Мәмбет Қойгелді: Мемлекеттің тарихи атауының қайтарылуы - әділеттілік

Сарапшылар Мемлекет атауын "Қазақ Республикасы" деп өзгертуге қатысты пікір білдірді

"Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 2019-жылдың қаңтар айында Мемлекет атауын "Қазақ Республикасы" деп өзгертуді ұсынғаны туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі жазған болатын.

Онда «1920 жылы тамыз айында Москвада СовНарКом шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі тікелей қатысты. Сонда олар арнайы экспедицияларда жинастырған ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты. Нәтижесінде, сол жылы Автономды Кеңестік Республика құрылып, 1925-ші жылдан бастап оған халқымыздың төл «ҚАЗАҚ» деген атауы берілді», – делінген.

«Келесі, 2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ Тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған, КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының, нақтылап айтамын – ҚАЗАҚ Республикасының – құрылғанына 100 жыл толады. Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы үшін – ҚАЗАҚ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деп мәлімдеген еді Перуашев.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай бастаманы 5 жыл бұрын, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған болатын.

Осы орайда "Қазақ үні" ақпарат агенттігі осы мәселені тағы да бір рет қоғам талқысына салып, сарапшылардың пікірін білуді жөн көрді.

Мәмбет Қойгелді, тарихшы:

-1920 жылы өмірге келген Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы осы Совет Үкіметі мен Алашорда Үкіметі арасындағы келісімнің нәтижесі деп қарауымыз керек. Мұндай пікірді шетелдік қазақтар да қолдап отыр. Сондықтан, меніңше, тарихи атауының қайтарылуы бұл тарихи әділеттілік болып табылады.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

– Мен «Қазақстан» атауын «Қазақ Рес­публикасы» деп өзгертуді қол­даймын. Кезінде бұл ұсыныс қабыл­данбай қалды. Негізі, біздің елдің аты о баста Қазақ Республикасы болып қалыптасуы керек еді. Біріншіден, «Қазақстан Республикасы» деген атау­дың өзінде қателік бар. «Стан» деген сөз «елі», яғни «республикасы» дегенді білдіреді. Ендеше, біз Қазақстан Рес­публикасы дегенде тағы бір «республикасы» деген сөз жасырынып тұр. Тофтология бар. Екіншіден, егер біз мем­лекет атауын Қазақ Республикасы деп өзгертсек, ұлттық идентификация­да ұтатын жеріміз көп. Қазіргідей бар­лығы бірдей қазақстандықтар емес, қазақтар деп аталатын еді.

Бұл өз кезегінде мемлекетте мекендейтін барша халықты ұйыстыруға өз септігін тигізер еді.

Біздің құ­ра­мымызда Ресейдегі сияқты авто­но­миялық субъектілер, яғни басқа мем­­лекеттер жоқ. Ал біз сияқты унитарлы ел­дердің бірқатары мемлекеттің атауын жер­гілікті ұлттың атымен айтады. Мысалы, Француз Республикасы, Қырғыз Рес­пуб­ликасы. Осы аталған мемлекеттер­де тек француздар мен қырғыздар ғана тұрады деген сөз емес қой. Олар да – дәл біз сияқты көп этни­калық мемлекет­тер. Францияда Африкадан келген қара нәсілдер көп. Ал Қырғыз елінің құра­мында өзбектер, қазақтар т.б. ұлттың өкіл­дері бар ғой. Сөйте тұра, басқа этникалар мемлекеттің атауына мойынсынған. Марокко, Алжир, Сенегалдан келген миг­ранттар өздерін «французбыз» дейді. Міне, Франция мемлекеті осылайша да ас­симиляция жасап жатыр.

Осы уақытқа дейін Қазақ­стан болып танылғанымыз рас. Имиджіміз де белгілі бір деңгейде қалыптасты. Бірақ Қазақстан дегенді Қазақ Республикасы етіп ауыстырғанда тұрған ештеңе жоқ. Түбірі – бір. Өзгерткеннен ештеңе жоғалтпаймыз. Иә, азын-аулақ құжаттарды қайта толтыру сияқты шығындар болады. Бірақ біз болашақты ойласақ, жергілікті халықтың бір ұлт болып ұйысып, тату-тәтті өмір сүруіне мүдделі болсақ, «Қазақстан» атауын Қазақ Республикасы деп өзгертуіміз қажет.

Қазақ үні