Қазыбек Иса: Әр қалада Руза мен Жұлдызайлар болса, тіліміздің жұлдызы жанады!

2
493

Арман айтқан жолмен жүрсек – Қазақ тілі арман болып қалады!

Рузаның рухты жолы – Мемлекеттік тілді міндеттеуге жету жолы!

Арман Қани аға, кеңес кезінде ұйым құрған ерлігіңізге Тәуелсіздіктегі мынау «тәуелді» тірлігіңіз, қазақ тілінің қайсар күрескері Руза апайға қарсы ісіңіз қара көлеңке түсіріп жіберетініне түйсігіңіз жетпеді ме?

Сіздің бұл Қазақ тілі күрескеріне жала жауып, жамандағаныңызға кім қуанды?- Қазақ тілінің жауларының көктен іздегені жерден табылып, қуануда!

Соларды қуандыру ма сіздің мақсатыңыз?!. Мемлекеттік тілді білмей-ақ, мемлекеттік қызметте отырғандар, құлсаналылар қуана қолдауда! Әкімдіктері мемлекеттік тілді білуді талап етпейтін мемлекеттік қызметке (тіпті қазақ тілін жетік білуі тиіс ішкі саясатқа да ?!!!) конкурстар жариялап отырған әкімдер қуануда! Өзі өмір бойы тұрып, ауасын жұтып, суын ішіп,нанын жеп келе жатса да, мемлекеттік тілді үйренгісі келмейтін өзге ұлт өкілдері қуануда.

Қазақ тілінің дамуына қарсыларды қуандыру ма, Арман аға арманыңыз?!.

Фейсбуктағы жазбаңызды қарадыңыз ба, тоқсан пайыздан астамы сіздің ісіңізді Қазақ тіліне қарсы сатқындық деп айыптап отыр! Өзіңізге тартып, Рузаға қарсы салыстырып мақтап жазғаныңызбен, өскемендік Жұлдызай қарындасымыз өзі Руза апайына ренжіп жүрсе де, сіздің ыңғайға жығылмай, шындықты тіліп тұрып айтып салып, кейбір қолдаушыларыңызбен қоса теріңізді тірідей сыпырыпты! Міне, өкпе-ренішті жиып қойып, Ұлт мүддесі жолындағы тізе қосқан күшті күрес деген осы!

Павлодар мен Өскеменде тб суық өңірлерде билік бастарында Тәуелсіздік алғанымызды әлі білмейтін, Атасының атын Анасының тілінде жаза алмайтын Қазақ тіліне қарсы казахтар отырғанда, Руза мен Жұлдызайдың осындай өткір мінездері болмаса, ұлтқа пайдасыз «сауаттылықпен», сыры кеткен сыпайылықпен, мәнжубас «мәдениеттілікпен» не істеуге болады?

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету-білімнен емес, мінезден» дегені осы емес пе Ареке? Сіздің Рузаны қолдау орнына тиісіп, «Орыс ұлтына қалай қазақша сөйлеуге болады» деп сынағаныңыз, мұндай құлдық пиғылдағы сөзді әкім айтса, бірсәрі, ақын айтты деген атыңызға сын емес пе?

Руза апайдың мінезіне, жиында отырсың ба, қиында отырсың ба, қарамай қоңыраулата беретініне, (қазір уатсап үйреніп жақсы болды), кейде біз де ренжіп қалатынымыз бар. Сондайда өзімен тікелей телефон арқылы сөйлескен соң, өкпеміз шәйі орамал кепкенше шайылып, шәй ішкендей жадырап қаламыз.

Арман айтқан жолмен жүрсек – Қазақ тілі арман болып қалады мәңгілік!

Рузаның рухты жолы – Мемлекеттік тілді міндеттейтін заңға жету жолы!

Әр қалада Рузалар болса, тіліміздің рухы оянып, әр қалада Жұлдызайлар болса, тіліміздің жұлдызы жанады!

Осы екі суық қаланы жалынды істерімен жылытып жүрген Қазақтың осы қайсар қыздары!

Алаштың аттанына бір ғасырдан асса да, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да, оянбаған қазақты оятып жүрген қаһарман қыздарымыз болмаса, қайтер едік, не болар еді деп қуанып жүр едік біз. Руза мен Жұлдызайдың, қазақ тілін аспанда да қорғаған Оғыз Доған бауырымыздың соттарына да араластық. Ұлт мүддесін қорғаушыларға талай шабуылдың болып жатқанын, бола да беретінін білеміз. Бірақ ол ту сыртымыздан соғылған қанжар өз арамыздан, іштен шығады деп, онда да кеңес кезінде ұлтшыл ұйым құрған сіздей ақыннан шығады деп үш ұйықтасақ та түсімізге кірген емес! Бұл бір емес, бұдан да бұрын екі рет БАҚ бетінде жөнсіз тиісіпсіз. Сіз де отарсыздануға қарсы көп іс жасап, ол мақалаларыңыз ең алдымен біздің «Қазақ үні» газетінде жарияланып жүрген еді ғой! Отарсызданудың ең басты ісі – Мемлекеттік тілді қорғау емес пе?

Өткенде Руза апайымыз Керекудегі тұңғыш мемлекеттік тілді қолдау митингісін өткізгенде қолдау білдіріп, фейсбук парақшамыз бен «Қазақ үні» сайтында елді шақырғанбыз. Сонда ең алдымен сізді іздеп сұрағанбыз. Сонда да митингіге қатыспаған сіз туралы артық әңгіме айтқан жоқ апайымыз…

Ал бір қалада тұратын өз қарындасыңыз Рузаны қолдаудың орнына, артық-кем мінездері мен сөздерін Қазақ тілінің мүддесі үшін ақындық биіктікке салып елемей қоюдың орнына өсек-аяң теріп, желіге салып, әр топқа жіберіп отырсыз. Көзіңіз қарайған ғой деймін, Ел мойындаған, Ерден артық Тіл күрескерін жамандап, Тіл туралы топтарға сала ма адам, ондағы сізге қардай бораған қарғыстар мен ауыр айыптаулардан мен ұялып, қиналып кеттім…

Өзім де сапарларда жүріп суықтап қалып едім, Ареке, сіздің мынау суық пиғылыңыз тіпті ауыртып тастады. Енді ғана өз қарсылығымды білдіруге қалам алып отырмын. Оның үстіне маған да жазбаңызды жеке жіберіпсіз, жауапсыз қалдырмайын дедім.

Тілімізді қорғауға келгенде тіземіз қосылмай, тізерлей берсек, тарысы бардың тауығы болып, әр қорадан жем іздеп жүрсек, не болғанымыз?!.

Сіз Бізге ақыл айтатын, ынтымаққа шақыратын жастасыз Ареке! «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген бабалар тағылымын естен шығармаңыз!

Ұлттық мүддені қорғауда біріге алмасақ, ұлт болуымыз қиын! Дәл қазір шешуші кезеңге келе жатырмыз.

Төртеу түгел болса ғана, түбегейлі өзгеріс болады!

Тілді қорғау – Елді қорғау екенін ұмытпайық, ағайындар!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні

2 ПІКІРЛЕР

  1. Алла тағала тілі, ділі үшін таласып күресіп жүрген қазақ қыздарына қуат берсін. Ұрпағының өз тілінде өз ділінде болғанын қалап ата бабасы найзаның ұшы білектің күшімен қалдырған жерінде мәңгілік ел құруды армандаған қыздарымыз тілегі орындалсын. Әрине осындай үлкен тірліктерде алдыңдаңы әртүрлі тежеуіштерді, бөгеттерді жою үшін жігер қажет. қолдаймыз. Әртүрлі жағдайлармен басқа елге, жерге баяғы үркіп, қаңғып кеткен адамдарды алып келіп орналастырып, жер-су атауларын қазақыландырып ұлтжанды ұрпақты тәрбиелей беруіне тілектеспіз

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз