Тәуелсіздігімізді сақтауға баршамыз міндеттіміз

      Тәуелсіздік – кез келген адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі, өз алдына дербестігі. Еркіндік, тәуелсіздік ешкімге ешқашан оңайлықпен келген емес. Ұлт тарихына тереңірек үңілетін болсақ оған анық көз жеткіземіз. Сан ғасырлар куә болған ел мен жер үшін өткен шайқастар, өзен боп аққан адам қаны, есепсіз төгілген  көз жасына қарап, Тәуелсіздіктің қандай қасиетті де киелі ұғым екенін сезінесіз. Бүгінгі бейбіт өмірдің өздігінен келмегенін, ата-бабаларымыздың армандап, ұрпақтарына аманат етіп кеткенін аңғарасыз. Соны сезіну арқылы ғана біздің де мойынымызда Тәуелсіздік үшін үлкен жауапкершіліктің ауыр жүгі жатқанын байқаймыз... Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұлтқа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік арманының орындалуы, ең басты игілігіміз, баға жетпес  құндылығымыз. 16-желтоқсан – ұлтымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы 16-желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 29 жыл толып отыр. Бұл атаулы күн «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес егеменді еліміздің ең басты мерекесі ретінде  атап өтіледі. Біздің бүгінге дейінгі қол жеткізген барлық жетістіктеріміз сол тәуелсіздіктің арқасында. Жиырма тоғыз жыл уақыт ішінде елдің әл-ауқатын түзеп, экономикамыз бен төл мәдениетімізді жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт және басқа да салаларда ілгерілеу басталды. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір де дәл осы тәуелсіздіктен бастау алды. Тарих қойнауына бойламай-ақ, бертінгі 1986 жылы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы өткен Желтоқсан көтерілісі, бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Әскери күшпен аяусыз жаншылып, қаншама боздақтарымыздың өмірі қыршынынан қиылды. Олардың есімін ардақтап, рухына құрмет көрсету – бүгінгі және келер ұрпақтың мызғымас міндеті. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі  тарихи маңызы бар алып одақ көлеміндегі үлкен оқиға болды. Әлемдегі қуатты империялардың біріне айналған мемлекет шеңберінде дәп осындай көлемді көтеріліс болып көрмеген-ді. Бұл бүгінгі Тәуелсіздігіміздің алғашқы батыл қадамы еді. Көптеген ұлттарды көгендеп ұстаған сұрапыл саясат та өзінің тарихи шегіне жетіп, одақ ыдырады. Құрсауда болған он бес республика өз алдына дербестік алып, тәуелсіз мемлекет атанды. Солардың қатарындағы қазақ халқының егемендікке ұмтылған қадамы да жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі келді. 1991 жылдың 17-желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болып өткені әлі есімізде. Жиналған сан мыңдаған адам алғаш рет егменді ел болғанын, Қазақстан  өз әнұраны, елтаңбасы, көк байрағы мен ұстанымы бар зайырлы мемлекет атанғанын паш етті. Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.  Айта кетелік,  Иран – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті болды. Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.  Бүгінгі күні дүниежүзінің жүздеген елдерімен дипломатиялық байланыстар орнатылған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. 1992 жылы 2-наурызда Біріккен Ұлттар ұйымына ресми түрде мүше болып кірді. Сонымен қоса Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды. Қазақстанның мемлекетік тәуелсіздігі туралы заң қабылданғаннан кейін ғана халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті, елдің ішкі және сыртқы саясатын,  қоғам құру принциптері дербес айқындалды. Әрине, алғашқы жылдар бұрынғы кеңестік жүйенің құлауының зардаптарын, әлеуметтік-экономикалақ күйреу мен көптеген сала бойынша дағдарысты бастан өткеруге тура келді. Соған қарамастан Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, экономикамызды аяғынан тұрғызып, өркениетке өз үлесін қоса бастады.  Сөйтіп еліміз көп ғасырлық тарихымыздың қойнауында өткен заманның ешбір кезеңінде болмаған саяси, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық қайта құруда жаңа үрдіс, тың құбылыс жағдайында даму жолына түсті. Аяғынан енді ғана тұрған Қазақ мемлекеті үшін мүлдем жаңа ішкі саясат жүргізуі тиіс еді. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық қоғам құрудың тиімді жолын қалыптастыруға тиісті болды. Біздің Республика этносаралық жанжалдарды қазір де, болашақта да болдырмауға болатынын бүкіл әлемге сенімді түрде дәлелдеді. Ұлтаралық түсіністіктің қазақстандық моделі қалыптасып, нәтижелі жұмыс жасап келеді. Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. Бұл алдағы ондаған жылдарға арналған даму стратегиясындағы ұзақ мерзімді жеті басым бағыттың ішінде ұлттық қауіпсіздіктен кейінгі екінші орында көрсетілген. Барлық қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принцип пен ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды. Ол үшін Қазақстанда бірінші қазақ халқының түпкілікті ұлттық мүдделері дұрыс шешілгенде ғана өзге ұлттар мен этностық топтардың дамуына жол салынады. Әр бір азамат Қазақстан – менің Отаным, менің елім деген ұранның маңайына топтасуы керек. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап өз азаматтарының құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аударылып, осыған орай жаңа заңдар қабылданды. Қазақстан Конституциясында адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, діни көзқарасына байланысты ешқандай кемсітуге болмайтындағы анық айтылған. Елімізде сол кездегі саяси жағдайға байланысты Президент қызметі енгізілді.  Сонымен қатар қоғамдық-саяси өмірде терең саяси реформалар жүргізіліп,  Қазақстанда бір партиялық жүйенің орнына көппартиялық жүйе қалыптаса бастады.  1996 жылдың 30-қаңтарынан бастап, екі палаталы парламент жұмыс істеп келеді. Еліміздегі белсенді «Ақ жол» партиясының ұсынысымен «Парламенттегі оппозиция туралы» заң қабылданды. Бұл заң бойынша парламенттегі оппозициялық партия депутаттарының мүмкіндігі артып, кейбір комитеттерге басшылық жасап өз ұсыныстарын өткізуге бұрынғыға қарағанда көбірек жағдай жасалды. Дегенмен, Парламенттегі оппозициялық партиялардың депутаттар саны тым аз, бар жоғы он пайыздай ғана. Алда  келер жылдың басында, оныншы қаңтарда Парламенттегі төменгі палатаға кезекті сайлау өтпекші. Бұл жолғы сайлаудың бір ерекшелігі, депутаттардың құрамының отыз пайызы жастар мен әйелдерден тұруы міндеттеліп отыр. Бір партияның басшы органда болуы саяси дағдарысқа әкелетінін кеңестік кезеңде көрген болатынбыз. Алдағы сайлауда оппозициялық партиялардың өкілдері Парламенттен көбірек орын алады деп сенгіміз келеді. Ол үшін сайлау әділ және ашық өтуі керек. Оған қоса халықтың белсенділігі де аса қажет. Тәуелсіз Қазақстан Республикасында халықтың жаңа тиімді тұрмысын қалыптастыру жолындағы күрделі экономикалық реформаларды  жүзеге асыру басталды. Мұндай орасан зор өзгеріс көптеген қиындықтармен келді. Жетпіс жылдан астам қалыптасқан сананы, дүниетанымды өзгерту міндеті де оңайға соқпады. Меншікке қатысты көзқарастың өзгеруіне өмірдің өзі түрткі болғандықтан, жаппай жекешелендіру экономикалық қайта құру жолындағы алғашқы батыл қадам болды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі тауар тапшылығы жоғалып, өнім сапасы жақсарды. Еліміздің азаматтары экономикалық еркіндіктің арқасында, жаңа нарықтық қатынастарға қатысты меншік иелеріне айналды. Шетелдермен сыртқы сауданы дамытып, одан әрі ырықтандыруға және елді дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне енгізуге бағытталған сыртқы экономикалық қызмет реформасы да қатар жүргізіліп, жаңа байланыстар орнатылды. Банк жүйесі батыл түрде реформаланды, халықтың банкке деген сенімін арттыру мақсатында және жеке тұлғалардың банк жүйесіндегі салымдары тұрақты түрде өсіп дивидент алу мүмкіндігі пайда  болды. 1993 жылы 15-қарашада Ұлттық валюта – теңге айналымға шығуы елеулі оқиға еді. Төл теңгеміз мемлекеттік белгіміздің біріне айналды. Осы күнде теңгеміз тұрақты қаржы бірлігі болып отыр. Қандай ел болса да өзінің мемлекеттігін сақтау үшін қорғаныс саласын дамытуға міндетті.  Тәуелсіздіктің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің Қарулы Күштері  құрылды. БҰҰ-ның шешімімен тарихқа «Бейбітшілік миссиясы» ретінде енген, Семей ядролық полигонын жабу секілді ғаламдық маңызға ие шараларға қол жеткізді. Еліміздегі аса өзекті әрі кезек күттірмес басты мәселеміздің бір болып саналатын – тіл саясаты тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап халықтың басты назарында болып келеді. Ол түсінікті де, өйткені қазақ тілі осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, тіліміздің басқа Отаны жоқ. Сондықтан да көпшілік Конституциямыздағы 7-баптың екінші тармағын алып тастап, жаңа заң қабылдау керектігін талап етіп отыр. Мемлекеттік саясатта тілімізге алдағы уақытта  басымдылық беріледі деп үміттенеміз. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Тіпті, оны қазақстандық патриотизмнің бірінші белгісі десек те болады. Еркіндікке, тәуелсіздікке қол жеткізу ешкімге  ешқашан оңай болмайтынына тарих куә. Оның белгілеп қойған ержесі, өлшеніп қойған уақыты жоқ. Әр елдің тәуелсіздікке келер тарихи өз жолы болғаны белгілі.  Елдің еркіндігін аңсау бар,  түрлі кедергілерден өтіп оған жетумен бірге, егемендікке ие болып, тәуелсіздікті тұрақты ету деген де түсінік бар.  Осы бір шартты түрде алған үш кезеңнің бәрі де маңызды. Біз қазір осы кезеңнің үшінші сатысындамыз, ең жауапты кезеңіндеміз. Өйткені, қанмен, термен келген тәуелсіздіктен айырылып қалу қаупі қашан да сақталады. Сыртқы күштерді былай қойғанда өз ішіміздегі іріткі салатын теріс ағымдар да бар. Оған қоса тәуелсіздікті жеке өзіне  ғана берілгендей жоғары лауазымда отырғандардың жемқорлықпен айналысуы да өте қауіпті. «Іштен шыққан жау жаман» демекші,  халықтың қаржысын ұрлап, еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған осы бір індетпен күресті күшейткен жөн. Бұл тәуелсіздігімізе тікелей қауіп-қатер, еліне деген сатқындық болып есептеледі. Тәуелсіздігіміз тұрақты болуы үшін еліміздегі лауазымдылардан бастап қатардағы қарапайым әрбір азаматы аянбай адал еңбек етіп өз үлесін қосуы керек. Өйткені, ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз үшін баршамыз басымызбен жауаптымыз. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz