Еліміз бірлік қағидасын берік ұстанып келеді - Түймебаев

2020 жылғы 10 желтоқсанда Нұр-сұлтан қаласының Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «ЕЛБАСЫ. БІРЛІК. КЕЛІСІМ» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Экспозицияға «Елбасы. Бірлік пен Келісім» үштұғырлықтың ортақ идеологиялық платформасымен біріктірілген мұрағаттық материалдар, фотосуреттер, кітаптар мен кәдесый-сыйлықтары ұсынылды.

Көрме еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуде.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ. Түймебаев, ҚР Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.К.Божко, ҚХА депутаттық тобының жетекшісі С.А.Абдрахманов, ҚХА депутаттық тобының хатшысы Н.В.Жұмәділдаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстандағы дипломатиялық корпустың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты.

ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев көрменің мақсаты – Тұңғыш Президент – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін және ондағы ерекше рөлін көрсету екенін алға тартты.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Ұлт Көшбасшысы Қазақстанды дамытудың негізіне этностық шығу тегіне қарамастан тең құқықтық пен келісімге негізделген бүкіл халықтың бірлігін жатқызды.

Осы жылдар бойы еліміз бұл қағиданы берік ұстанып келеді.

Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының іс жүзінде жүзеге асырылуы 1995 жылы өзі құрған Қазақстан халқы Ассамблеясынан көрініс тапты.

Құрылғаннан күннен бастап ол шоғырландырудың және біріктірудің бірегей институтына айналды. Заңды түрде еліміздің қоғамдық өмірінде шешуші позицияға ие болды.

Тұңғыш Президенттің Ассамблея еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің шынайы сақтаушысына айналғанын бекер атап өткен жоқ.

Бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған экспозиция ағымдағы қарапайым оқиға емес.

Бұл еліміздің ортақ мұрасы. Бейбітшілік пен даму жолындағы бірліктің үлгісі», - деді ол.

Бүгінде бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін халықаралық қауымдастық мойындады. «Бұған қазақстандық дипломат Қайрат Әбдірахманов мырзаның жақында ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары болып сайлануы жарқын мысал бола алады.

2002 жылы Бас хатшы Кофи Аннан Қазақстан басқа мемлекеттердің алдында тұрақтылық пен дамудың үлгісі бола білгенін айтып өтті.

Халықаралық ұйымдар – БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі – біздің модельдің құндылығын мойындап, оның тиімділігін жоғары бағалады.

Бұл көрме Сіздерге жалпыұлттық бірлік, келісім мен біртұтастық дәуіріне айналған тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын жақсырақ білуге және ең бастысы, оны түсінуге көмектесетініне сенемін», - деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев.