МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ТАЛАП ЕТУ ҚЫЛМЫС ЕМЕС, ЗАҢДЫЛЫҚ, министр Тұрғынбаев мырза!

0
2778

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ТҮСІНДІРІП БЕРЕТІН ДЕҢГЕЙГЕ ПОЛИЦИЯ ҚАШАН ЖЕТЕДІ?

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшелерімен кездесуде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевқа кездесудің уақытынан бұрын бітіп қалуына байланысты қойылмай қалған сұрақтар.

1.ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңесте ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң» 2020 жылы 25 мамырда қабылданды. Ол бойынша жергілікті органды құлақтандыру арқылы келісімін алып, жиын өткізе беруге болады. Бірақ заңды жиынға қатысқан азаматтарды полиция бөліміне шақырып, сұрау алулар тоқтамай тұрғанын әлеуметтік желіде жиі жазылуда. Себебі неде?

2.Заңды қадағалау орындарынан қайыр болмағасын Мемлекеттік тілдің көпшілік орындарда қолданылуын талап етуді халық өз қолына алуда. Астанамызда да, Алматыда да, Павлодар, Өскемен тб қалаларда дүкендерде және жекеменшік емханаларда, жолаушылар көліктерінде Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тілі емес, тек қана Ресейдің тілі қолданылуына байланысты наразылықтар әлеуметтік желілерде көбейіп тұр. «Қазақ үні» ұлттық порталы бастаған көптеген сайттарда да жиі жазылуда. Алматыдағы Гранд Парк сауда орталығы тіпті Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен құрылған Мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалау мониторингтік жұмыс тобының өзін кіргізбей, бір сағаттан аса шу болғаны туралы видео барлық жерде тарап кетті. Ал бұл жұмыс тобы құрамында аудан әкімі орынбасарларымен бірге Алматы қаласы Ішкі істер департаменті басқарма басшысы да, қалалық прокуратура басқармасы басшысы орынбасары да бар. Ендеше мұндай құрамдағы комиссияның жағдайы осындай болғанда, мемлекеттік тілді талап еткен жекелеген тіл жанашырларының жағдайы тіпті қиын екенін елестете беріңіздер.

Көп жерде осындай заңды талапты орындамай, дау тудыруға себепкер болған дүкен иелері өздерінің кінәсін білмей, бірден полиция шақырады. Ал жетіп келген біздің полиция тұтынушының талабы заңды екенін өздері де білмей, сатушыға қосылып «Бізде – екі тіл» деп жалған айтып, тұтынушыны полиция бөлімшесіне сүйрей жөнеледі. Орыс тілі біздегі тіл заңы мен Конституция бойынша тек «қажет болғанда ғана Мемлекеттік мекеме мен жергілікті басқару органдарында ресми тіл ретінде қолданылады. Ал дүкендер мен жеке емханалар, жолаушылар көліктері мемлекеттік мекеме емес, сондықтан оларда тек Мемлекеттік тіл ғана қолданылуы керек екенін біздің полиция түсіндіріп бере алатын деңгейге қашан жетеді?!.

Бұндай оқиға Павлодардағы белгілі тіл күрескері, Ақордаға келіп, «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталып қайтқан Руза Бейсенбайтегінің басынан күнде өтеді. Үнемі полиция бөлімшесіне жеткізілген Рузаны босату үшін Мәжіліс депутаттарын қосып жатамыз.

Заңның бәрін беске білетін Рузаның заңсыз ештеңе жасамайтынына, қайта ол Павлодар қалалық тіл басқармасы мен прокуратураның жұмысын істеп жүргенін оның Фейсбуктағы видеоларын көрген кез келген сауатты адам көз жеткізеді. Ал Рузаны қазір жергілікті полиция осы видеоларына байланысты жауап алуға шақырып жүр!.. Осы мәселені Павлодарлық полиция департаменті әділ шешуін сұраймыз, Ерлан Заманбекұлы.

Полицияны кінәлаймыз, мемлекеттік тілді талап етіп келген Рузаны алып кетуге жындыхана қызметкерлерін шақыртқан Павлодар қаласы әкімдігі аппараты басшысы Каиржан Онгаровтың жұмыстан босатылғанын таяуда елордада баспасөз мәслихатын өткізген Павлодар облысы әкімі Ә.Ысқақов мәлімдеді.

Өскемендегі тіл жанашыры Жұлдызай Форттың да Фейсбук парақшасы мен ютуб арнасынан осындай оқиғалардың талайын көруге болады. Тіпті, елордада Қазақ тілі мүддесін қорғаушы Оғыз Доған бауырымыздың пәтеріне ешқандай рұқсатсыз баса-көктеп кірген үш полицайдың Оғыздың заңды өткір сұрақтарына дұрыс жауап бере алмай масқара болып қайтқанын видеодан көрді ел.

Заңды қорғаушы орган өкілі Заңды талап еткен азаматты сүйрелеп алып кетуі қандай заңдылық?

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ТАЛАП ЕТУ ҚЫЛМЫС ЕМЕС, ЗАҢДЫЛЫҚ, министр Ерлан Заманбекұлы!

3. Жоғарыдағы даулы жағдайларды саралай келгенде, полиция органы қызметкерлеріне Мемлекеттік тіл туралы заңдылықты түсіндіретін қосымша нұсқаулар мен дәрістер өту керек шығар дейміз.

4. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақ үні» газетіне Алматы қаласы тұрғыны Болат Мырзаевтан мақала келді.Оның  мініп жүрген мерседес автокөлігін үйіне 10 минутқа кіріп шыққанша ұрлап кетті. Ал Болат Мырзаев өзіне келген айыпақы арқылы сол көлігінің Ақмола облысы Шучинск қаласында тұрғанын анықтап тапты. Бірақ көлік иесіне қайтқан жоқ әлі. Себебі Ішкі істер департаменті полициясы «Шучинскіге жолсапарға шығуға бізге жол шығыны қарастырылмаған» деп жауап берді. Сонда жоғалған көлікті полиция емес, көлік иесінің өзі тауып алып тұрғанда оны қайтартқыза алмаса, онда полиция не бітіріп отыр, олардың жұмысы не сонда?

Бұл сұрақтарды ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесінің ресми сауалы ретінде қабылдап, заңдылыққа сай мерзімде жауап беруіңізді сұраймын.

Құрметпен,

Қазыбек ИСА,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз