«Білім – Қазына» қоры білімді жастарға қамқорлық жасауда

Еуропа мен Азиядағы озық елдердің қатарына қосылудың бірден-бір жолы еліміздің білім беру жүйесі мен ғылыми әлеуетін жетілдіру екендігі баршаға айдай анық.

Ал жыл өткен сайын елімізде білім алушы қазақ жастарының көбеюі мен әлемдік стандарттарға сай арнайы діни білімге сұраныстың артуы Нұр-Мүбарак университетінің де мемлекеттік білім беру үдерісіндегі орын күшейтіп, дамудың жаңа белестерін бағындыруға жетелеуде.

Сол мақсатты, сол қажеттілікті өтеуді көздеген «Білім – Қазына» қоғамдық қоры 2015 жылы аталған университет жанынан құрылған болатын.

2019 жылдан бастап тың серпін, жаңа жоспарлармен жұмысын жандандырған бұл қоғамдық қордың негізгі атқаратын жұмысы, қызметіндегі басты мақсаты – Нұр-Мүбарак университетінің жаңа оқу ғимаратының құрылысын қаржыландыру болып табылады.

Бүгінгі таңда осы қоғамдық қордың мұрындық болуымен жалпы ауданы 36 мың шаршы метрді құрайтын жаңа оқу ғимаратының архитектуралық-құжаттық жобалау жұмыстары жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстарының дайындығы жүргізілуде.

«Білім – Қазына» қорының миссиясы Республикадағы арнайы жоғары діни білім беретін жалғыз оқу орнының тыныс-тіршілігіне, дамуына, жаңа белестерді бағындыруына материалдық қолдау көрсету болғандықтан, жаңа оқу ғимаратының құрылысын қаржыландырумен қатар студент жастардың әлеуметтік-материалдық жағдайларына қолдау көрсету (оқу ақысын өтеу, шәкіртақы төлеу), ұстаздар қауымының біліктілігін арттыруға демеулік жасау, оқу процессін инновациялық технологиялармен жабдықтауға атсалысу, университетте өткізілетін түрлі мәдени-тағылымдық іс-шараларға демеулік жасау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.

Осы орайда «Білім – Қазына» қоғамдық қорының демеушілігімен атқарылған жұмыстардың бірқатарын атап өтуге болады.

«Білім – Қазына» қоғамдық қорының қолдауымен Нұр-Мүбарак университеті студенттерінің арасында бұрын-соңды болмаған «Smart Student» мега ойыны ұйымдастырылды. Интеллектуалды ойында нағыз білімді, эмоциялық деңгейі дамыған, кез келген жағдайдан тез жол тауып кететін ұшқыр ойлы студенттерден құралған топтар айқындалды. Университеттің «Исламтану», «Дінтану», «Шет тілдері» және «Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер» кафедраларының студенттері өзара бақ сынаған ойын нәтижесі бойынша жеңімпаздарға кураторларымен бірге Ташкент, Бұқара, Самарқанд қалаларына саяхат сертификаты табыс етілді. Сондай-ақ алғырлығымен көзге түскен келесі бір студенттерге Алтай, Тарбағатай, Түркістан сияқты еліміздің әсем өңірлеріне саяхаттау мүмкіндігі бұйырды.

Жоғары білім алып, кәсіби білікті маман атану әрбір жастың көкейіндегі ізгі арманы екені белгілі. Бұл тұрғыда жастарға қолдау көрсету аса маңызды әрі сауапты іс екені айтпаса да түсінікті. Осынау игілікті іске атсалысу қосуды көздеген «Білім – Қазына» қоғамдық қоры студенттердің оқу ақысын төлеуге өз үлестерін қосып келеді. Мәселен, 2019-2020 оқу жылы Нұр-Мүбарак университеті студенттерінің оқу ақысын төлеуге 2 241 000 теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Сонымен қатар, «Білім – Қазына» қоғамдық қоры білім алу жолында аянбай тер төгіп жүрген жастардың студенттік өмірін мәнді де сәнді өтуіне өзіндік септігін тигізуде. Атап айтқанда, Нұр-Мүбарак университеті студенттері ұйымдастырған «WELCOME PARTY» кешіне қор тарапынан демеушілік көрсетілді.

