2021 жылы педагогтердің жалақысы тағы 25% өседі
2020 ж. 25 желтоқсан
1083
0
Президент тапсырмасы шеңберінде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы тағы 25% өседі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл Президент тапсырмасымен педагогтердің жалақысы 25 пайызға ұлғайтылды. Сонымен бірге 2021 жылы да 1 қаңтардан бастап, педагогтер айлығы тағы 25 пайызға көбейеді. Біз мұнда тек қана мектеп мұғалімдерін айтып отырған жоқпыз, балабақша педагогтері, қосымша білім беру, колледждер мен жоғары оқу орындарының мамандары да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып, еңбекақылары көбейіп жатыр», - деді А. Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Өз сөзінде министр педагогтерге берілетін түрлі қосымша төлемдер бар екенін еске салды.
«Біліктілік санатына қарай еңбекақының 30-дан 50 пайызға дейінгі көлемін қосымша алуға болады. Өз ісінің шебері болса, ай сайын еңбекақыға қосымша 50 пайыз төлем алып отыруға болады. Пәнді ағылшын тілінде жүргізгені үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі үшін төленеді. Биыл алғаш рет әріптестеріміз магистрлік дәрежесі үшін 27 мың теңге көлемінде қосымша төлем ала бастады», - деп түсіндірді Білім министрі.
Сонымен бірге, 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы тағы 20%-ға, ұлттық ЖОО оқытушыларының жалақысы 28%-ға ұлғайған.