Бақытбек туралы бар шындық!
2020 ж. 09 қараша
1475
0
«Есебім болсын, әңгіме үшін айта отырайын. Екі-үш күннен бері әлеуметтік желіде «Санта-Барбараға» бергісіз хикая өрбуде», – деп жазды Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Facebook парақшасында https://www.facebook.com/106924610673229/posts/403630967669257/ «Масқара, Бақытбек Кеңес Одағының орденін заңсыз тағып жүріпті!», «Сонысын өзі мойындап, жұрт көзінше бас тартыпты», «Бәлкім, мұның соғысқа қатысқаны да өтірік шығар?» деп гулейді интернет. Ал енді «той иесі» сөйлесін!
1. «Неге үнсіз отырсың?»
«Неге жедел опровержение бермейсіз! Қарсыластарыңыз сізді жан-жақтан жұлмалап, жүндеп жатыр ғой. Әлде айтар қарсы дәйегіңіз қалмады ма?» дейді күйгелек бір танысым.
Айтар дәйек бар! Бірақ оны айтуды кешіктіруімнің бірер себебі бар. Біріншіден, Америкада ұзақ уақыт тұрып, елге оралған, саясатқа жүйрік белді қазақ салғыласуға асықпауға кеңес берді: сәл күте тұру керек. Өйткені жаман пиардың өзі пиар.
«Ұрлық жасаған жоқсыз ғой. Қолыңыз да, арыңыз да таза. Әңгіме құрыған кеңестің жай салпыншағы жайында. Бұл кісілердің бәрі сізді жамандағанымен шынында сізге жұмыс істеп жатқанын білмейді. Себебі, бұрын сізді танымаған адамдар болса, енді танитын болады. «Әй, бұл кім екен?!» деп зер салады, тіпті айыптап коммент жазады. Бірақ артынан өзінің қатты қателескенін түсініп, ыңғайсыздық сезінеді. Ал атыңыз оның есінде қалады», – деді ол.
Екіншіден, мәселе тым ескі: осыдан он жылдай (!) бұрын қоғамда сөз болып, талқыланып, қорытылып, тасталған тақырыпты тосыннан арзанқол хайп үшін қайта алып шыққан «зерттеушісымақтардың», сауатсыз сыншылардың қаншалықты алысқа баратынын көргім келді. Мәселенің мәнісін білмей лепіре сөйлеуге, сөзбен қиянат жасауға ұялар дегем. Бұл істе ол кісілердің «әлеуеті» зор екені байқалды.
2. «Жалған орденді неге алдың?»
Бірден айтайын, мен ол орденді базардан сатып алған жоқпын. Ол ұят болар еді.
Атап өтер жайт, соғыс кезінде көптеген жауынгердің ерлігі ескерусіз қалды. Сондықтан Кеңес Одағы ыдыраған соң әділдікті қалпына келтіру ісін генералдар кеңесі, ардагерлік ірі ұйымдар өз қолына алды. РФ федералдық заңының мүмкіндік бергенін ескеріп, бұрынғы бірқатар кеңес наградасын Ресейдегі ардагерлердің қоғамдық ұйымдары тағайындай бастады. Бір айырмашылығы – бұл ордендердің мемлекеттік мәртебесі жоқ, себебі КСРО деген мемлекет жойылған.
Содан 2005–2006 жылдары көршінің қоғамдық ұйымдары Қазақстандағы ардагерлік ұйымдардан түскен құжаттар мен ұсынымдар негізінде лайықтыларды іріктеп, 43 ардагерге «Қызыл жұлдыз» қоғамдық орденін тағайындау туралы шешім шығарады. Наградаларды біздің қоғамдық ұйымдар әкеліп, военкоматта, ұйымдарда табыстады. Марапатталғандар арасында мен де бармын. «Қызыл жұлдызды» осылай екі рет алған кісілер бар. Қазіргі кезде де осылай тағайындап жатыр.
Өзім сыйлайтын, сол кезде «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығын басқарған Бақытжан Ертаев ағамыздың өзі бұл істі қолдағасын, әрі оның сол кездегі орынбасары Ильдар Закирович Келдияров ақсақалдың өзі әкеліп берген соң сеніп едім. Ауған соғысында Хара операциясына қатысқан біз, барлық жауынгер «Қызыл жұлдыз» (Орден Красной Звезды) орденіне ұсынылғанбыз. Алайда қазақтарға қырын қарайтын кеңестік саясат кесірінен ала алмадық. Себебі, «Қызыл жұлдыз» ордені Қазақстанның емес, тек Мәскеудегі КСРО ІІМ, КСРО Қорғаныс министрлігінің және КГБ-ның ұсынуымен ғана берілетін. Оларға «ұлтшылдығыммен» жақпай қалсам керек.
Әйтпесе, Ауған соғысы кезінде 3-ші рота командирі Байғали Қоқымбаев мені «Қызыл жұлдыз» және «Қызыл Ту» орденіне бірнеше рет ұсынды. Бұл жайында командирім маған 1981 жылғы 11 маусымда берген «қызметтік мінездемеде» (служебная характеристика) атап өтті. Соғыста взвод басқарғаным да сонда қолмен қойғандай көрсетілген. Құжатты төменде назарларыңызға ұсынып отырмын.
Ардагерлердің ұйымдары атынан 2005 жылы «Қызыл жұлдыз» төсімізге тағылғанда, оны біз әділдік қалпына келгендей қабылдадық. Сөйтіп, жұрт қатарлы тағып жүрдік. Басқаша қалай ойлауым керек?
Кейін, 2011 жылдың соңында Парламент сайлауы ұйымдастырылып, мен депутаттыққа ұсынылғанымда, қалаулы болғанымды қаламаған қарсыласымның бірі дәл қазіргідей шу көтеріпті. Бүгінде әлеуметтік желіде әлдебір жаңалықтай паш етіліп жатқан «Бөлебаевқа «Қызыл жұлдыз» берілген жоқ» деген архивтік анықтама сол кезде алынған: қарсыласым КСРО Қорғаныс министрлігінің Мәскеу облысындағы Подольск қаласында орналасқан Орталық архивіне сұрау салады. Ал ол архивте әрине, Бақытбек Бөлебаевқа қатысты ешқандай құжат болмайды. Себебі, Подольскідегі мұрағатта тек Кеңес Одағы кезінде «Қызыл жұлдыз» орденін иеленген жауынгерлер туралы деректер ғана сақталған. Ал КСРО ыдырығасын, тәуелсіз республикаларда ардагерлердің қоғамдық ұйымдары тапсырған ордендер туралы ақпарат ол архивте жоқ. Тиісінше, архив өзінде ондай адамның «Қызыл жұлдыз» алғаны туралы құжат жоғын айтып, анықтама береді.
Айтқандай, ардагерлік ұйымдар қолынан «Қызыл жұлдыз» алғандар сол орденін әлі күнге тағып жүр. Тақсын! Өйткені олардың әрқайсысы нағыз марапатқа лайық, ержүрек жауынгерлер. Олар бұл марапатты жайма базарынан емес, майдан азабынан алды деп есептеймін.
Дегенмен, қоғамда сын айтылған соң мен дереу «Қазақстан Ардагерлері» Қауымдастығының басқармасын жинап, елдің көзінше қоғамдық деңгейдегі «Қызыл жұлдыз» орденінен бас тарттым. Осы мәселе бұдан былай көтерілмеуі үшін өз еркіммен бас тартқанымды протоколға түсірттім.
Алайда 2016 жылы Парламент сайлауы ұйымдастырылғанда, бұл мәселені қайта қаузап, ол адам жоғарыға шағым жазды. Содан Алматыда ардагерлердің конференциясын өткізіп, істің мән-жайын түсіндірдік. Шағым иесі менен кешірім сұрап, екеуіміз қол алыстық. Осымен іс біткен.
Енді міне, 2020 жылы әлдебіреулер тағы да жыр қылып, арзан ұпай жинап, мәнсіз хайп жасауға тырысып отыр. Бірақ біздің халықтың көзі ашық, саяси мәдениеті жоғары. Қарау ниетін іске асырмақ болған әлдекімдердің шашбауын көтермесіне сенемін.
Батырлық ешқашан орден-медальмен өлшенбейді. Қазақтың байырғы батырларында да орден болмаған. Одан олар кішіреймейді, қайта биіктей, ұлы бола түседі. Біз де ауған даласында кеудеде жарқырар темір үшін емес, алдымен өмір үшін соғыстық, қасымыздағы қаруласты жау қолына тастамауға тырыстық. Мұның бәрін ақталу не мақтану үшін айтып отырған жоқпын. Жұртшылық, журналистер комментарий сұрап жатқасын баян етіп отырмын.
Ал Ауған ардагерлерінің өз арасындағы мәселені біз өзара келісіммен, бітіммен шеше береміз. Ауғандықтар топтарында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Ардагерлерден жан-жақты қолдау таптым.
3. «Қазақстанның ордендерін де сол жалған «Қызыл жұлдыз» ордені негізінде алыпсың»...
Қазақстанның наградалары Қазақстанға еңбек сіңіргені үшін беріледі. Мен мысалы, 2005 жылы «Құрмет» орденімен, 2012 жылы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталдым. Мұның Ауған соғысына да, Кеңес Одағының наградаларына да еш қатысы жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның ордендері азаматтарға экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбектері үшін, меморгандардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін тағайындалады.
4. «Ақпарат құралдары да айыптап жазыпты ғой»
Мен негізі, журналистиканы керемет жақсы көремін. Оны қараңғы сананы жарықтандырар шырағдан, қоғамның іріңін жазар санитар санаймын. Ақпарат құралдары өкілдерімен ең көп араласатын депутаттардың бірімін. Кезінде үйімде баспанасыз 3 журналистті паналаттым, олар қазір саладағы ірі тұлғаларға айналды. Журналистердің көбінде менің жеке ұялы телефонымның нөмірі бар, бәрі тікелей хабарласып жатады.
Ал жалған сөзді таратқан жекелеген өкілдеріне не дейін? Олар бәлкім, естімеген де шығар: фактчекинг деген бар. Мәселенің астарына үңілмей, байыбына бармай, шын-өтірігін анықтамай, жаза салғаныңыз қалай? Журналист атыңызға сын.
5. «Бақытбек өз ісінен өзі ұялып, фамилиясын ауыстырып алыпты»
Менің кеңес тұсындағы аты-жөнім Бақытбек Бөлебаев болатын. Ауған соғысына да сол фамилияммен аттандым. Оны ешқашан жасырған емеспін, кітаптарымда оны жазғам. Қайталайын: Смағұл фамилиясын алғаным – ардақ тұтатын, қасиет қонған кісі санайтын асыл әкемнің аруағына тағзымым! Бұл – қазақтың байырғы дәстүрі: қазақ баласының аты әрдайым әкесінің атымен қоса аталған. Смағұлдың Бақытбегі деген сияқты. Бұл азаттықтың, қазақтықтың белгісі!
Болмаса, қылмыс жасап, не алған кредитімді төлемеу үшін аты-жөнімді ауыстырған жоқпын ғой? Әр ісіне ұялған сайын фамилиясын ауыстыра беретін ақымақпын ба...
6. «Осы Бақытбек соғысқа да қатыспай, ерліктерін ойдан шығарған шығар?»
Мұндай тозақты бірде бір адамның басына салмасын деймін. Ғылымда «Ауған синдромы» деген ұғым бар. Ол қанша жыл өтсе де, санаңды сансыратар, жүрегіңді қансыратар жазылмас жараға айналады. Тәнді ауыртар таусылмас дерт, жанды қинар арылмас азап. Мен елге оралған соң, түн ортасында «Трое со мной, остальные в машину!» деп айғайлап, орнымнан атып тұрған, тіпті жерүйден шығып кеткен кездерім болды. Көпке дейін өзімізге өзіміз келе алмай, қиналып жүрдік. Қазір де Ауған тозағы түске кіріп, тыныштық бермейді.
Бүкіл Ауған соғысындағы ең бір ірі «Хара операциясы» кезінде батыр бабаларымызбен рухтанып, жанқиярлықпен соғысқанымды, ауыр жаралы қазақ жауынгерін күзетіп, майдан даласында жалғыз қалғанымды менің 1-ші ротамның командирі Николай Заколодяжный көзі тірі кезінде «Казправда» газетіне https://www.kazpravda.kz/articles/view/15-fevralya-den-vivoda-sovetskih-voisk-iz-afganistana/ естелік етіп, жазып кетті.
Ротам соғыс даласында жойылғандықтан мені Байғали Қоқымбаевтың 3-ші ротасына қосты. Егер қан-қасап соғысты көрмеген көлденең көк атты болсам, аты аңызға айналған «Қара майор» Борис Керімбаев мені қасына да жолатпас еді. Ерлікті шын бағалай білетін ұлы тұлға еді. 2018 жылы Ауған ардагерлерінің еліміздегі барлық ұйымдарын біріктіретін Орталық кеңес құрылып, республикалық ардагерлік ұйымдар басшыларының бәрі тиісті хаттамаға қол қойғанда, бұл жұмыстың жүгі QAZAQSTAN ARDAGERLERI Қауымдастығының төрағасы ретінде маған аманатталғанда, Борис аға Керімбаев ақ батасын берген, сенім артқан болатын.
Құдайға шүкір, кейінгі командирім Байғали Қоқымбаев – тірі, ғұмыры ұзақ болсын! Ол менің жалған сөйлеуіме жол бермес.
7. Қорыта келе не айтайын? Адамның кеудесіндегі жарқыраған жұлдызы емес, елге сіңірген еңбегі ел есінде қалады. Мен бар ғұмырымды елге қызмет етуге арнаған адаммын. Ұлт алдында адалмын. Ары қарай да қызмет ете беремін. Арым да, жаным да – ұлтым! Отанды сылдыр сөзіммен емес, мөлдір сезіммен, жүрек көзімен сүйемін, сіздерді де соған шақырамын.
Айналамыз тұтас бүлініп, жерімізге сыртқы жаулар көз тігіп отырған алағай-бұлағайлы заманда қазақтың қазақты жерлегені жарамас, ағайын!
Асылдың болса сынығы
Жаныңа жара салмайды.
Ақылдың болса тұнығы
Арыңды арашалайды.
Даңқ пенен атақ, мансап та
Халықпен таласа алмайды!
Өртеніп, күйіп, жан сақта,
Алыптар аласармайды...
Бақытбек Смағұл,
Қазақ үні