Рикардо Марини - Бозжыраның қазіргі жағдайы нашар менеджменттің көрінісі

Танымал итальяндық архитектура және урбанистика сарапшысы, Urban Living консалтингтік компаниясының өкілі Рикардо Марини Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына барып, аймақта экологиялық туризмді дамыту мүмкіндіктері туралы пікір білдірді. Қалалар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы нысандар бойынша жобаларды жүзеге асырып жүрген маманның сөзінше, дұрыс жолға қойылған менеджмент Бозжыраны бұзбай сақтап қалуға мүмкіндік береді. «Бұл өте ғажайып әрі нәзік жер. Тек жергілікті халық үшін емес, әлем туристері үшін жаңа дүние. Егер табиғаттың сұлулығы мен адамдардың оны көруге деген ұмтылысының арасында конфликт туғанда, табиғи мекенге қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан бұл бағалы құндылықты сақтап, қорғау маңызды. Мына жатқан тарам тарам жолдар менеджменттің дұрыс жолға қойылмағанының белгісі. Адамдар ойларына келген бағытпен қозғала береді. Бір айналып шығып, пластик бөтелкелер мен шыны құтылар шашылып жатқанын байқадым», - деп алған әсерін журналистермен бөлісті Р.Марини. Маман Бозжыра сияқты табиғат байлығын сақтап қалуда инфрақұрылым, коммуникация және ағарту жұмыстары бір бірінен ажырамас маңызды элементтер ретінде қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Аумақтан қашықтау жерге қонақ үй салу идеясы бойынша да ойын айтты. «Егер қонақ үйден түскен ресурстарды осы шатқалды қорғауға, ағарту, түсіндіру жұмысына жұмсаса, инвестиция салушылар жобаны қоршаған ортаға жанашырлықпен өте ұқыпты жүзеге асырса, барынша қалдықсыз механизм болса, онда өте құптарлық идея. Адамдар шатқалдың түбіне жаяу, атпен немесе электрлі көлікпен келгені дұрыс. Тіпті, жаяу жүрсе де таптап тастамауын қатаң бақылау қажет. Келген туристерге өзін табиғат аясында қалай ұстау қажеттігін, қоқысты жинап кетуі тиіс екенін түсіндіретін нұсқаулық болса, дұрыс басқарылса бүкіл әлемдегі табиғи ескерткіштер секілді Бозжыраны да орнықты дамытуға болады», - деді сарапшы. Ойластырылған менеджмент аумақты мекен ететін жануарлардың ауып кетпеуіне де септігін тигізе алатынын алға тартып отыр, ол. «Инфраструктура ұқыпты жолмен дамыса, жануарлар да басқа жаққа ауып кетпейді. Әлемде, Африкада, тіпті Еуропада өте сезімтал экожүйелерде адамдардың жүруіне рұқсат берген аумақтар көп. Тек келушілер жергілікті аң құсқа құрметпен қарауы тиіс. Тіпті өрмекшілерді басып кетпей, аяғыңның астын байқап жүретін мәдениет болуы керек қой», - деді маман.