Сұлтан Хан Жүсіп: Мен қай мемлекеттің азаматымын?

«Ақ жол» қазақ тілінің конституциялық мәртебесіне сай қолданылуын талап етеді

Үкіметтегі мырзалар, мен қай мемлекетте тұрамын және қай мемлекеттің азаматымын?

Біздің бүкіл Үкіметіміз, атап айтқанда – біздің салық комитетіміз қазақ тілінің мемлекеттік тіл деген конституциялық мәртебесін елемейді. Бұл мемлекеттік биліктің қазіргі Конституциямыздың 7-бабына пысқырып та қарамайтынына дәлел. Оның тағы бір айқын айғағы: Парламент депутаттығына үміткер ретінде мен декларация толтырып тапсырдым. Алайда декларацияның электрондық нұсқасын қазақша толтыру мүмкін емес – декларацияның электрондық нұсқасы қазақша әріптерді баспайды. Тек орыс әріптерін қабылдайды.

Өзімнің төлқұжатымда таза қазақша және қазақи тәртіппен жазылған, алдымен «Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп» деп өз атым, одан соң әкемнің аты, ең соңынан тегімді орысшалап және орысша тәртіппен, яғни «Жусип Султан Хан Аккулулы» деп алдымен тегімді, сосын өз атымды және ең соңынан әкемнің атын жазуға мәжбүр болдым. Содан мен өзіме және туған мемлекеттік билігіме: «Мен қай мемлекетте тұрамын және қай мемлекеттің азаматымын?» - деген сұрақ қоямын.

Мемлекеттік билік туғызып отырған осы және мыңдаған басқа да себепті «Ақ жол» демократиялық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында қазақ тілі үшін оның конституциялық мәртебесіне сай қолданылуын талап етеді, атап айтқанда - экономика мен қаржы саласында, мемлекеттік органдар мен шетелдік инвесторлардың қызметінде кеңінен қолданылуын қолдайды.

«Ақ жол» депутаттарының фракциясы 2012 жылы ұсынған заң жобасы үкімет тарапынан тоқтатылды. Партия заң жобасын қайта өзектендіріп, Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жуық арада қайтадан ұсынатын болады.