Алматыда ақыры крематорий салынатын болды
2021 ж. 22 қаңтар
1750
0
2020 жылдың соңына қарай Алматы жайлы қалалық орта басқармасы тендер өткізіп, крематорий салатын мердігер ретінде Mega Build Kazakhstan компаниясын таңдаған. Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әзірге елордалық крематорийдің жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлейтін компанияны ғана таңдап қойған, деп хабарлайды zakon.kz kursiv.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, Алматы билігі 2020 жылғы 21 желтоқсанда "Mega Build Kazakhstan" ЖШС-мен 1,47 млрд теңгеге крематорий салу шартына қол қойған. Құжат бойынша жұмыс 2021 жылдың 21 қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Сатып алу бір көзден, тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асырылған.
Бір залы мен екі пеші бар крематорий Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақын Сара көшесінің солтүстігі, ЖЭО-2-нің шығысына қарай орналасқан патологоанатомиялық бюро жанында салынады.
Mega Build Kazakhstan компаниясының құрылтайшысы – Айдос Жұрынов, компания түрлі құрылыс нысандарын салады. Компания сайтының деректеріне сүйенсек, Mega Build Kazakhstan мердігер ретінде Алматыда бірнеше элиталық тұрғын үй кешенін, Tamos Education оқу орталығын, сондай-ақ Азия газ құбырын және "Жетіген-Қорғас" теміржол желісін салуға қатысқан.
Бұған дейін Алматыда салынатын крематорийдің жобалау-сметалық құжатын әзірлеу тендерін "DNT Center Stroy" ЖШС жеңіп алған. Шартқа сәйкес, ол жұмысты бес ай ішінде, яғни 2020 жылғы қазан айының соңына дейін 44,5 млн теңгеге орындауға тиіс еді. Осы компания крематорий құрылысы барысына авторлық тексеріс жүргізіп, қадағалап отырады. Бұл қызмет құны бюджетке 15 млн теңгеге түседі.
Ал Нұр-Сұлтан қаласында крематорий кім салатыны әзірге белгісіз. 2020 жылғы желтоқсан айының басында елорданың құрылыс басқармасы "Биологиялық және медициналық қалдықтар жиналатын патологоанатомиялық бюроның құрылысы" нысаны бойынша жобалау- сметалық жұмыс жүргізуге шарт жасасты. Құжаттарда "Зираты бар крематорий салу" келісімшарты 099 бюджеттік бағдарламасы бойынша тіркеуге алынатын айтылған.
Жобалаушы – "Инженерлік жобалау бюросы" ЖШС құжаттаманы 2021 жылдың 28 ақпанына дейін ұсынуға міндетеме алған. ЖСҚ әзірлеу құны – 41,9 млн теңге.