«Ақ жол» кәсіпкерлерді мониторингтік топтардың заңсыз бопсалауынан қорғау мәселесін тағы да көтерді

«Ақ жол»партиясы кәсіпкерлерді мониторингтік топтардың заңсыз бопсалауынан қорғау бойынша мәселені тағы да көтерді. Осы бойынша бүгін Азат Перуашев Үкімет атына тиісті сауал жолдады.

ҚР Премьер-Министрі

А.Ұ. Маминге

18 қарашада «Ақ жол» партиясының фракциясы шағын және орта бизнес нысандарын тексеру кезінде «мониторингтік топтар» құратын құқықтық заңсыздық туралы депутаттық сауал жолдады.

Біз олардың қызметін заңнама талаптарына сәйкес реттеуді және кәсіпкерлерді заңсыз бопсалаудан қорғауды сұрадық.

Біздің сауалымыздан кейін осы мәселе бойынша өтініштер ағыны арта түсті. Аймақтардағы кәсіпкерлер бақылау топтары шенеуніктердің туыстарына тиесілі мейрамханалар мен клубтарға тиіспей, айналып өтеді деп хабарлайды. Мұндай мекемелер карантиннің барлық кезеңінде кедергісіз және тәулік бойы жұмыс істегені айтылған.

Айыппұлдардың жоғары сомаларымен (жарты миллионнан 2-3 миллион теңгеге дейін) бопсалау арқылы мониторингтік топтардың басшылары бизнес объектілерінен тұрақты түрде алым-салық енгізуде деген ақпарат бар. Кейбір жағдайларда «тариф» деп аталады, яғни апта сайын 50 мың теңге. Егер ірі қалалар мен облыс орталықтарында орта есеппен 1 мыңнан 2 мыңға дейін қоғамдық тамақтану орындары және қызмет көрсету саласының басқа да объектілері бар екенін ескеретін болсақ, онда әрбір қалада осындай тәсілмен тексерушілердің сыбайлас жемқорлық рентасы айына 100 млн. теңгеден астамды құрауы мүмкін. Бұл жағдайдың барлығы шағын және орта бизнеске ауыртпашылық туғызуда.

Айыппұлдар мен бопсалауға арналған рейдтер тек алым-салық төлеуден бас тартқан және өз құқықтарын қорғауға батылдығы бар кәсіпкерлерге ғана қатысты деп көрсетілген. Бұл тексерушілердің өздерінің тікелей арандатуға итермелеуіне дейін жетуде.

Бұл ретте мониторингтік топтардың өкілеттіктері, әрекет ету тәртібі және тіпті қалыптасуы нақты реттелмеген. Атап айтқанда, Кәсіпкерлік кодексте тексеруді бизнес тексерілетін саладағы уәкілетті орган жүргізуі тиіс

деп белгіленген. Яғни, эпидемиологиялық талаптарды тексеру кезінде оны СЭҚ басқаруы тиіс. Алайда, мысалы, Алматыда СЭҚ қызметкерлеріне мониторингтік топтарға қатысуға тікелей тыйым салынған. Олай болса өткен тексерулердің бәрі заңсыз болып табылады!

Біз құқық бұзушыларды қорғамаймыз, бірақ заңның қатаң сақталуын талап етеміз.

Өйткені, бақылаудан ақша арқылы құтылған мекемелер қауіпсіздік талаптарын елеусіз қалдыра алады және инфекциялардың таралу көзі болады. Аталмыш мониторинг негізінде инфекцияның азаюы байқалып жатқан жоқ.

Сонымен қатар, COVID-19 ауруының өсу тенденциясы мен локдаунның қайта пайда болуы бизнес қауымдастықты алаңдатуда. Бүгінгі күннің дерегіне сүйенсек, ауру жұқтырғандар саны 689-дан 770-ке жетті.

Нарықтың барлық дерлік қатысушыларының пікірінше, көптеген кәсіпорындар үшін тамақтану және қызмет көрсету нысандарының жұмысын кезекті жабу жұмыстың мүлдем тоқтауына әкеледі.

Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы фракциясы Үкіметтен келесіні сұрайды:

1) Заңнамаға сәйкес мониторингтік топтардың қызметін біркелкі реттеуді, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шараларын барынша жеделдету;

2) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне мониторингтік топтардың қызметін ерекше бақылауға алу, кәсіпкерлерден қорқытып ақша алу мен «алым-салық» жинау жағдайларын жүйелі түрде анықтау және жою. Құрамына қоғам қайраткерлері енген мониторингтік топтардың мүшелерін мемлекеттік бақылау функцияларын орындайтын сыбайлас жемқорлыққа жауапты адамдардың тізіміне енгізу;

3)Айыппұлдардың қорқытып «ақы» алу мақсатында қолданылып жатқанына байланысты пандемиямен күрес кезеңінде айыппұлдарды 50%-ға қысқартуды қарастыру. Айыппұлдар «алым-салық» етіп беруден гөрі төлеуге оңайырақ болуы керек.

4) Ауру жұқтырғандар саны одан әрі өскен жағдайда, қатаң реттеу шараларын жүргізе отырып, бизнесті жабудан бас тарту.

5) Азаматтардың ел ішінде қозғалуы бойынша шектеулер енгізілген жағдайда, өткен қателіктерді қайталамауға және қалалар аймағына қала кәсіпорындары қызметкерлерінің едәуір бөлігі тұратын тиісті агломерацияға кіретін іргелес қала маңы мен елдімекендерді кіргізбеу.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары»