Бейнет пен зейнет
2021 ж. 11 қаңтар
1934
6
Қарама-қайшылыққа толы, әділетсіздік пен арам пиғылдан арыла алмаған біздің қоғамдағы көптің көкейінде жүрген, жылдар бойы тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатқан бұл мәселе өзектілігін ешқашан жоймайтын шығар. Телеарналарда айтылып, басылымдарда жиі жазылса да толық шешімін тапқан жоқ, жақын жылдарда түйіні тарқатыла қояды дегенге де сенім аз. Оны өздеріңіз де білесіздер, сол баяғы айта-айта жауыр болған еңбек жалақысы мен зейнетақы мәселесі...
Жоқ, қайда болса сонда шашатын, онсыз да тұрғындарды тонап жатқан жекеменшік банктерді қолдауға жұмсалатын, бір бөлігі сонау алыстағы Әзірбайжан елінің онсыз да қарызға батқан халықаралық банкінен бір-ақ шыққан, осы күнге дейін толықтай қайтара алмай жатқан зейнетақы қорындағы қыруар қаржы туралы емес айтайын дегеніміз. Ол өз алдына бүгінгі тірлігіміздің бітпейтін «эпопеясы». Әңгіме көпшіліктің күнкөрісіне аса қажет, олай тартса да, былай тартса да күнкөрісіне жетпей жататын жалақы мен зейнетақының тікелей өзі жайында. Бұрындар да жазып жүрген осы тақырыпқа қайта оралуға бұқаралық ақпарат құралдарында жақында жарияланған мына бір хабар түрткі болды. Түсінікті болу үшін соны толықтай келтірейік: «Қазақстанда дипломатиялық қызметте болғандарға арнайы зейнетақы тағайындалады. Әлеуметтік төлем мемлекет қазынасынан төленеді. Зейнетақы мөлшері қазіргі Сыртқы істер вице-министрі жалақысының 20 пайызы, яғни 170 мың теңге. Зейнетақыға қосылатын үстемені алу үшін қазақстандық елшілердің жалпы еңбек өтілі 25 жыл болуы тиіс. Оның ішінде 15 жылын дипломатиялық органдарға арнауы керек. Сонда ғана Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері атанып, 170 мың теңге ала алады. Мұндай жаңашылдықты жүзеге асыруға мемлекет қаржысы жұмсалады. Қажетті шығындарды республикалық бюджет комиссиясы биыл 11-тамызда бекітіп берген. Дипломатиялық қызмет төңірегіндегі өзгерістер мұнымен шектелмейді. Елшілікте жұмыс істегісі келетіндер ағылшын тілін білуге міндетті. Сондай-ақ енді бұл салалық органға ғылыми мекемелер кіргізіледі. Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі: – Әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және ғылыми зерттеу жүргізу мақсатында дипломатиялық қызмет органдары жүйесіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсынылады. Бұл Сыртқы істер министрлігіне қарайтын сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесін арттырып, оның қызметінің негізгі бағыттарын бекітуге мүмкіндік береді» делінген сүйінші хабарда. Осы қысқа ғана хабарды оқыған қарапайым адамдар бірден «Бұлар айырықша айлық, зейнетақы алатындай не бітіріпті?» деген ойларын ашық айтып жатыр.
«Онда тұрған не бар? Іштарлықты қойып, қайта қуана қол соқпайсыңдар ма?» дейтін болар кейбіреулер. Дұрыс, біз де қуаныштымыз. Тіпті 170 емес, 500 мың теңге зейнетақы тағайындасын, оған қарсылығымыз жоқ. Бірақ, жалпы алғанда біздегі жалақы мен зейнетақы тағайындаудағы заңдарымыздың әділдікке негізделмегені жұртшылықты мазалайтыны анық. Бұл жерде біз қатардағы қарапайым халықты айтып отырмыз. «Қолыңнан келсе қонышыңнан бас» демекші, билік басындағылар баяғыда өздеріне жоғары жалақы тағайындап, жайлы орынды жайғап алған. Заң атаулы бір адам немесе ат төбеліндей санаулы топ үшін жазылмайды. Заң жалпы бұқараны қолдап, халықтың мүддесін қорғауға тиісті. Бір қарағанда зейнетақыға қатысты біздің заңымызда кемшілік жоқ сияқты. Олай болса біздегі зейнетақы неге қатардағы тұрғындарымыздың қарапайым ғана күнделікті тұрмыстық сұраныстарын өтеуге жетпейді? Олар да өмір бойы ауыр жұмысқа жегіліп сіңірлерін созды емес пе? Олар да бейнеттің зейнетін көруге құқылы ғой. Әлде олар қоғамға пайдасы шамалы кеңседе отырып, керек те керексіз қағаздарды толтырып күнін өткізетін шенеуніктерге қарағанда аз еңбек етіп пе? Елдің негізгі байлығын жасайтын жұмысшылар екені баяғыдан белгілі. Кеншілер кен қазып шығарады, құрылысшылар баспана тұрғызады, малшылар мен диқандар ет пен астық өндіріп халықты асырайды. Солай бола тұра олар неге шенеуніктерден кем жалақы, мардымсыз зейнетақы алуы керек?
Біздегі зейнетақы төлемі үш деңгейден құралады: 1) Базалық зейнетақы. 2) Ынтымақты немесе еңбек зейнетақысы – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне байланысты. 3) Жинақтаушы зейнетақы – 1998 жылдың 1-қаңтарынан кейін қорға аударылып отырған жарна есебінен құралады. Бастапқыда Қазақстанда базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленетін, яғни, 15 274 теңге шамасында. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгерді. Енді оның мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болады. Егер зейнеткердің еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлде болмаса оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%, 15 мың 274 теңге төленеді. Яғни 10 жылға дейін – бұл кепілдендірілген көлем. Қазақстанда базалық зейнетақыны бұл сомадан төмен ешкім алмайды. Ал егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда тағы 2% үстеме қосылады. Мәселен, 11 жыл еңбек өтілі барлар төменгі күнкөріс деңгейінің 56% алатын болады. Ал еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері – 100% немесе 28 284 теңге төленеді. Елдегі қолайлы қаржылық жағдайға немесе инфляцияға байланысты өзгерістер енгізіліп отырады. Айталық, үстіміздегі жаңа жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері өсті. Егер былтыр ол 17 641 теңге болса, 2021 жылы 18 524 теңгеге жетті. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы да 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге дейін өсті деген сөз. Бұл нормалар Президент қол қойған 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда жазылған. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге шамасында белгіленді. Ал ең төменгі жалақы өзгерген жоқ – 42 500 теңге.
Байқап отырғандарыңыздай, қартайғанда өмір сүруге лайықты зейнетақы алу үшін көп жылғы еңбек өтілі, яғни, тұрақты жұмысың болуы керек. Оған қоса жоғары жалақың болса тіпті жақсы. Мәселе осы тұста басталады. Бұл дүниеде жеке-дара ештеңе жоқ, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Жоғары жалақылы тұрақты жұмысың болмаса зейнетақың да мардымсыз болады. Ал жоғары жалақылы жұмыс табу өте қиын. Жай ғана тұрақты жұмыстың өзі таптыра бермейді.
Қазақстанда қанша жұмыссыздар бар екенін дөп басып айту мүмкін емес. Ресми деректер бойынша 2020 жылғы III тоқсанда жұмыссыздар саны (Халықаралық еңбек ұйымының әдіснамасы бойынша), 454,8 мың адам деп көрсетілген. Ал, шын мәнінде одан бірнеше есе көп екені белгілі. Жұмыссыздар саны екі миллионға жеткенін тәуелсіз сарапшылар айтқан болатын. Оның үстіне Қазақстанның еңбек нарығына COVID-19 пандемиясы да қатты әсер етті.
Еңбек заңы бойынша жалақының ең төмен мөлшері бекітіледі. Мемлекеттік немесе жеке кәсіпорында айлық жалақының төмен мөлшері күн көріс азығынан төмен болмауы тиіс және оған үстеме төлем, қосымша ақы және әлеуметтік төлемдер, сыйақылар мен басқа да ынталандырушы төлемдер кірмейді, атқарылған уақытқа пропорциалы түрде төленеді. Кепілдендірілген ең төменгі 42 500 теңгелік жалақыға қымбатшылық жайлаған біздің елде өмір сүруге бола ма? Әрине жоқ. Азық-түліктің бағасы аспандап тұр. Айына 60 мың алсаң да киім-кешек түгіл, тамағыңа жетпейді. Әлсін-әлсін қымбаттайтын коммуналдық төлемдерді айтпаған күннің өзінде. Осыны жоспарлайтын біздегі экономистер үшке үшті қоса алмайтын «екілік» бағадан көз ашпайтын оқушыдан да сауатсыз ба деп қаласыз. Заң жобасын ұсынатын, бюджет қаржысын жоспарлайтын біздің үкімет құрамындағы салалық министрліктердегі отырған есі дұрыс маман болса алдымен төмен түсіп, нарық пен халықтың жағдайын зерттеп саралайтын еді. Сосын барып елді күлдірмейтін, дәлірек айтсақ халықты қорламайтын шешімге келер еді. Өкінішке орай, біздің үкіметтегілерді өз халқының қалай өмір сүріп жатқаны мүлдем қызықтырмайды. Өйткені, өздерінің жағдайлары жақсы, жалақылары жоғары, өзге де көптеген жеңілдіктерді жасап алған. Тереңірек бойламай-ақ біз мысалға келтірген хабардағы вице-министрдің айлығының 20 пайызы 170 мың екен. Оны беске көбейтіңіз, 850 мың теңге болады. (Мұндай айлықты бастарын қатерге тігіп жер астында жұмыс істейтін кеншілер де алмайды). Бұл қосымша сыйақыларды есепке алмағанда. Бұдан басқа біздің лауазымдылардың туысқандары мен таныстарының атына жазылған, өздері үстінен қадағалап, қолдап, қорғап отыратын бизнестері бар. Тендер атаулының майлы жілігі солардың компанияларының үлесіне кетіп жатады. Сөйте тұра «Мемлекеттік қызметкерлердің шетелге жасырған ақшасы неге көп?» деп таңғалатынымыз бар. Реті келгенде айта кетейік, «Ақ жол» партиясы депутаттары біздің байлар мен лауазымдылардың оффшордағы ақшаларын елге қайтару керектігін айтқалы бірнеше жыл болды. Нәтиже жоқ. Енді ғана, бірнеше жыл өткенде мемлекеттік қызметкерлерге шетелдік банктерге ақша салуға болмайды деген заңды қинала-қинала әзер қабылдадық. Былайша айтқанда, оларға сол ақшалардың ізін жасыруға мүмкіндік бердік. Ал, шындап келгенде сол ақшалардың қайдан пайда болғанын шұғыл түрде қатаң тексеріп, ұрланған болса мемлекетке қайтаруға болатын еді. Өкінішке орай, ондай ниет біздің үкіметте атымен жоқ. Қатардағы қарапайым халық түгіл, депутаттардың сауалына салғырт қарап, дер кезінде назар аудармады. Осыдан кейін біздің елді жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлап алмаған деп көріңіз.
Біз бір ғана Сыртқы істер министрлігін айтып отырған жоқпыз. Өзге де салалық министрліктердегі жалақы да осы деңгейлес, кейбірінде одан да жоғары. Сонда жаңағы министрлер мен орынбасарлары осыншалық жалақы алатындай дүниені төңкеріп тастап па? Министрлеріміз мықты болса елдің экономикасы баяғыда дамып кетер еді ғой. Оған біздің елдің қазба және өзге де табиғи байлықтары жетерлік. Тек қана жолын тауып үйлестіре білу керек. Соған да олардың біліктілігі мен шамасы жетпей жатыр. Дәлірек айтсақ оған деген таза ниеті мен ынтасы жоқ.
Мүмкіндік дегеннен шығады, жері тар, суы аз, табиғи байлықтары шамалы елдердің де айлық табыстары біздерден жоғары. Соған орай халықтың тұрмысы да жақсы. Неге? Өйткені олар мемлекет қаржысын ұрламайды, экономиканы әртараптандырып, халықтың жемісті еңбек етуіне мол мүмкіндіктер жасаған. Мысалы,жоғары жалақыларын айтпаған күннің өзінде Австралияда айына берілетін зейнетақы – 1000, Испанияда – 1099, Италияда – 1320, тіпті кеше ғана кеңестік мемлекетте өмір сүрген Литвада – 408, Эстонияда – 656 АҚШ доллары деңгейінде. Бұл ресми деректе Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері – 212 АҚШ долларына тең деп айтылған. Осы көрсеткіштің қаншалықты шындыққа сай келетінін айта алмаймыз. Егер министрлер мен депутаттардың және де түрлі деңгейдегі әкімдердің зейнетақыларын есептегенде бәлкім дұрыс та шығар. Біздің ел мемлекеттік қызметкерлер мен лауазымдылар саны жағынан әлемде алдыңғы қатарда тұрғаны белгілі. Ал қарапайым адамдардың алатын зейнетақысы бұл көрсеткіштің маңына да жолай алмайтыны айтпаса да түсінікті.
Экономиканы дамыту үшін өндірісті өркендету керектігін аз да болса сауаты бар адамның бәрі біледі. Біздегі өндіріс өлімші жағдайда. Оны әртараптандыру мен кәсіпорындар арасында әділ бәсеке де жоқ. Өйткені елдегі бар өндіріс атаулы монополистердің қолында. Олар өздері жеке-дара басқарады бәрін. Бағаны да қалауынша қояды.Сондықтан бізде барлық тауарлар бағасы тым қымбат. Өнімнің өзіндік құны болатынын ешкім назарына алмайды. Өзіндік құн өнімге жұмсалған материал, уақыт пен күштен тұрады. Содан кейін ғана белгілі бір мөлшерде қосымша құн қосылуы керек. Бізде сол мөлшер атымен жоқ, қалағандарынша қосады. Оларға көбірек ақша табу керек. Осы тойымсыздық халықтың тұрмысына кері әсерін тигізуде. Оны бақылауға тиісті билікке оның қажеті жоқ. Айталық мұнай бағасы қанша рет құлдырады, ал жанармайдың арзандағанын көрдіңіздер ме? Сол сияқты электр қуаты да үнемі көтеріліп келеді. Көмірдің мол қоры бар елде электр қуаты өте арзан болуға тиісті. Бізде бәрі керісінше.
Алдында бұл өмірде бәрі бір-бірімен байланысты деп айтқандай, қай саланы, қандай мәселені алып қарасақ та ақырында осы бір тойымсыздық пен жемқорлық дегенге тіреледі. Соны жоймай, табиғи байлығымыз асып-тасып жатса да біз ешқашан дамыған ел бола алмаймыз. Ал ол үшін басшылар тарапынан халқына, ұлтына жаны ашитын шынайы ниет керек. Бізге жетіспей жатқаны дәп осы...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz