Нұр-Сұлтанда екпеден соң бір қыз қайтыс болды
2021 ж. 13 қаңтар
1638
0
Нұр-Сұлтанда Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтындағы науқастың өліміне қатысты іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Артриттен жоспар бойынша емдеу үшін Петропавл қаласының тұрғыны Нұр-Сұлтандағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына ат арылтып келеді. Оған екпе жасалған, содан кейін қыз анафилактикалық шокқа ұшырады. Раушан Сауытова комаға түсіп, сол күйі есін жимастан қайтыс болды. Марқұмның туыстары дәрігерлер қателесіп оған басқа дәрі салып, өлтіріп алғанына сенімді. Марқұм Раушанның анасы медицина саласында 43 жыл жұмыс істеген білікті адам, ол бұл арада медициналық қателік кеткеніне сенімді. Қызды аллергияға тексерген жоқ немесе шатастырып, мүлде басқа дәрі салған деп ойлайды қыз анасы.
Не медбике бірнәрсені шатастырды немесе дәрігер балама мүлде басқа дәрі жазып берді. Ай аман, күн тынышта сап-сау, ақылды баламнан осылай айырылып, аңырап отырған жайым бар. Бұл қаншалықты қиын жағдай екенін Денсаулық сақтау министрлігінен түсінуін сұраймын. Мен қызым үшін қатты қайғырып, әділдіктің орнағанын қалаймын, - дейді Көгершін Сауытова, марқұмның анасы.
Сауытовтар отбасы Раушанды құтқаруға болатынына сенімді. Оның әпкесі Әлияның өзі Петропавл қаласының ауруханасында, тіпті осындай жағдайға тап болған, яғни анафилактикалық шокқа ұшыраған науқастарды аман алып қалғанын айтады.
- Олар қандай да бір теріс реакция туралы айтады. Онысы өтірік. Егер бұл дәрі теріс әсер етіп, анафилактикалық шок болса да ондай адамды аман алып қалуға болады. Үйде немесе көшеде бірдеңе болып қалса жақсы, үлгермеді дейтін, бірақ бұл аурухана қабырғасында болып тұр ғой. Оны құтқаруға әбден болатын еді, - дейді Әлия Сауытова, марқұм қыздың жеңгесі.
Екпеден қайтыс болған қыздың туыстары полицияға арыз жазды, қылмыстық іс қозғалды.
Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабы (Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамауы) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр, - деді Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленова.
Егер дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, олар үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қызметтік тергеу мүдделері үшін және "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 273 бабы - "Медицина қызметкерінің құпиясы" бойынша, науқастың ауру тарихы, диагнозы және басқа да жеке ақпарат жария етуге жатпайды, - дейді Дана Уанбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының баспасөз хатшысы.