Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін ұлттық терминқор керек- Әділбек Қаба
2020 ж. 20 қараша
1730
0
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылғы 19 қарашада ұйымдастырған онлайн режимдегі республикалық әдістемелік семинардың тақырыбы осылай деп аталады.
Бұл басқосудың маңызы туралы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба өзінің кіріспе сөзінде былай деп атап көрсетті: «Терминологияның өзекті мәселелері бойынша биылғы өткізілген әдістемелік семинарлардағы басты мәселенің бірі – терминдерді біріздендіру мәселесі. Қазақ тілін ғылым мен қазіргі озық технологияның тіліне айналдыру үшін ұлттық терминқорды қалыптастырудың, оны біріздендіру және жетілдірудің аса маңыздылығы мен қажеттілігі жөнінде жиі ой қозғаймыз. Бекітілген терминдердің сапасы көңілден шыға бермейтіні, яғни мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыруға толық қауқарлы еместігі де жасырын емес. Сондықтан соңғы бас қосуымыздың бірінде 1971 жылдан бері бекітілген терминдерге мониторинг жасау қажеттігі айтылып, ол туралы қарар қабылдаған болатын. Бүгінгі семинарда мониторинг жасаудың алғашқы қадамы ретінде мониторинг жасаудың әдістемесі ұсынылып отыр. Әдістемелік құралда мониторинг жасаудың талаптары, терминдерді сала бойынша іріктеудің амал-тәсілдері, мониторинг жүргізудің алгоритмі және тағы басқа мәселелер көтеріледі. Өзекті мәселені шешудің тиімді жолдары көрсетіліп, алдағы уақытта мониторингтің сапалы жасалуына зор ықпалын тигізеді деген ойдамын».
1971-2019 жылдар аралығында бекітілген 27 мың терминге мониторинг жасау әдістемесін айқындау арқылы терминдерді біріздендірудің шешу жолдарын ұсыну уақыт талабынан туындап отыр. Осы бағытта өрбіген шараға «ТС ғылыми-техникалық компаниясы» ЖШС директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жөнкешов Бауыржан Сейсенбекұлы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының редакция-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдарының докторы Әбдірәсілов Ербол Құралбайұлы, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Жұбаева Орынай Сағынғалиқызы қатысты.
Әдістемелік құралда бекітілген терминдерді мониторингілеудің талаптары, амал-тәсілдері, терминдерге қатысты оның тілдік және функционалдық аспектілері, қолдану ерекшеліктері қарастырылған.
Сонымен қатар, әдістемелік құралда қазақ тілінің терминологиялық әлеуеті мен халықаралық терминдердің қолданылу қағидаттары барынша толық көрсетілген, осының нәтижесінде тілдік материалдың үлкен бөлігіне мониторинг жасау қолға алынатын болады.
Әдістемелік құрал терминшілерге, терминологиялық жұмыстарды жүргізуге құзыретті мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлеріне, терминдерді аудару ісімен айналысып жүрген филологтар мен сала мамандарына арналған.