Невскийге ескерткіш орнату бойынша мемлекеттік комиссияға өтініш түспеді - министрлік
2020 ж. 16 желтоқсан
3812
1
Кеше ғана "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде Алматыда орыс кінәзі Невскийдің ескерткіші орнатылатыны туралы белгілі ақын, порталдың Бас редакторы Азамат Тасқараұлының "ҚАЗАҚТЫҢ МИНИСТРІ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСІН ОЙЛАУЫ КЕРЕК" атты мақаласы жарияланған болатын.
Онда Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мен Астана метрополиті арасындағы кездесуде Невскийдің 800 жылдығы аталып өтілетіндігі туралы талқыланғаны қатаң сынға алынған еді.
Бүгін Мәдениет министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев Бас редакторымызға өзі хабарласып, істің-мән жайын түсіндіріп, түсінбеушілік болғанын, БАҚ-та қате ақпарат тарап кеткенін айтты. Алайда, бұл ақпараттың қаптаған сайттардан бөлек, ең алдымен метрополиттің ресми сайтында жарияланғанын атап өту керек.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі еркін пікірталас алаңы ретінде қоғамдағы өзекті мәселеге дереу жауап беріп, әрекет еткен министрлікке алғыс білдіре отырып, министр кеңесшісінің ресми жауабын жариялауды жөн көрдік.
***Құрметті Азамат Тасқараұлы!
Сіздің әлеуметтік желідегі "ҚАЗАҚТЫҢ МИНИСТРІ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСІН ОЙЛАУЫ КЕРЕК!" деген жазбаңызға қатысты келесідей хабарлаймыз.
Сергей Леонидович Карамышев Ресми қабылдауды сұрап, Мәдениет және спорт министрлігіне келген болатын. Ресми кездесуде Сергей Леонидович Карамышев Ресей тарапынан шіркеу аумағына ескерткіш орнатуға ниет білдірді.
Бірақ Министр Ақтоты Рахметоллақызы ҚР Заң тәртібіне сүйене отырып, бұл мәселені министрлік шешпейтінін, тек жергілікті маслихат депутаттары арқылы әкімшілікте ғана қарастырылатынын түсіндірді. Министр қазақ мүддесіне қайшы әрекетке жол берердей еш келісім жасасқан жоқ.
Ал жергілікті әкімшіліктен де бұл мәселеге ешқандай хат келмегенін және мемлекеттік комиссияға да ескерткіш қою туралы өтініш туспегенін хабарлаймыз.
Бұл кездесудегі әңгіменің мазмұндық мәні жоқ болғандықтан министрліктің ресми сайтына еш ақпарат берілмеді.
Құрметті БАҚ қызметкерлері!
БАҚ беттеріндегі Астана метрополитімен кездесу барысында орыс кінәзіне Алматыда ескерткіш орнатылатыны туралы таралып жатқан мәліметтің жалған екенін хабарлап, тек ресми дерекке сүйенулеріңізді сұраймын.
Алтын Орданың 750 жылдығына келер болсақ, қазақ тарихы үшін айтулы оқиғаның мән-маңызы министрлік назарында. Тарихи датаға байланысты Жошы хан кесенесін тарихи-мәдени нысанға айналдыру жұмыстары министрліктің және ғылыми-әдістемелік реставрациялық КОМИССИЯНЫҢ қадағалауымен жүзеге асырылып жатқанын жеткіземіз.
Нақты деректерге байланысты Мәдениет және спорт министрлігі әркез жауап беруге дайын.
Құрметті Азамат Тасқараұлы! Қоғам тағдырына бей-жай қарамай жанашырлық танытқаныңызға алғыс айтамыз.