Нұр-Сұлтан қаласын безендіруге 311 млн теңге жұмсалмақ

Бас қаланы «эстетикалық безендіруге» барлығы 311 млн теңге жұмсалмақ. Бұл туралы мәліметті мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған лоттан қарауға болады, - деп хабарлайды turkystan.kz.

«Тапсырыс беруші – Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты»; атауы – эстетикалық безендіру бойынша қызметтер; қосымша сипаттама – «Ғимараттар, қоғамдық және өзге де орындарды қыстық кезеңге (Республика даңғылынан Бөгенбай батыр, Сарыбұлақ бұлағы және Есіл өзені жағалауы аумағы) дайындау бойынша қызметтер»; жоспарланған сома – 79 937 500 теңге», – делінген 3 желтоқсанда мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған лоттың сипаттамасында.

Конкурсқа қатысуға өтініштерді қабылдау бүгін 18.00-де аяқталады. Техникалық сипаттамаға сәйкес, жұмысқа сырғанақ, мұз қалашығын жасау кіреді.

3 желтоқсанда елорданың Сарыарқа аудандық әкімдігі жариялаған сомасы 79 464 285,71 болатын тағы бір лот ғимараттар, қоғамдық және өзге де орындарды қыстық кезеңге (Сарыбұлақ бұлағы, теміржолдар, Көктал, Ұлытау, Қайнар, Баршын көшелері, Тілендиев даңғылы, Тілендиев тұйық көшесінен Есіл өзенінің жағалауына дейінгі аумақ) дайындау бойынша қызметтерді сатып алуға арналған.

Дәл осы күні Сарыарқа ауданы әкімдігі жоғарыда көрсетілген сомамен бірдей 79 464 285,71 теңгеге үшінші лотты орналастырған – конкурс ғимараттарды, қоғамдық және өзге де орындарды қыстық кезеңге (Бөгенбай батыр даңғылы, Сарыбұлақ бұлағы, теміржолдар және Панфилов көшесі аумағы) дайындау бойынша қызметтерді сатып алуға арналған.

Сарыарқа ауданы әкімдігінен бір күн бұрын қызметтерді сатып алу туралы Байқоңыр ауданы әкімдігі де конкурс жариялаған. 2 желтоқсанда орналастырылған лот сипаттамасында Байқоңыр ауданының барлық аумағын безендіру туралы көрсетілген. Осы мақсатқа 72 429 464,29 теңге жұмсалу жоспарланған.

Еске  сала кетсек, 21 қарашада Алматы ауданы әкімдігі мемлекеттік сатып алу туралы конкурсты бір күннің ішінде өткізіп, нәтижесінде сырғанақ пен мұз қалашығын салу мен оны ұстап тұруға арналған 80 миллион теңгені New Level компаниясы ұтып алғанын жазған болатынбыз.