АДАЛ САЙЛАУ – ӘДІЛ БАЙЛАУ БОЛСЫН!

Қазақ тілінің қабланы һәм қарындастың қорғаны

«Науқаншылдыққа» әрбір тінім тітіркеніп, тікен кіргендей қабылдаймын...

«Қырық жыл қырғын болса да...» деп, осынау отарсыздықтың отыз жылында бір сайлауды адал пейілмен, әділ әрекетпен өткізуге дәмелі едік... – мыналар тағы науқаншылдық ұрандары мен жауаларын жалбыратып шыға келді...

Сол баяғы: нән сахна, «ұлы» режиссер, қуыршақ әртістер...

Басқаның көзі мен өзінде шаруам жоқ, ал, менің көзім бір ғана әртіс емес, әрекетшіл адамды көріп тұр, ол: Қазыбек ИСА.

Өзі ақын, өзі жорналшы, әрі саясаткер, һәм күрескер!

Маған ұнайтын ең мықты қасиеті: ұлтшыл! Нағыз ұлтшыл. Ұлықшыл да, шұлықшыл да ((Мұхтар Шахановтың «ТЖ»-сы мағынасында (туфли жалағыштары)) емес.

Патшасы пайымсыз, советі дайынсыз озбыр орыстың зорлықшыл биліктері «Ұлтшыл» сөзін теріс аударып, ұлтшылды – «бүлікшіл» деп бүркемеледі. Шын мәнісінде, ұлтшыл дегеніміз – ұлтын сүйетін адам.

Қазыбек ИСА – ұлтын сүйетін ұлшыл адам.​

Адамзат тарихында, жердің бетінде ешбір билік, ешқандай өкімет бір де бір адамға – ешкім, ешқашан туған ұлтын сүюге тыйым сала алмайды!

Сол себепті, шынайы ұлтын сүйетін ұлтшыл – әрдайым ұлтының мұрат-мүддесін қорғап, шабуылдаған жаудың жағасына жармасып, ділмәрсіген дұшпанның кеңірдегін қысып, «қан-қасапқа» тайсалмай кіріп, кескілескен күрес пен мылжаласқан майданның ортасында жүреді.

Қазыбек ИСА – қылышын қынабынан суырып, анасының асыл тілі үшін жауға қарсы шапқан қаһарман. Бұл теңеуді – аядай асханалаларында туған тілі туралы шудалы шумақ терген рухсыз өлеңшілер мен жігері жасық жазармандарға үлгі үшін әдейі айтып отырмын...

Ақиқатында, АНА тілімізді қорғаштаған қаламгерлер саусақпен санарлық қана шоғырда қалып келеді. Ер мінезді екеу: айбынды ақын, адуынды азамат Мұхтар аға ШАХАНОВ пен айтулы ақын, сергек саясаткер Қазыбек ИСА!

Еліміздегі екінші еңселі партия «Ақ жол» төрағасының орынбасары лауазымындағы Қазекеңнің жауапкершілік жүгі – жайдақ жырауларға қарағанда, бес батпан ауыр: түзу сөз, ордалы ой, ортақ шешім, қалыпты тәртіпке көндігу керек. Бірақ, сырты – шафран, іші – запыран күйінде, бәрібір, қазақ мүддесі үшін күрестің алдыңғы сапында тыным таппай, шалт қимылдап, сергек әрекет етуге тиіс. Соғыс қимылдарының заңдылығы бойынша, алдымен, алдыңғы саптағылар нөсерлеген оққа ілініп, баудай түседі...

Қазекең де жаралы... Кім, не демеді?...

Тіпті, бір кезде латын әліпбиіне қарсы шыққан мүйізі қарағайдай қазақ руханиятының серкелері бастаған 66 қаламгер-қайраткерлерге жүрегі дауалап қарсы уәж айтып, латын әліпбиіне өтуді қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап қорғады: «Өздеріңіз күресіп келе жатқан рухани тәуелсіздік, орыс отаршылдығынан құтылу үшін латын әліпбиіне өту керек! Мысалы, мен тоқетерін айтқанда, орыс кириллицасы қорасынан, отарлықтан шығу үшін – кез-келген алфавитке өтуді қолдар ем. Ал, латын алфавиті – кез-келген алфавит емес, маңдайалды, осы заманның, интернет дәуірінің прогрессивті алфавиті. Интернетті қарап отырсаңыз, сауалнамалар мен пікірлердің 80 пайызы латынды қолдайды...

...Елді екіге бөліп келген – кириллица, Мұқаң айтқандай, латын емес. Өйткені, кириллицаны орыс пен қазақ екі түрлі пайдаланады, әрқайсысы – өз әріптерімен. Мысалы, ү,ұ, і,ә,қ, ғ,ң, т.б. қазақы әріптерді қазақтан басқа орыстілділеріңнің ұрып қойғаны бар ма? Ал, біз байғұс орыстың ц,щ,ь,ъ,ф,э,ч, т.б. әріптерін мұртын бұзбай қабылдауға құлдықпыз. Латын тек қазаққа ғана емес, бүкіл әлемде бір-ақ әріптермен қолданылады.

Орыс кириллицасының отарынан шығуға қорқатындар – қазақтарды қорасынан шығарғысы келмей, латынға қарсы болып отырған Ресейді қолдай ма?.. «Латын – елді екіге бөледі» дейді… Осындай ой қайдан шыққан өзі? Дәлел қайда? «100 пайыз қазақша сөйлегенше латыншаға өтпеймін десең», өмір бойы өтпейсің. Орыс кириллицасының отарында жайылып жүре бересің. Қазақша үйренуге кириллицаның пайдасы тиді ме? Жоқ! Ендеше, болашақ – латында. Технология – латын алфавитінде. Яғни, заманның талабы. Ал, бұған дейінгі шығармаларды латын алфавитіне аудару (Мұқаңның басты қаупі) қазіргі интернетті технология дәуірінде қиын емес. Оның ішінде, аударуға жататын дарынды шығармалардың алдыңғы қатарында М.Шахановтың кітаптары тұратыны анық.

Мұқаңның өзі айтып жүргендей, «ТЖ» деп, орыстың кириллицасынын корасынан шығудан қорқатындарды айтады. Ресейдің анау-мынау бұлталақтап, былқылдағандарды езіп-жаншып кететін империалық керзі етігін жалау болып шығады, бұл...

Ресейге жаман болған нәрсе – Қазаққа жақсы болатынына кез-келген сауатты адамның миы жетпей ме?..

Ресей біздің латынға өтуімізге, яғни, «қораларынан шығамыз» дегенге жанталаса қарсыласуда. Ендеше, сен де Ресейге қарсы шық! Латынға өтуді қолда. Орыстың рухани отаршылдығынан құтылудың, рухани тәуелсіздіктің басты жолдарының бірі – әліппе ауыстыру. Латынға өту – тәуелсіздікті ойлайтындар үшін баламасыз байлам болу керек. Алға қарау керек.»

БІР НӘРСЕНІ АНЫҚ ТҮСІНУ КЕРЕК: кириллицаның күні жүріп, үстемдік етіп тұрғанда, ҚАЗАҚ ТІЛІ БОДАНДЫҚ ҚҰРСАУЫНАН БОСАЙ АЛМАЙДЫ! Сондықтан, мен мың бірінші мәрте қайталап айтамын: латын әліпбиіне көшу туралы саяси шешім – Елбасының отыз жыл елдің еркіндігінде қабылдаған ЕҢ КӨРЕГЕН ШЕШІМІ болып тарихта қалатын болады!

Ал, латын әліпбиін алғашқылардың бірегейі болып қос қолдап қуаттауы – Қазыбек ИСАның арқалы ақын ғана емес, сұңғыла саясаткер екендігін дәйектеген нақты дәлел болды. Ақиқатты танып, шындықты болжай білу – ақындықтың ғана емес, ақылдылықтың көрінісі.

Елбасының еселі ерік-жігерінің арқасында қабылданған жарлық шыққанда жас балаша қуанған Қазекең індетпен алысып еңсесі түсіп жатқан еліміздің ресми тілі – қазақ тіліне қарсы шығып, Тасыбеков деген біреу тағы тасадан тас атқанда, қабыланша қарғыды. Жүздеген-мыңдаған тастілек, жаутілді тасыбековтердің аяқтан шалып, балаққа жабысып, тізеден тебулеріне қарамай, қазақтың жаңа әліпбиін түзеп-толықтыру мен пайымдап-пысықтау жөніндегі тым шабан, өте баяу жүріп жатқан аса маңызды жұмыстарды жылдамдатпаса, «іштен шыққан – жау жаман», кертартпа-кесірлердің таусылмайтындығын, тежеу мен тегеурін қажет болатындығын ашық айтып, қазіргі Президенттің алдына мәселе етіп, күн тәртібіне қойды.

Қазақтың марқасқа перзенті Қазыбек ИСАны тапыраң тасыбековтердің сатқын болмыс, тексіз тіл, қандек-таласынан ел болып, ұлт ұйысып, кескілесе қорғап қалуымыз – елдіктің белгісі.

Шынына келсек, өкінішке қарай, әсіресе, қаладағы қазақ жастары арасында жат елдің тілінде (орыс тілі) сөйлеу – күш алып, басымдылық сипатқа иек артуда. Бұл – тәрбиелік, ағартушылық, идеологиялық жұмыстардың тасада қалып қойғандығының кесірінен – елшілдік, ұлтшылдық, белсенділік, жауапкершілік ұстанымдарының әбден әлсіреп, ана тіліне деген сенімсіздік пен ымырасыздықтың һәм саяси және хұқықтық сауатсыздықтың белең алуының айқын көрінісі.

Өз басым, қазақ тілінің нақты да өміршең үстемдігіне жетудің екі жолын тынымсыз қайталап келемін:

1. Қазақ Елінің әрбір шаңырағындағы телеарналар Қырғызстан, Өзбекстан, Гүржістан, Украина, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Шынжандағы Қазақ телеарналарын еркін көріп, қазақ баспасөзінің бәсекелестік қабілетін күшейтуі керек.

