«Халық арна» тек діни мазмұндағы телебағдарламалармен шектелмейді - Ершат Оңғаров
2020 ж. 07 қараша
1683
0
ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Халық арна» телеарнасының жұмысына қатысты өткен онлайн брифинг барысында айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, 2020 жылдың 3 қарашасында мүфтияттың төл арнасы «Халық арнаның» ашылғанын зор қуанышпен жеткіземін. Діни басқарманың төл арнасын ашу жыл басынан қолға алынып келе жатқан іс. Осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. «Халық арнаның» мүфтияттың 30 жылдығы қарсаңында ашылуының өзіндік мәні бар. Қазір мүфтияттың медиа саласындағы әлеуеті жылдан-жылға жетіліп келеді. 30 жыл мерзім ішінде «Иман» журналы және «Мұнара» газеті оқырманға жол тартты. Бүгінде ҚМДБ қарасты 21 сайт жұмыс істейді. Бұдан бөлек, мүфтияттың жанынан ашылған «Хикмет» телерадиостудиясы бар. Діни, рухани бағыттағы аудио, видео өнімдерін жамағатқа он жылдан бері ұсынып келеді, - деді ол.
Ершат Оңғаров «Халық арна» телеарнасының жеке ғимарат, материалдық-техникалық қажеттіліктермен жабдықталғанын атап өтті. Арна «Отау тв», «ID TV» цифрлық арнасы арқылы елдің түкпір-түкпіріне таратылады.
«Халық арна» тек діни мазмұндағы телебағдарламалармен шектелмейді. Біз эфир бағытын ислам дінінің дұрыс танымын жеткізу, асыл құндылықтарын дәріптеумен қатар, тарихи тағылымдық жағына, қазақы салт-дәстүрге басымдық береміз. Эфирді сапалы контентпен толтыру оңай емес екені мәлім. Сол үшін арнайы жобалар мен талғампаз көрерменнің ойынан шығатын бағдарламалар дайындалып жатыр, - деді ол.
ҚМДБ төрағасының орынбасары брифинг барысында ҚМДБ тұғырнамасы ислам дінінің негіздері, шариғат шарттары және мінез-құлыққа қатысты үш үлкен бөлікті қамтитынын атап өтті.
ҚМДБ осы күнге дейін үш рет имамдар форумын өткізді. Осы форумда діни басқарманың жұмысына қажетті концептуалдық құжаттар қабылдады. Соған тоқталар болсам, бірінші ҚМДБ тұғырнамасы қабылданған болатын. Ол ислам дінінің негіздері, шариғат шарттары және мінез-құлыққа қатысты үш үлкен бөлікті қамтыды. «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумының аясында ҚМДБ ұйымдастырушылық-идеологиялық қызметіне жаңа серпін беретін бірқатар маңызы бар тұжырымдамалық құжат қабылданды. Ол «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы» деп аталды. Мұсылманның бойынан табылуы керек барлық игі қасиеттердің барлығы осы «Жеті рухани қазықтың» төңірегінде топтастырылды, - деді ол.
Ершат Оңғаров аталмыш құжат шеңберінде иманды, отаншыл, білімді, ауызбіршілік, еңбекқор, мәдениетті, әділдік сынды қасиетті 7 ұғымды халыққа кеңінен түсіндіру қарастырылғанын жеткізді.
Адамды кемелдікке жетелейтін осындай қасиеттер қазіргі қоғамда аса қажет. Дін мен руханият құстың қос қанатындай адамға аса қажет элемент болғандықтан, ҚМДБ-ның осы салада жұмыс атқаратын қызметкерлеріне аса керек және осы қасиеттер бойынан табылса, біз қоғамға ауызбіршілікті, ынтымақты, еңбекқорлыққа баулу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты қасиеттерді сіңіре аламыз деп сенеміз, - деді ол.