Абайдың шөпшегі Айдар Ақылбаев дүниеден өтті
2021 ж. 08 қаңтар
996
0
Жылдың соңғы күндерінде суық хабар келді. Абайдың тікелей ұрпағы, шөпшегі - Айдар Бағфұрұлы Ақылбаев дүниеден өтті. Соңғы сапарға шығарып салуға Абайдың, Құнанбайдың ұрпақтары жиналды, - деп хабарлайды abai.kz.
Жаназасына мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, Диар Қонаев қатысты. Ақынның тұяғымен қоштасу үшін Абай елінен Абай аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Елдар Оразалин келді. Ол марқұмның туыстарына Шығыс Қазақстан облысының әкімінің, Абай ауданының әкімінің атынан көңіл айтты.
Суық хабарды естіп, Семейден Алматыға Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Тұрдықұл Шаңбай келді.
Айдар Бағфұрұлы Ақылбаев Алматының Орталық зиратында шешесі Ғафура Раззаққызы, ағасы Бәукен Бағфұрұлының жанында жерленді.
Қазіргі таңда Абайдан тікелей еркек кіндікті екі-ақ ұрпақ қалды. Олар - Айдардың ұлы Данияр және Айдардың ағасы Эрнесттің ұлы - Айдос. Екеуі де - Абайдың Ділдәдан туған үлкен ұлы Ақылбайдың ұрпақтары.
Айдос Ақылбаев Украинада тұрады. Данияр Ақылбаев мұхиттанушы, жасы елудің шамасында, үш қыздың әкесі.
Айдар Ақылбаев 1949 жылы Алматыда туған. Бағфұр Әлімқұлұлы мен Ғафура Раззаққызының үш ұлының кенжесі еді. Ағалары - Эрнест, Бәукен.
Әкесі Бағфұр кезінде байлардың ұрпағы, Абайдың ұрпағы ретінде қудалауға ұшырылды. Анасы Ғафура - Раззақ Омарханұлы Әуезовтің қызы. Раззақ - Мұхтар Әуезовтің туған ағасы еді. Демек, Айдар Ақылбаев һәм Абайдың ұрпағы, һәм Әуезов әулетінің жиені еді. Бағфұр мен үлкен ұлы Эрнест Ұзынағаштың маңайында орналасқан Мыңбаев ауылының зиратында жерленген.
Айдар Ақылбаев политехникалық институтын бітіріп, көп жыл Маңғыстау мұңай өндеу саласында жұмыс істеген. Бертінгі кезде Алматыға көшіп келген.
Жерлеу рәсімінен кейін, Айдар Ақылбаевқа Құран бағышталған. Карантин шараларының себебінен, асына көп адамды жинауға мүмкіндік болмады. Ең жақын туыстары - Абайдың тікелей ұрпақтары, бірге оқыған достары, елден келген Тұрдықұл Шаңбай, Елдар Оразалин жиналды, марқұмды еске алды.