2. Еліміздің солтүстік, шығыс, орталық, батыс (БҚО) аймақтарына оңтүстік пен қиыр батыс өңірлердің тазақанды қазақтары мен шетелден атажұртына оралған қандастарымызды жылдам әрі жүйелі түрде орналастырып, дереу мемлекеттің әлеуметтік әлеуетті жәрдемін жасауға тиіспіз.

Аталған ұлы мақсатқа Қазыбек ИСАның: «Отарсызданудың ең басты ісі – Мемлекеттік тілді қорғау. Тілді қорғау – Елді қорғау. Төртеу түгел болса ғана, түбегейлі өзгеріс болады! Ұлттық мүддені қорғауда біріге алмасақ, ұлт болуымыз қиын! Дәл қазір шешуші кезеңге келе жатырмыз» деген ұлықты ұстанымы жүз пайыз қалтықсыз қызмет ететін болады. Қазақ тіліне шын жанашыр қауым қопарыла көтеріліп, Анамыздың асыл тілін қорғап қана қоймай, жалғыз отаны – Қазақ Елінде үстемдік етуіне аяусыз күресуге тиіспіз!

Кешегі арыс арыстандарының асыл арманын жалғаған «Ақ жол» саяси партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаттығына кандидат Қазыбек ИСА – қашанда қазақ тілінің қайсар қабланы болумен қатар, қандас қарындастың қорғаны да бола білді.

Ана тіліміздің абыройын қорғап, беделін биіктетіп жүрген ержүрек қазақ қыздары Руза мен Жұлдызайға Қазекең араша түсіп, арамыздағы құлтүйсікті сырқат қандасымыздың ту сыртымыздан қанжар салғандығын аяусыз сынап, терісін тірідей сыпырды: «...Алаштың аттанына бір ғасырдан асса да, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да, ішіміздегі шұбар жыландар жойылар емес. Мемлекеттік тілді білмей-ақ, мемлекеттік қызметте отырғандар, құлсаналылар қуана қолдауда! Өзі өмір бойы тұрып, ауасын жұтып, суын ішіп, нанын жеп келе жатса да, мемлекеттік тілді үйренгісі келмейтін өзге ұлт өкілдері қуануда...

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету-білімнен емес, мінезден» деген, Ұлт мүддесі жолындағы тізе қосқан күшті күресті – сыры кеткен сыпайылықпен, мәнжубас «мәдениеттілікпен» жүргізе алмайсың...

Руза мен Жұлдызай – екі суық қаланы жалынды істерімен жылытып жүрген қазақтың қайсар қыздары! Әр қалада Рузалар болса, тіліміздің рухы оянып; әр қалада Жұлдызайлар болса, тіліміздің жұлдызы жанады!»

Тәуелсіздік жылдарында біздің елімізде қабылданған заңдардың қаншасы орындалып, қаншамасы «қараң қалып» жатқандығын білмеймін, бірақ, Ата Заңымыздағы «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген бап – өлі күйінде әлі тапжылмай жатыр. Әрине, әлдебір жалтақбайлар «бұрынғыға қарағанда қазақ тілінің пайдалану аясының жақсарғанына шүкіршілік айтайық» деп, көлгірсуі мүмкін.

Қандай бұрынғыға қарағанда?

Орыстың қатын патшасы қазақтың кәусар жеріне зимияндықпен зорлықшыларын шаптырып, зобалаң бастаған бұрынғы ма?

Әлде, озбыр орыстың қазақ жерлерін жаппай басып алған ақтабан бұрынғысы ма?

Мүмкін, тақырбас кекеш көсемсымақ Лениннің өтірікті мыжғылап, қазақтың туған топырағы мен текті тілін тілгілеуді жалғастырған бұрынғысы болар?

Маған ешқандай бұрынғымен салыстырудың қажеті жоқ! «Бұрынғы»-ға оралсақ, онда Тоқтамыс бабамның Мәскеуді өртеген бұрынғысынан бастайық!

Бұрынғының бәрінде де, бірінде де – қазақтың именетін жері жоқ, бірақ, бізге керегі – БҮГІНГІ! Қазақ тілінің бүгінгі ахуалы мен күш-қуаты.

Қазақ Елінің Мәжілісіне Қазыбек ИСА депутат болғанда ғана – қазақша сөйлеп, қазақша ойлап, қазақша заң шығаратын боламыз! Заңдардың түпнұсқасы бүгінгідей, алдымен жат елдің тілінде емес, туған мемлекетіміздің мемлекеттік тілі – Қазақ тілінде әзірленетін болады.

Егер елімізде оң өзгерістер болғанын шын қаласаңыз – Мәжіліс депутаттығына кандидат Қазыбек ИСАның «Ақ жол» партиясына қолдау жасаңыз! Неге десеңіз, Мәжіліс депутаттығына кандидат Қазыбек ИСАның жолы – ақиқатты айқайлап, шындықты тіліп айтып, Мемлекеттік тілді міндеттеуге жетудің тура жолы!

Шындықтың жолы – қашанда ақ жол!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

«Қазақ Елі» Халықтық қозғалысының төрағасы

"Ақ жол" партиясының сайлау қоры қаражатынан төленді