Сондай-ақ, білім жолындағы жастарды қолдауды басты назарға алған «Білім – Қазына» қоғамдық қоры студенттердің ғылым саласында да да өздерінің жаңа қырынан танытуға атсалысып келеді. Атап айтсақ, Араб және ағылшын тілдер кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Көптілділік – бүгінгі заман талабы» атты IІ студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына демеушілік көрсетіліп, студенттердің ғылым саласының дамуына үлес қосуына мұрындық болды.

Сонымен қатар, «Нұр-Мүбарак» университетінде Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне орай ұйымдастырылған «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі!» атты іс-шара аясында өткен «Үздік оқырман» сайысына демеушілік көрсетілді. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің қанатын кеңге жайып, одан әрі дамуына септігін тигізген тағылымы зор шара болды.

Ертеңгі ел тізгінін ұстар жастарға қолдау көрсету – жарқын болашаққа бастаған игі қадам екені сөзсіз. Бұл тұрғыда болашағымыз болып табылатын жастарды қолдаудан танбаған «Білім-Қазына» қоғамдық қоры Алматы қаласы университеттері жастар комитеттері басшыларынан құралған G39 ұйымының жиналысын өткізуге демеушілік көрсетілді. «G-39» ұйымы – Алматы қаласындағы бүкіл жоғары оқу орындарындағы студенттер бөлімінің басшылары және Жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары мен төрайымдарының басын біріктірген ұйым. Нұр-Мүбарак университетінде бас қосқан «G-39» ұйымы Оңтүстік Астанадағы ЖОО студенттері арасында өтетін маңызды мәселелер талқыланып, университтеттер арасында бірлесіп атқарылатын іс-шаралар жоспары құрылды. Сонымен қатар,Нұр-Мүбарак университетіне оқуға Африкадан келген студенттердің құжаттарын рәсімдеуге демеушілік жасалды.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтіліп жатқаны баршамызға мәлім. Ел өмірі үшін маңызды саналатын атаулы дата аясында Нұр-Мүбарак университеті студенттерінен құралған «Самғау» еріктілер тобының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілген іс-шараға демеушілік жасалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-

шара ұйымдастырылатындығы мәлім болды. Осы мақсаттарды негізге алып, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде тәрбие істері және әлеуметтік даму департаментінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай әуе шары ұшырылды.

«Білім – Қазына» қоры аты айтып тұрғандай білім саласының дамуына мүмкіндігінше зор қолдау көрсетуге ұйытқы болып келеді. Атап айтқанда, Нұр-Мүбарак университетінің материалдық-техникалық базасын жетілдіруге қолдау көрсетті. Оқу орнының аудиторияларына, кітапханасына мен мәжіліс залына жөндеу жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Сонымен қатар, университетті жаңа компьютерлермен, проекторлармен жабдықтауға өз үлесін қосты.

Білімнің бұлағы саналатын кітап – басты қазынамыз. Кітап өндірісіне демеушілік жасау – сауабы зор іс. Осы мақсатта қордың қолдауымен университет бағдарламасына сай мазмұндағы әдебиетердің жарық көруіне қолдау көрсетілді. Бұл өз кезегінде жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау.

Сондай-ақ, Нұр-Мүбарак университенің жатақхана жабдықтарын жаңалауға да «Білім-Қазына» қорының қолдауымен қаржы бөлінді.

Бұл, қордың атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Болашақта да еліміздің білім саласын дамыту ісіне зор қолдау көрсетіп, білімді жастардың білікті маман ретінде қалыптасуына өзінің зор септігін тигізе бермек. Атқарылған ауқымды істердің барлығы «Білім-Қазына» қоғамдық қорының президенті Оралхан Сейдмановтың тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқанын атап өтуге тиіспіз.

Алдағы уақытта да «Білім-Қазына» қоғамдық қоры осы бағыттағы жүйелі жоспарларын жүзеге асыру бойынша жанды жұмыстарды жалғастыра бермек.

Ерсұлтан КҮДЕРОВ,

qazaquni.kz