Тауда қайтыс болған Байменовтің соңғы үрейлі хабарламасы жарияланды

Алматы тауларында жоғалып, қайтыс болған Ерман Байменовтің соңғы SMS-хабарламаларында не жазылғаны жарияланды, – деп жазады «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап Tengrinews.kz.

Ерман Байменов 12 желтоқсан күні таңғы уақытта Іле Алатауындағы Титов шыңына шығу  үшін жалғыз жолға шыққан. Кешке дейін төменге түсіп үлгермеген ол адасып қалған. Сүйіктісіне құтқару қызметіне хабарласуды сұраған.

«Ол маған былай деп хабарлама жазды: «112-ге хабарласшы, Мен Титов көлінің төмен жағындамын, шыршалар арасында». Кейін «Болды, келе жатыр» деді. Оны 23.30-да тапты, бірақ таудың басқа бетінен. Олар айқайлап, қашықтан сөйлескен. Бәрі бақылауда», – дейді сүйіктісі Анар Лебаева. Алайда таңғы төртте үрейлі аудиохабарлама жіберген. «Дәл жанымда тұр, маған қарай жақындағысы келмейді. Таудың басқа бетінде тұр. Жарық жағып тұр. Күн шыққанын күтіп тұр», – дейді хабарламада Ерман.

Құтқарушылар оны көрсе де, іздестіруді тоқтатқаны айтылады. Ол сүйіктісіне қайда тұрғанын айтып үлгерген, сосын телефоны өшіп қалған. Ал қалалық құтқару қызметіндегілер іздестіру жұмыстары тоқтатылды деген хабарды жоққа шығарды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де іздестіру жұмыстары түнде де, күндіз де үздіксіз жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Байменов өзі жіберген геолокациядан бір шақырым қашықта табылған. Тапқан сәтте жағдайы ауыр болған.

«Қандай да бір айғай, дыбыс шыққанын, оны біздің құтқарушылар естігені немесе оның естігені туралы бүгінде бізде растайтын ақпарат жоқ. Екі күн бойында іздестіру жұмысына тікұшақты жұмылдыруға тырыстық. Қазаэронавигация бөлімшеге ұшуға рұқсат бермеді. Алматыда бұл күні бұлт төмен болып, тұман түскен», – деп мәлімдеді Ильин.

Еске сала кетсек, 35 жастағы Ерман Байменовті құтқарушылар екі күн іздеп, Күмбелсу өзенінің маңында тапқан. Табылған кезде жағдайы ауыр болған, қол-аяғы үсіп қалған. Ол төменге түсіру кезінде қайтыс болды.