қоғамда үлкен дау-дамай туғызды. Көпшіліктің ойынша, бұл ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық мүддеге қарсы заң. Халық арасында, атап айтқанда көпбалалы аналар толықтырулардың бірқатар баптарына түбегейлі қарсы шығып жатыр. Әсіресе, балаға экономикалық қысым деген ережесіне. Байлар сияқты балаларына сұраған заттың бәрін сатып ала алмайтынын, сегіз балаға сегіз бөлме бөліп беруге мүмкіндіктерінің жоқтығын айтуда. Ал осы заңды кезінде талқылаған кейбір депутаттар жағдайым болмай сырқаттанып отырып назар аудармаппын деп ақталса, енді біреулері жұрт заңды жете түсінбеген деп аналардың өзін кіналады. Көпшіліктің пікірін ескерген депутаттар заң жобасының бұл редакциясын кері қайтармақшы.
Ұсынылған заң жобаларына байланысты бұл халық тарапынан айтылып жатқан бірінші наразылық емес, бұрындар да болған. Заң жобасын ұсынатын үкімет өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтыны рас. Екіншіден, заң орысша жазылып, содан кейін қазақшаға аударылатындықтан оның мәтінін түсіну мүмкін емес. Үшіншіден, біздегі заңдардың салақұлаш сөйлемдерін соңына дейін оқып шыққанда басында не айтқанын ұмытып қаласыз. Мынау болады, мынау болмайды деп нақты, қысқа да нұсқа жазуға болады ғой жұмбақтамай. Сол себепті де біздің заңдарды екіұшты түсінуге болады. Былайша айтқанда қалай бұрсаң да өз еркің. Ал ең бастысы – «Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн» деген Президенттің ескертуін заң қабылдаушылар үнемі назарында ұстағаны абзал.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz