МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН УНИВЕРСИТЕТТЕР ҚҰРУ КЕРЕК

    Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасына байланысты жоғары оқу орындарын тексеру жүріп жатқанын, нақты осыншама жоғары оқу орны жабылу керек деген меженің жоқ екенін, басты талап – сапалы білім екені, сол үдеден шыққандары қалады, қалғаны қысқарады дегенін ақпарат құралдары таратқан болатын. Енді, сол сапаны қалай қамтамасыз ету керектігі жөнінде сөз қозғамақпыз.

    Жоғары білім сапасы еліміздің даму стратегиясындағы басымдық берілген бағыт екені белгілі. Адами капиталдың бәсекеге қабілеттігі әлемнің озық отыз елінің қатарына ену үшін рөлі ерекше. Бүгінгі күні еліміздің жоғары оқу орындарының бәрі сапалы мамандар даярлауда деп айтуға әлі ерте сияқты.

Университет түлектерінің жұмысқа орналасу пайызының төмендігі, сапалы білім бермейтін, тек диплом берумен шектелетін жоғары оқу орындарын қысқарту туралы Президенттің өзі тапсырма жүктегені – мемлекеттік маңызы мол мәселе екенін аңғартса керек. Ендеше, Елбасы көрсеткен көкейтесті мәселелерді жүзеге асыруда бірінші болып қолға алынуы тиіс іс-шаралар қатарында білім бағдарламаларының сапасы, оның жұмыс берушілерді қанағаттандыру болу керек.

Соңғы кезде тапсырманы орындау аясында 2-3 университеттің жабылғаны және бірнеше жоғары оқу орындарының 25 мамандықтарының лицензиялары тоқтатылғаны ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Алайда, лицензиясы тоқтатылды деген университеттер министрліктің шешімімен келіспей, сотқа жүгінуде. Яғни, сот процестері жалғасуда.

Лицензия демекші, министрліктің университеттерге жоғары білім беру құқығын беретін Бас лицензиясының күшін тоқтатуы туралы түпкілікті шешімі көпшілік тарапынан түсінбеушілік тудыруда. Мысалы ретінде, Кеңес одағы кезіндегі Қазақстандағы темір жол саласы мамандарын дайындайтын жалғыз институт – бүгінгі күнгі қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиядан айыруды айрықша жағдай түрінде қабылдауға болады. Келесі жылы құрылғанына тоқсан жыл болатын қара шаңырақ, ал жарты ғасырлық тарихы бар, темір жолдың мықты мамандарын даярлаған, Орта Азиядағы белгілі жоғары оқу орны аталған, мамандандырылған материалдық базасы бар өзге академияны елімізден табу қиын. Сонда, жабылған академия студенттері еліміздің қандай мамандандырылған жоғары оқу орны ауыса алады деген сұрақтар ата-аналарды мазалауда.

Біздің ойымызша, Білім және ғылым министрлігі университеттердің бас лицензиясын тоқтатпай, жұмыс берушілерді біліктілігі қанағаттандырмайтын мамандақтардың лицензиясының күшін жоюдан бастағаны жөн болар еді деп есептейміз. 50-60 мамандықтың ішіндегі талаптарға сай келмейтін 5-6 мамандық үшін, жалпы жоғары оқу орнының лицензиясын алып қоюы көпшіліктің көкейінен шықпай отырғаны да рас.

«Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың: «Білім бағдарламаларының 32%-ы ғана жұмыс берушілердің көңілінен шығады, 15,6 %-ы іске жарамсыз, қалған 52 %-ы күрделі өзгертуді қажет етеді. 29 университеттің білім бағдарламасының 80 %-ы өзекті емес... 45 %-нда қоғаммен қарым-қатынас орнату, командамен жұмыс істеу, өз ойын ашық жеткізу, сыни ойлау қабілеті сияқты еңбек дағдылары жоқ», - деген пікірі білім бағдарламаларына деген талапты күшейту керек дегенімізге дәлел екенін айтқанымыз абзал.

Президент тапсырмасына сәйкес, жоғары оқу орындары лигасын құру бойынша критерийлерді анықтағанда, институционалды емес мамандықтар бойынша айқындалуы керек. Біздің ойымызша, бір университетің өзі 50-60 мамандық бойынша, әлемдік деңгейде сапалы білім беретін университеттер рейтінгісіне енуі өте күрделі екенін түсінуіміз керек. Кеңестік кезеңде «Нархоз» институты десек – экономистер, «КазГУ» десек – заңгерлер мен журналистер, «КазПИ» десек – педагог мамандықтарының ұстаханасы екендігін айтпаса да, жұртшылық жоғары бағалайтын. Қазіргі кезде, қандай университет қайсы мамандыққа мамандандырылғанын айту өте қиын. Барлық университет жоғарыда айтқанымыздай – «әмбебап», яғни, мамандықтар сапасы емес, саны көрсеткішке айналып кеткен сияқты. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры қызметін атқарған, кезінде, Қазақстандағы жоғары оқу орындарын оңтайландыру бағдарламасына сәйкес, министр Жансейіт Түймебаев басшы, біз қосшы болып 35 жоғары оқу орны мен 82 филиалдарды қысқартуға қол жеткізген маман ретінде, Президенттің жоғары оқу орындарын лигаға бөлу тапсырмасын елімізде мамандандырылған университеттер құрудан бастау керектігін айтқым келеді.

Мамандықтар бәсекелестігі негізінде рейтингісі ең жоғары оқу орны мамандандырылған университеттің көшін бастап, әлемдік деңгейдегі университеттермен бақ таластыра алатынына сеніміміз мол.

Рейтингі демекші, Білім және ғылым министрлігі айқындаған, «Атамекен» палатасының жүргізіп отырған рейтингі анықтау ісіне «Жоғары оқу орындары қауымдастығы» қоғамдық ұйымын да жұмылдырсақ, жұмыстың жемісті болары күмән тудырмасы анық. Өйткені, еліміздегі қайсы университеттің қандай деңгейде екенін бұл қауымдастық өте жақсы біледі. «Атамекен» жұмыс берушілердің пікірін жинақтап, талдау жүргізсе, ал «Жоғары оқу орындары қауымдастығы» біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындауда қосар үлесі мол болар еді деген ойдамыз.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарын тексергенде, Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттік пен Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттіктерінен жоғары баға алған университеттердің де жабылуы жағымсыз пікірлер қалыптастыруда. Ұлттық рейтинг ұйымдарының ұйғарымы Білім және ғылым министрлігі тарапынан есепке алынбай ма деген сұрақтар туындауда. Бұл да – ойластыратын мәселе.

Жоғары білім сапасын қалай көтереміз десек, шетелдік тәжірибеге мән беруіміз керек. Әлемдік практикада жоғары білім жөніндегі диплом, студенттің мамандық бойынша оқу бағдарламаларын меңгергенін меңзейді. Ал, мамандыққа сәйкес немесе сәйкес еместігін біліктілік комиссиясы айқындайды. Мысалы, бітіруші банк жүйесі мамандығын тәмәмдайтын болса, әртүрлі банк қызметкерлері, банк жұмысын реттейтін агенттік өкілдері және жоғары оқу орындарының оқытушыларынан құралған біліктілік комиссиясы оның банк ісі маманы деген қорытынды шығарып, біліктілік сертификатын береді. Жұмыс берушілер дипломға емес, сертификаттағы біліктілік қорытындысына сәйкес қызметке қабылдайды.

Еліміздегі жоғары білім жүйесіне біліктілік сертификаттары енгізіліп, студенттерге мамандандырылған жоғары оқу орындарында жаңартылған, жұмыс берушілердің сұранысын қамтамасыз ететін оқу бағдарламалары негізінде білім беру талап етілсе, жоғары білім сапасы қамтамасыз етілері сөзсіз.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҚР ҰҒА академигі,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстан Республикасы білім беру

ісінің құрметті қызметкері