Заңсыздықпен заңды бұзып күресуге болмайды - Азат Перуашев
2020 ж. 19 қараша
1195
0
Заңсыздықпен заңды бұза отырып күресуге болмайды – «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлерді мониторингтік топтардың заңсыздығынан қорғауды сұрайды. Мұндай депутаттық сауалды бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Азат Перуашев жолдады.
ҚР Премьер-Министрі
А.Ұ. Маминге
ҚР Бас прокуроры
Ғ.Д. Нұрдаулетовке
«Ақ жол» демократиялық партиясына Тараз, Алматы, Ақтөбе, Талдықорған, Өскемен, Орал және басқа да өңірлердің кәсіпкерлерінен «мониторингтік топтардың» тарапынан қудалану туралы наразылық өтініштер келіп түсуде.
Шынында да, бұқаралық ақпарат құралдарында санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге қатыст жасырын тойлар мен кештердің анықталуы туралы жиі жарияланады. Пандемияның таралуына қауіп төндіретін мұндай фактілердің міндетті түрде жолын кесіп және оларды ұйымдастырушыларды жауапқа тарту керек.
Сонымен қатар, құқықтық мемлекет құрудың жақтаушылары ретінде бізді мониторингтік топтардың қолданатын әдістері күмән туғызады. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейде бұл топтардың құрамында қоғамдық белсенділер мен әкімдік қызметкерлері бар, олармен бірге полиция жасақтары өзара іс-қимыл жасайды.
Рейд кезінде мониторингтік топтар бизнес объектілеріне кіріп, кәсіпкерлерден нақты немесе жалған бұзушылықтар туралы түсініктемелер алады. Содан кейін, осы түсіндірмелер негізінде тексеруге мүлдем қатыспаған СЭС қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды және ешқандай ескертусіз қомақты айыппұлдар салады.
Сондай-ақ, бопсалау және тікелей арандату туралы да айтылады. Онда тексерушілер тұтынушы ретінде әрекет етіп, бизнесті заңды бұзуға итермелейді (мысалы, кафеде отырып, біраз уақыттан соң кафені босатудан бас тартады), содан соң «бұзушылықты» тіркейді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікті тексерулерді жүргізу тәртібі ҚР Кәсіпкерлік Кодексімен нақты анықталған және реттелген. Атап айтқанда, әрбір тексеруді бизнес субъектісі тексерілетін салада мемлекеттік уәкілетті орган жүргізуі тиіс. Яғни, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын тексеруді міндетті түрде СЭС басқаруы тиіс.
Кодекстің 155-бабына сәйкес бақылау және қадағалау субъектілері (бұл жағдайда СЭС өкілдері) құқық бұзушылықты тіркеу үшін ғана үшінші тұлғаларды бақылау объектісінде болған кезінде ғана тексеруге қатыстыруға құқылы. Демек, СЭС қызметкерлері өз өкілеттіктерін басқа адамдарға берместен бұрын өздері тексерулер жүргізуі керек. Ал бүгін барлық жерде керісінше жасалуда.
Мысалы, СЭС қызметкерлерінің қатысуынсыз мониторингтік топтар (полиция іріктеп алған түсініктемелері бойынша хаттамалар мен айыппұлдарды ғана ресімдейтін) кәсіпкерлерді ҚР ӘҚБК-нің 425 бабы (халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) және 462 бабы (мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау) талаптары бойынша жауапкершілікке тартады.
Алайда бұл баптардың ешқайсысы әкімдік өкілдерінің де, полиция қызметкерлерінің де, қоғам белсенділерінің де құзыретіне кірмейді.
Кәсіпкерлік Кодексінің 133-бабына сәйкес құқық қорғау органдары жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау және қадағалау іс-шараларын жедел-іздестіру қызметі, қылмыстық қудалау, әкімшілік іс жүргізу шеңберінде ғана жүргізеді. Полиция, прокуратура, әкімдік өкілдері, тіпті белсенділер жүргізетін шағын және орта бизнес жұмысының бұқаралық немесе уақытша режимін тексеру заң нормаларына сәйкес келмейді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы заң бұзушылармен заңды бұза отырып күресуге болмайды деп санайды.
Мемлекет заңнамалық нормалардың орындалуын тек заңға сүйене отырып талап етуі қажет. Әйтпесе, ол шектен тыс жүгенсіздік пен заңсыздықтың шеңберіне айналуы мүмкін.
Кәсіпкерлік Кодексте кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғауға тиіс прокуратура органдарында бизнестің барлық тексерістерін міндетті түрде тіркеу туралы баптың белгіленгені кездейсоқ емес.
Бірақ прокуратураның заңсыз тексерілетін бизнесті қорғағаны туралы бірде-бір факт естілмейді. Бәлкім, мұндай тексерулер тіркелмейтін де шығар.
Мүмкін, кәсіпкерлер айтқандай, заңсыз тексерулер жиі үлкен айыппұлдарды салу қаупі бар мониторингтік топ мүшелерінің бопсалауымен жүргізіледі. Осылай бизнес сыбайлас жемқорлық талаптарының нысанына айналып, осындай бопсалау әрекеттеріне көнуге мәжбүр.
Бұл тұрғыда тексерушілер өздерінің іс–әрекеттерін кәсіпкерлік Кодекстің 144-бабының 6-тармағына сілтей отырып, бүркенеді. Аталмыш бапқа сәйкес эпидемия туындаған немесе қауіп төнген жағдайда объектілерге жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Мұндай тексерудің негізі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы мемлекеттік органның заң бұзушылық туралы ақпарат алуы болып табылады.
Алайда, ол кезде тексеруді СЭС өзі жүргізуі керек және келесі күні прокуратура органдарында тіркеуі керек. Сонымен қатар, тексеру тиісті ақпаратты алғаннан кейін кәсіпкерлерді қорқытумен емес, тіптен оларды бұзушылықтарға арандату арқылы жүргізілмеуі керек.
Бүгінде Президент пен Үкімет экономиканы қалпына келтіру және шағын және орта бизнесті қолдау бойыншв маңызды шараларды қабылдауда. Алайда мониторингтік топтардың заңсыз әрекеттері мемлекет пен бизнестің күш-жігеріне нұқсан келтіреді.
Кейбір азаматтардың жауапсыздығын ескерсек мониторингтік топтар мүмкін керек те шығар. Бірақ олардың өкілеттіктерін реттеу қажеттілігі туындап отырғаны анық.
Жақында ғана Президент Қ. Тоқаев пандемияға қарсы іс-шаралар саласындағф барлық сыбайлас жемқорлық қаупі бар учаскелерді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Тексеруші органдардың, яғни полицияның, әкімдіктердің, мониторингтік топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аударуды талап еткені атап өтілді және тексерушілерді өкілеттіктерді теріс пайдаланбауға, дұрыс басқаруға және «кімді қаласам, соны тексеремін» деген қағидатты қолданбауға шақырды.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының депутаттары шұғыл түрде:
1) кәсіпкерлерді заңсыз әрекеттерден қорғау және оларға қарсы іс-қимыл жасау құқықтарын ескере отырып, мониторингтік топтардың жұмысын заңнамаға сәйкес реттеуді;
2) прокуратура органдарына – бизнесті тексеруді міндетті тіркеуді, олардың заңдылығын және кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуді сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары