Алексей Цой: Ел бойынша 10 млн адамға вакцина егеміз

Қазақстан «жасыл» аймақта тұр. Дегенмен арқаны кеңге салуға келмейді. Өйткені әлемде коронавирус бойынша жағдай әлі де күрделі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы коронавирусқа қатысты брифинг өткізіп, журналистердің елдегі ахуалға байланысты сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды 24.kz. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, елде 156 943 науқас вирус жұқтырған және 45 946 адамға нақты диагноз қойылған. Бүгінде пациенттердің 87% жазылып шықты. Ал маусым-шілде айында айыққандар қатары 60% аспайтын. Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі: – Республика қауіпі төмен – «жасыл» аймақта тұр. Тәуекелі жоғары немесе «қызыл» аймақта Атырау облысы қалды, тәуекелі орташа немесе «сары» аумақта 6 өңір: СҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары қалды. Алда сайлау жақындап келеді. Осыған орай сайлау кезінде қауіптілігі «қызыл» және «сары» аймақтардағы сайлау бөлімшесінде қызмет атқарушылар 5-9 қаңтар аралығында коронавирусқа қарсы тесттен өтуге тиіс. Яғни сайлау комиссиясының мүшелері, байқаушылар және депутаттыққа үміткерлердің сенімді өкілдерін тексеру тегін жүргізіледі. Оған қажетті қаржы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебінен алынады. Әзірге сомасы белгісіз. Өйткені байқаушылар тізімі әлі де нақтыланып жатыр. Сондай-ақ сайлау бөлімшесінде дауыс берушілердің температурасы өлшеніп, арақашықтық сақталуы қажет. Ал егер сайлаушының дене қызуы 37 градустан жоғары болса, таңдауын арнайы оқшауланған бөлмеде жасайды. Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі: – Сайлау онлайн өтпейді. Еліміздің Конституциялық заңына сәйкес, әр азамат өзінің сайлау учаскесіне барып, өзінің жеке куәлігін көрсетіп, дауыс беруі керек. Министрлік пен медициналық қызметкерлер барлық қауіпсіздік жағын қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан сайлау учаскелерінің кіре берісінде байланыссыз термометрия және сайлаушылар үшін қозғалыс бағыты бойынша қашықтық белгілерінің көрсеткіші болуы керек. Алексей Цойдың айтуынша, министрлік қызметкерлері америкалық компания өкілдерімен келіссөздерді бастаған. Әзірге вакцинаның бағасы мен көлемі құпия сақталады. Тек жеткізу жолдары мен мерзімі алдын ала талқыланған. Министрлік өз тарапынан аталған вакцинаны елге жеткізу ісін жеделдетуге өтініш білдірген. Айта кетейік, отандық ғалымдар жасаған вакцина қазір клиникалық зерттеудің үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оған ерікті түрде мың адам қатысқан. Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі: – Қазір біз Ресейде шығарылған «Спутник Ви» вакцинасының 2 миллион дозасын алуға келісім жасадық. Бұл бізге субстанция түрінде келеді. Одан әрі Қарағандыдағы фармацевтикалық компанияның базасында жасалады. Жалпы ел бойынша 10 миллион адам, яғни халықтың 55 процентіне вакцина егеміз. Қалған дозалар бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. Алексей Цой шектеу шарасына немқұрайлы қарайтындар көп екенін айтты. 31 желтоқсаннан бері 71 нысан карантин талаптарын бұзған. Бірнешеуіне айыппұл салынды. Өңірлерде карантиндік шаралардың сақталуы тұрақты бақылауда. Мерекелік күндерде 804 рейд жүргізілген.