Әділбек Қаба. ХАЛЫҚТАН НЕ ЖАСЫРЫП ОТЫРСЫЗДАР?
2020 ж. 30 қараша
2287
0
Қауесет тез тарайды. Қамысқа тиген өрттей лаулай жөнеледі. Сол қауесет неден туады? Әрине ақпараттың жоқтығынан, аздығынан немесе дер кезінде ақпараттың берілмеуінен келіп шығады. Кейде құзырлы мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік субьектілер, компаниялар қызметіне, қаржылық мәселелеріне немесе сол салалардың лауазымды басшыларына қатысты дау туындап жатады. Оның да себебі сол, ақпараттың жеткіліксіздігінен. Мұндай келеңсіздіктер туындамас үшін барлық мемлекеттік немесе квазимемлекеттік субьектілер, ел өміріне қатысы бар қай сала болса да вебсайттарына өздерінің қызметі туралы екі тілде толық ақпарат қоюға тиіс. Бұл өтініш емес, орындауға тиісті талап. Олай болса неліктен көптеген мемлекеттік органдар мен өзге де саланың жауапты мамандары мен басшылығы вебсайтқа толық ақпарат орналастыруға құлықсыз? Неліктен вебсайттың қазақшасы бірқатарында мүлде жоқ немесе уақытында толтырылмайды? Әлде халықтан жасырып отырғандарыңыз бар ма? Егер қойылған талапқа қарамастан вебсайтқа толық мағлұмат қойылмаса, тіпті қоюға құлықсыз болса, басқаша не ойлауға болады? Вебсайттарда қазақ тіліндегі ақпараттың жоқтығы мемлекеттік тілді менсінбеушілік пе, жоқ әлде заңға мойын ұсынбаушылық па?
Елбасы, Мемлекет басшысы Жолдауларында көрсетілгеніндей, халыққа қызмет етуге тиіс кез келген қызмет саласының жұмысы ашық болуы қажет. Бір ақпаратты білу үшін азаматтар арнайы хат жазып, оның жауабын айлап, жылдап күтіп отырмауы керек. Қай сала қашан, не істеді, қандай іс тындырды, қанша ақша жұмсады, қанша ақша игерілді, игерілмеді, осы ақпараттың бәрі вебсайтта екі тілде алақандағыдай көрініп тұруға тиіс. Оны қамтамасыз ету - міндет.
Тіл саясаты комитеті осы ақпараттарды орналастыруда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының талаптарының бұзылуына бейжай қарай алмайды.
Осы міндеттің қалай орындалып жатқанын зерделеу мақсатында Тіл комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы арқылы мониторинг жүргізді.
Бұл жұмыс Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы бойынша жүзеге асырылды.
Мониторингтің мақсаты – көрнекі ақпараттардың сауатты әрі дұрыс ресімделуіне ықпал етіп, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың, оқу орындарының ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің қолданысы мен оның тіл заңдылықтарының талаптарына сәйкес дұрыс жүргізілуін қадағалау.
Тіл комитеті осы мониторинг нәтижесіне байланысты еліміздің барлық министрліктері мен квазимемлекеттік субьектілері, барлық әкімдіктер мен жоғары оқу орындарының, басқа да салалардың басшылығы мен вебсайтқа жауапты лауазымды қызметкерлерін шақыра отырып семинар өткізді.
Аталған Жоба аясында мониторингтің екі бағыты қамтылды:
1. Көрнекі ақпараттар;
2. Ресми интернет-ресурстар.
Көрнекі ақпарат туралы мәселені қоса зерделеп отырғанымыздың себебі баршаңызға мәлім, қателерден көз сүрінеді. Оның үстіне көрнекі ақпаратты тек орыс тілінде беру белең алып барады.
Еліміздің 8 қаласында, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Петропавл, Орал, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау қалаларында көрнекі ақпараттарда және бұқаралақ ақпарат құралдарының, сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың және жоғары оқу орындарының ресми сайттарының мемлекеттік тілдің талаптарына сәйкес жүргізілу барысы тексерілді.
Жоба барысында көрнекі ақпараттардағы тілдік ахуалға талдау жасау үшін өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары мен тіл орталықтарынан 8 сарапшы маман, ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу үшін 2 сарапшы маман тартылды. Аталған сарапшылар семинар барысында сөз алып, зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Семинар барысында Тіл саясаты комитеті төрағасы ретінде баяндама жасап, онда жауапты Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялар мен оқу орындарының ресми Интернет-ресурстарына жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша төмендегідей кемшіліктер орын алғанына назар аударттым.
Бірінші, ресми сайттарға кірсеңіз негізгі бет бірден орыс тілінде ашылады. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңына сәйкес басымдылық мемлекеттік тілге берілу керек екенін тағы да ескерткім келеді. Кез келген мекеменің (кәсіпорынның) ресми сайттары бірден мемлекеттік тілде ашылуы керек.
Екінші, сайттардағы ақпараттардың басым бөлігі тек орыс тілінде жүктелген. Оған сайттарда қазақ тілінде ашылған кейбір бөлімдердің ақпаратсыз бос тұруы немесе орыс тіліндегі ақпаратты орналастырып қоюы дәлел бола алады. Сонда қазақ тілді оқырман өзіне қажетті ақпаратты немесе мәліметті қайдан іздейді?
Үшінші, қазақ тіліндегі бетке орналасқан ақпараттың көлемі орыс тіліндегі ақпараттардың көлемінен әлдеқайда аз болуы. Бұл ақпараттың бірінші орыс тілінде дайындалып, одан кейін қазақ тіліне қалай болса солай аударылғанын білдіреді. Осыған байланысты сайттарда көбінесе қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасы өте төмен екені анықталды.
Төртінші, ресми сайттарға мемлекеттік тілдегі ақпараттардың дер кезінде, яғни ақпараттардың уақытында орналастырылмауы анықталды. Бір байқағанымыз, орыс тіліндегі ақпараттар бірінші кезекте және уақытында орналасады екен.
Бесінші, ресми сайттардың заманауи талаптарға сәйкес еместігі де байқалды. Сайтта қарапайым халыққа қажетті барлық ақпараттар қол жетімді болу керек. Егер де барлық маңызды ақпараттар дер кезінде орналастырылса, жұртшылық арасында шындыққа жанаспайтын әртүрлі қауесеттер тарамайтындығын жоғарыда айтып өттік. Ал мұндай қауесеттер мен негізсіз ақпаратар сол мемлекеттік органның немесе әкімдіктің жұмысына әрі басшысына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сол себепті, сайтқа барынша оқырманға қажет маңызды ақпараттарды орналастыру керек.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген талап күшейді. Қарапайым оқырман барынша ақпаратты мемлекеттік тілде алуға ұмтылады. Мысалы, банктерді алатын болсақ, терминалдың, банкоматтың қызметін пайдаланғанда көп жағдайда басымдылық орыс тіліне берілген, көбінің ұялы байланыстағы қосымшалары тек орыс тілінде. Ал, сонда қазақ тілді тұтынушы не істеуі керек?
Алтыншы, кейбір ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың сайтында мемлекеттік тілдегі ақпараттар тексерусіз, корректорлық түзетулер жасалмастан орналастырылған. Сол себепті ақпараттарда орфографиялық, пукнтуациялық және стилистикалық қателер өте көп.
Жетінші, әкімдіктердің ресми сайттарында бюджет туралы ақпараттар, статистикалық мәліметтердің басым бөлігі орыс тілінде жүктелген.
Жалпы 125 мекеменің ресми сайтына мониторинг жүргізілді. Осы мониторингтің қорытындысы бойынша 98 мекемеге ескерту хаттары жолданды, оның ішінде 33 хат – мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге, 16-сы – ұлттық компанияларға, 31-і – жоғары оқу орындарына, 16-ы – банктерге және 2-уі портал әкімшілеріне жолданды.
Осы жолданған ескерту хат бойынша 40 мекеме өздерінің ресми сайттарына түзетулер енгізгенін мәлімдеді: 33-і – мемлекеттік органдар мен әкімдіктер, 10-ы – ұлттық компаниялар, 11-і – жоғары оқу орындары, 4-і – банк.
Интернет күнделікті ақпарат көзі болғандықтан, мемлекеттік тілді электрондық, интернеттік жүйеде дамытуға ерекше көңіл бөлуім – заман талабы. Ендеше орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен жоғары оқу орындарының ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік тілдің жүйелі және сапалы қолданылуын қадағалау мақсатында жүргізілетін осы мониторинг жұмысы жалғасын табатын болады.
Жалпы министрліктер, басқа да барлық сала басшыларынан, әр жауапты маманан ресми сайт пен көрнекі ақпараттағы мәтіндердің мемлекеттік тілдегі нұсқасына барынша назар аударып, орын алған кемшіліктерді тездетіп түзетуді қолға алуды ресми жауапты құзырлы орган ретінде талап етеміз.
Осы маңызды мәселені жүзеге асыру жолында еліміздің әрбір азаматы, әрбір мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту жолында атсалысуға міндетті.
Әділбек ҚАБА,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
Тіл саясаты комитетінің төрағасы
Қазақ үні