Коронавирусты қайта жұқтырмайтыныңа ешқандай кепілдік жоқ – Алмаз Шарман

Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман Алматы өңірлік коммуникациялар қызметіне берген сұхбатында COVID-19-бен ауырып, жазылғандардың қауіпсіздік және алдын алу шараларын сақтау қажеттілігіне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Коронавируспен ауырып, жазылғандар бәрібір қауіпсіздік шараларын сақтаулары керек. Себебі, коронавирустан басқа да біраз инфекциялар бар. Әсіресе қазір, тұмау маусымы басталып жатыр және аурудың алдын алып, ескерту маңызды. Тіпті егер сіз ауырып, жазылған күнде де коронавирус мұрын қуысында болуы мүмкін және вирус қол арқылы берілуі мүмкін. Міне, сол себепті де масканың қалай болғанда да тиімділігі бар. Әлеуметтік қашықтықтың да маңызы зор. Әлемде коронавирусты қайтадан жұқтырудың 5 оқиғасы белгілі болды. Осындай фактілер бар. Сол себепті, қайтадан жұқтырудың болмайтынына 100 пайыз кепілдік жоқ», - деп атап өтті А.Шарман. Оның айтуынша, зерттеулерге сәйкес, ауырып, жазылып шыққандарда антидене пайда болып, дамиды. Бірақ, соған қарамастан оның қанша уақыт сақталатыны белгісіз. «Ауру жұқтырғандардың бәрінің иммунитеті нығаятыны - белгілі нәрсе. Бірақ, сонымен бірге, басылу (сөну) феномені де бар, антиденелердің бастапқыда циклы жоғары болады, бірақ неліктен екені белгісіз, кейіннен төмендеп кетеді. Алайда тағы бір үшінші жағдай бар, ол - вирустың мутацияға ұшырайтыны, ол өзгеріп отырады. Соған қарамастан, оның өзгеріп отыратыны, дереу күшейіп, болмаса әлсірейтіні туралы дәлелдер бар», - деп атап өтті профессор. Қала тұрғындарының алдын алу шараларын күшейту қажеттігі туралы айтқан қазақстандық профессор масканы қолдану кезінде оны дұрыс тағу керектігін ескертті. «Маска тағу өте маңызды. Бірақ, масканы дұрыс таққан жөн. Мен көп адамның маскасын мұрнын ашып, иегіне тағып жүретінін жиі көремін. Бәріне үнемі вирустың көбі мұрын қуысында болатынын еске саламын, жай ғана ауызды жабу арқылы олар не өздерін, не басқаларды қорғамайды. Сол себепті маска тағу және оны дұрыс тағу маңызды. Екіншіден, маска тағу арқылы сіз тек өзіңізді ғана қорғап қоймай, басқаларды да ойлайсыз. Үшіншіден, адам көп жиналатын орындардан аулақ жүруге тырысу қажет. Еуропа мен АҚШ-та неге екінші толқын басталып кетті. Күннің салқындауына байланысты, адамдар ғимарат ішінде жиі отыратын болды. Нәтижесінде, адамдар топтасады, ал көп ғимараттардың желдетілуі қиын. Бұл темекінің түтіні сияқты. Егер сен ауасы желдетілмейтін бөлмеде отырсаң, темекінің түтіні бөлмеде айналып жүреді. Егер ғимаратта вирусты жұқтырған адам болса, вирусы бар аэрозоль ауада таралып, басқаларға жұғады. Сол себепті адам көп жиналатын орындардан, әсіресе, жабық ғимараттардан аулақ жүріп, бөлмені желдетіп, қашықтық сақтау керек. Осы ережелерді сақтау арқылы өзіңді аурудан қорғауға болады», - деп қорытындылады А.Шарман.