"Сыбайласқан жемқорлық - әлеуметтік жауыздық"
2020 ж. 08 қараша
2236
0
Қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл еліміздің үшінші мегаполисінде қарқын ала бастады. Қаланың дамуына, өскелең ұрпақтың өсіп-өркендеуіне, қоғамымыздың ілгері жылжуына едәуір кедергі келтіріп жүрген бұл дерттің асқынғандығы сонша – әр қызметтің, әр лауазымға орналасудың «құнын» бүгінде бесіктегі балаға дейін айтып отыратын жағдайға жеттік. «Мәселе шешілмесе» – оның «көнеден келе жатқан жолы», «нақты бағасы» бар. Қала тұрғындарының санасында қатып қалған осынау жаман «үрдісті» жайратып, ашық, таза, әділ қоғамға жол ашатын мезгіл жетті. Шымкенттік азаматтардың, лауазым иелерінің: «Мен сыбайлас жемқорлыққа үзілді-кесілді қарсымын!» деген ұстанымдары Қазақстанда қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиямен үндесіп, көпшілік көңілінен шығуда...
Асхат Жұмағалиұлы ЖҰМАҒАЛИ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығы:
«Еліміз сыбайлас жемқорлықтан арылмай, ілгерілеуіміз, қарқынды дамуымыз көптеген кедергілерге тап болары сөзсіз. Сондықтан біз мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, кешенді шараларды іске асырып келеміз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған стратегияның басты бағыты – превенция, яғни, жемқорлықтың алдын алу. Осы орайда, департамент жыл басынан бері көптеген алдын алу іс-шарасын өткізді. Оның жартысынан көбі онлайн форматында ұйымдастырылды. «Antikor Live» және «Adal Komek» жобалары іске қосылды. Онда мемлекеттік органдар қызметіндегі қоғамның рөлі туралы мәселелер талқыланып, мегаполис тұрғындарына құқықтық кеңестер беріліп келеді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат көрсетіледі. Сонымен қатар, біз басқа да жобалар бойынша жұмысымызды жалғастырып келеміз. Өзіңіз басқаратын Арнайы мониторингтік топ туралы айтсам, ол жүргізіп келген қоғамдық бақылау пандемияның бастапқы кезінде азық-түлік бағаларының шарықтауына, бетперде мен антисептиктердің таптырмас тауарға айналуына тосқауыл болды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және оған қарсы іс-қимыл бағытында басталған ауқымды іс-әрекеттер – карантин жағдайында жалғасып, аты жаман індеттен қорғану шараларына, індеттің алдын алу және қала жұртшылығын сақтандыру мәселелеріне ұласты».
Мұратжан Омарбекұлы ӘКІШЕВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанындағы Арнайы мониторингтік топ жетекшісінің орынбасары:
«Арнайы мониторингтік топ – бұрын-соңды елімізде баламасы болмаған қоғамдық негізде жұмыс атқаратын ерекше құрылым. Мониторингтік топ – Агенттіктің қазіргі төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаевтың ұсынысымен және тікелей қолдауымен дүниеге келген жаңаша үлгідегі ұйым. Оның республикалық және өңірлік құрылымдары бар. Арнайы мониторингтік топтың іс-әрекеті мен атқаратын жұмысы арнайы қабылданып, бекітілген Ережеге сәйкес жүргізіледі. Ол Ереженің баптарын талдап отырудың қажеті жоқ шығар. Бірақ, бір нәрсеге назар аударғым келіп отыр. Арнайы мониторингтік топ – жазалаушы, тергеуші, шара қолданушы орган емес. Бұл – еліміздің түрлі саласына қоғамдық бақылау жүргізетін ұйым. Негізгі бағытымыз – сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін зерттеп, мүмкіндігінше оларды анықтау, тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу. Қазіргі таңда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласындағы департаментінің бастығы Асхат Жұмағали мен оның бірінші орынбасары Талғар Серікбаев үлкен сенім артып, Арнайы мониторингтік топ жетекшісінің орынбасары жауапкершілігін мойныма артып жіберді – мен қарсы болған жоқпын. Өйткені, жемқорлыққа қарсы қасқая тұруға жігер де, тәжірибе де, ынта да жетеді».
Бақытжан Жолдасбекұлы ПОЗИЛОВ,
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы:
«Ауруды асқындырып алып, оны емдеуге бар күш-жігерді жұмсап, әбігер болғаннан гөрі – аурудың алдын алған көп тиімді. Сол себепті сыбайлас жемқорлық әбден тамырлап болған соң онымен күреске кіріскеннен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаған дұрыс. Шымқаланың медицина саласында бұндай келеңсіздіктердің жолына тосқауыл қоюды қолға алып отырғанымызды қуана хабарлағым келеді. Жалпы «ақ желеңді абзал жандардың» сыбайлас жемқорлықтан таза болғанын қалаймын».
Бұхарбай Рысқұлұлы ПАРМАНОВ,
Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі:
«Сыбайлас жемқорлық – бұл әлеуметтік жауыздық! Біріншіден, мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді. Екіншіден, мемлекеттік биліктің беделіне де едәуір залалы бар. Үшіншіден, қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіліктерін моральдік түрде құлдилатады, құлатады. Елдегі сыбайлас жемқорлықтың өріс алу дәрежесі экономиканың даму деңгейіне тікелей байланысты.
Мемлекеттің экономикалық және саяси дамуына кері әсер тигізетіндіктен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Осы стратегия іске асып жатса, қоғамымыз бұл дерттен айығады деген сенім мол. Бұл қылмыстың алдын алу үшін, жастармен кездесулер өткізіп, оларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды жетілдіру мақсатында студенттер арасында заңдылық пен жемқорлыққа қарсы тәртіп орнатып, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеуден бастауымыз қажет.
Жастардың алған білімдері оларды өмірде туындаған кез-келген жемқорлық атаулымен кездестірмейтіндігіне сенгіміз келеді».
Ғабит Патшаханұлы МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі:
«Сыбайлас жемқорлықпен күресу – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғана міндеті емес, әрбір азаматтың міндеті. Отаным, Елім дейтін нағыз азаматтардың қатары азайып, тәрбиесі мен жауапкершілігі төмен адамдардың көбейіп кетуінен болуы мүмкін. Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы, мемлекеттік міндеттерді орындауға өкілеттілік берілген адамдарға және оларға теңестірілген адамдарға қатысты қылмыстар мен қасақана заңды бұзып-бұрмалап, өз пайдасы мен мүддесін көздеген кез-келген әрекет сыбайлас жемқорлық болып табылады.
Өмірімде ешкімге пара беріп немесе біреуден алып көрмедім. Себебі, «әке көрген оқ жонар» дейтін қазақпыз, әкем менің әрдайым адалдыққа, «атаңның емес, адамның баласы бол» деп тәрбиелеген. Сондықтан, өз өмірлік қағидам мен алған тәрбие-білімімнің арқасында менің ондай сатқындық пен арсыздыққа баруым мүмкін емес. Дамыған елдер қатарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес тәсілдері сан алуан. Қай елдің тәжірибесі екенін білмеймін бірақ, коррупциялық әрекеті үшін – жұмыстан босап, барлық зейнетақы жинақтарынан айырылып, 4 буын (баласы, немересі, шөбересі, шөпшек) басшылық лауазымға орналасу құқығынан міндетті түрде айырылады екен».
Ғалымжан Молдабайұлы ИЛЬЯСОВ,
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі:
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Еңбекші ауданы әкімі аппаратында жыл сайын іс-шаралар жоспары бекітіліп, сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекеттерді болдырмау мен алдын алу мақсатында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы департаменті, аудандық прокуратура, ішкі істер бөлімі өкілдерін шақырта отырып, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері арасында және аудан аумағындағы білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер, құқықтық сабақтар тұрақты өткізіліп келеді.
Сонымен қатар, Заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аудан әкімі аппараты қызметшілері назарына дер кезінде жеткізіліп, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне байланысты заңмен көзделген жауапкершіліктер туралы тұрақты ескертіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
Аудан әкімі аппаратының ғимаратында баршаға көрінетіндей етіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жадынамалар ілінген, ғимараттың бірінші қабатында тұрғындардың өтініштерін қабылдауға арналған «ашық әкімдік» кабинеті жұмыс жасайды».
Ғалымжан Ордабекұлы ЗИЯБЕКОВ,
Шымкент қаласының тұрғыны:
«Жемқорлық – аса ауыр дерт. Бұл дертпен "бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып", бүкіл ел болып күреспесек, әсте болмас. Азаматтарымыз белсенді түрде бұл іске араласпай, заманауи демократиялық құқықтық мемлекет құру мүмкін емес. Сол үшін біз бәріміз бірігіп, ынтымақтаса, қоғамдағы жемқорлықпен күреске атсалысуымыз керек. Жемқорлықсыз жаңа өмір бастайтын мезгіл жетті. Ұрпақ үшін, болашақ үшін, құқық үстемдігі үшін Ұлы Дала елінде жемқорлыққа жол жоқ екенін дәлелдейік!»
Балтабек Исақұлы ТҮЙЕТАЙ,
Шымкент қаласының тұрғыны:
«Бiз жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Ал, шешiмi күрделi мәселелер бар, әрине. Ол – әлеуметтiлiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – сыбайлас жемқорлық. Елiмiзде арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық – өкінішке орай, бұл мәселе әлi толық шешiмiн таппай келеді. Жемқорлық әрекеттерінің бұлай белең алуы – біздің қоғамымыздағы жауапкершіліктің төменгі деңгейде қалыптасуы деп ойлаймын.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жоюда азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру керек. Әр адам өзінің азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, өз саласында адал қызмет атқаруы міндетті. Қоғамда азаматтарымыздың адалдығы мен жауаптылығын арттыру арқылы біз қуатты әрі жемқорлыққа жол бермейтін мемлекетті қалыптастыра аламыз».
Әсет Әссанди,
Шымкент қаласы бойынша
Арнайы мониторингтік топ жетекшісі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
qazaquni.kz