Мәжілістің 107 депутатына куәліктер мен белгілер тапсырылды

0
510

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы 7-ші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заңнамаға сәйкес Парламент депутатының өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы Парламент дептутаты ретінде тіркеген сәттен басталады. Сайланған депутаттарды тіркеу үшін заңнамамен көзделген барлық негіз бар. Осыған орай күн тәртібіне 7-ші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын тіркеу туралы мәселе шығарылды», – деді отырысты ашқан ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев.

Осыдан кейін ҚР ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 97-1-бабының 5-тармағына сәйкес, депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігі саяси партияның басшы органы сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 10 күннен кешіктірмей айқындайтынын айтты.

«Ақ жол», «Nur Otan» және Қазақстанның халық партиясы саяси партияларының тиісті құжаттары осы жылдың 12 және 13 қаңтарында ҚР ОСК-ге ұсынылды. Сонымен қатар сайлау заңнамасы негізінде Нұр-Сұлтан қаласының аумақтық комиссиясы ОСК-ге Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша дауыстарды санау хаттамасын ұсынды. Конституциялық заңның 98-бабына сәйкес, ОСК сайланған Мәжіліс депутаттарын тіркейді. Сайлау туралы заңның 45-бабында ОСК сайланған Парламент депутаттарын 7 күн мерзім ішінде олардан Конституцияға және республика заңдарына сәйкес, Парламент депутаттарының мәртебесімен сай келмейтін өз міндеттерін доғару туралы жазбаша өтініштерін алғаннан кейін тіркейді деп белгіленген. Аталған өтініштер алынды. Сайлау заңнамасында ОСК әрбір депутатқа өзі белгілеген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні тапсыратыны көөзделген», – деді ол.

Бұдан соң ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына бірауыздан дауыс беріп, ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев жаңа сайланған Мәжіліс депутаттарына куәлік пен омырауға тағатын белгіні тапсырды.

Айта кетейік, 7-ші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісіне еліміздегі 3 саяси партия және Қазақстан халқы Ассамблеясының кандидаттары депутат болды. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясы 76, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 12, Қазақстанның халық партиясы 10 мандат иеленді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 9 депутат сайланды.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаңтар күні жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз