БІЛІМ «ӘЛІППЕДЕН» БАСТАЛАДЫ
2020 ж. 13 қараша
1934
0
Соңғы жылдары қоғамда «Сауат ашу» оқулығынан бас тартып, «Әліппені» қайтаруға қатысты ұсыныстар жиі айтылды. Тіпті соңы үлкен пікірсайысқа да айналып кетті. Парламентте өткен түрлі жиындарда да осыған қатысты сауалдар тиісті ведомствоға бағытталып келді. Халықтың сұранысына орай лайықты шешім жасалып, енді алдағы оқу жылынан бастап бірінші сынып бүлдіршіндері «Әліппемен» қайта қауышатын болды.
Биыл жаз айында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов көпшіліктің талабы бойынша 1-сынып оқушылары 1 және 2-тоқсанда «Әліппені» оқитынын, ал 3 және 4-тоқсанда «Ана тілімен» білім алатынын мәлім еткен-ді. Оқулық А. Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен отырыста Абай атындағы ҚазҰПУ «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Азия Жұмабаева «Әліппе» жаңа оқу бағдарламасына қатысты жан-жақты түсініктеме берді. «Әліппе» жаңа оқу бағдарламасы Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдары негізінде жасалады. Сол ұстанымдардың бірі – дыбыспен жаттығу. Яғни, дыбыспен жаттығу «Әліппеге дейінгі» кезең міндеттерін қою мен білім мазмұнын анықтауда тікелей басшылыққа алынды. Ахмет Байтұрсынұлы балаларға алдымен әріп көрсетпей тұрып, дыбыспен жаттықтыру қажет дейді. Себебі оқуға келген балалар сөйлеуді білгенімен, олар өз сөздерінің дыбыстан тұратындығын білмейді. Осы орайда дыбысты білмей тұрып, сөздің ішіндегі дыбыстарды тізбей тұрып, оқу мен жазуға үйрету қиын. Сондықтан дыбыспен жаттықтыру қажеттігі ескеріліп отыр», - деді А. Жұмабаева. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов «Әліппе» ұғымы қазақ халқының түсінігі мен дүниетанымында қастерлі пән ретінде қалыптасып қалғанын атап өтті. «Егер әрбір азамат алғашқы мұғалімін қаншалықты қадірлейтін болса, қазақ азаматы «Әліппені» де сондай қадір тұтатын болған. Сондықтан «Әліппе» күн тәртібінен түсіп қалған кезде бүкіл халық болып осы оқулықты іздеді. Ал енді «Әліппені» қайтару - қазақтың рухани әлеміндегі жаңа оқиға сияқты көрініп отыр... Осының барлығының қазіргі кезеңге қайтып келуі – ұлттық рухымызды көтеруге ерекше әсер етеді. Алғаш оқулықты «а» әрпінен бастағаннан баланың жүрегінде ұлттық рух қалыптасатын болса, ол азамат ертең өз елінің үлкен патриоты болатыны айдан анық. Сондықтан әріптердің, дыбыстардың реттілігінің бәрі Ахмет Байтұрсынұлы анықтаған ұстанымдармен сәйкес келуі – бұл жаңа «Әліппенің» үлкен ұлттық рухтағы жаңалығы деп айтуға болады», - деді К. Матыжанов.
Сонымен бірнеше жылғы пікірталастардан соң 2021 жылы «Әліппе» оқу бағдарламасына қайта оралады деуге болады. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, «Әліппені» оқытудың үш кезеңі қамтылған. Осы орайда «Әліппеге дейінгі» кезең, «Әліппе» кезеңі, сондай-ақ «Әліппеде кейінгі» кезең ескерілген. Осының екі кезеңі «Әліппе» оқулығы арқылы іске асырылады. Ал кейінгі кезең мектептерде «Ана тілі» оқулығы бойынша жүргізіледі. Бұл тұрғыда ол ата-аналардың ескертулері қаралып, қазіргі дайындалып жатқан оқулықта баланың физилогиялық жас ерекшелігі ескеріліп жазылып жатқанын атап өтті. «Әліппе» кезеңі өте маңызды, онда әріп, дыбыс пен буындарды үйрету іске асырылады. Бұл кезеңге баса назар аударылған. Одан кейін желтоқсан айында «Әліппемен» қоштасу жүргізілетін, қазіргі принцип те осыған орай жасалады», - деді вице-министр. Белгілі болғандай, «Әліппенің» оқу бағдарламасына қатысты оқулықтар әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстың соңы ретінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап оқулықтар апробацияға енгізілетін болады. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізбесін бекітті. осы бекіткен тізбеге байланысты барлық мектепте «Әліппе» бағдарламасы зерделенеді. «Одан кейін оқулық даярлаудың барлық кезеңдеріне байланысты толық талдау жасау жұмысы жүрігізіледі. Сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында енгізіледі. Жалпы, «Әліппені» енгізу 2021-2022 оқу жылына жоспарланған», - деді Шолпан Каринова. Айта кетейік, бұған дейін «Әліппе» оқулығына байланысты өзгерістер мемлекеттік стандартқа енгізілгені хабарланған еді. Вице-министрдің атап өтуінше, қазіргі кезде «Әліппе» оқу бағдарламасын жасаудың жұмысы аяқталып, бекітілді. «Әліппені» енгізудің, қайтарудың маңызы зор екенін атап өткім келеді. Себебі «Әліппе» алғашқы оқулық болса, ол міндетті түрде оқушының жас ерекшелігіне, физиологиялық ерекшелігіне байланысты сай болуы керек. Балалар мектепке 6 жастан қабылданады. Осы орайда жұмыс тобы ауқымды шараларды атқарды», - деді Ш. Каринова. Оның айтуынша, 20-дан астам жұмыс тобының отырысы өткізілді. Бұл тұрғыда ғылыми негізге, тәжірибелік қолданысқа қатысты бірнеше ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы зерделеніп, нақты авторлардың қатысуымен жұмыс тобы өзіне тиесілі шараларды атқарды. Өз кезегінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім орталығының директоры Манара Адамова жаңартылған білім мазмұны 2016 жылдан енгізілгеннен бері, елімізде бірінші сыныптан «Сауат ашу» оқулығы пайдаланылып келгенін еске салды. «Ата-аналар тарапынан «Әліппені» іздегендер көп болды. «Сауат ашу» мен «Әліппенің» айырмашылығына тоқталсақ, «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары «Сауат ашудың» ішіне кіріктірілген болатын. Енді қазір әзірленіп жатқан оқу бағдарламасына сәйкес шығарылатын «Әліппе» оқулығы мен «Ана тілі» бөлек болады. 2021-2022 оқу жылынан бастап екі оқулықпен бірінші сынып балалары білім алады», - деді орталық директоры. Осы орайда М. Адамова «Әліппе» 96-98 сағат көлемінде бірінші жартжылдықта оқытылатынын жеткізді. «Әліппеге дейінгі» кезеңге 2 апта уақыт бөлінеді. Одан кейін «Әліппе» оқулығы бойынша оқыту жалғастырылады. «Қаңтар айынан бастап, яғни үшінші тоқсанға көшкен кезеңнен оқу мен жазуды жетілдіру үшін «Ана тілі» оқулығының аясында оқыту жалғастырылады», - деді ол.
Байқап отырғандарыңыздай, талай ұрпақтың сауатын ашып, қазақ тілінің қалыптасуына оң ықпал еткен, тәжірибеде өзін тиімді екенін дәлелдеген «Әліппені» оқу бағдарламасына қайта енгізу оңайға соққан жоқ. Ол үшін қаншама жиналыстар өтіп алтын уақытымызды қор еттік, қаншама қаржылық шығын шықты. Ал, «Әліппені» қолданыстан алып тастағанда ешкімнен ақыл сұрамаған сол кездегі білім саласының басшылары не ойлады екен? «Реформа дегеннің жөні осы екен деп білгенін істеген басшыларды жауапқа тартып, осы ауқымды іске кеткен шығынның бәрін солардың мойнына ілсе сауап болар еді» дейді «Әліппені» жақтаушы мыңдаған ата-аналар. Көпшіліктің бұл ұсынысын теріс деп кім айта алады?..
Бек МЫРЗАҰЛЫ,
Қазақ үні