Дихан Қамзабекұлы: Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамыту ісін қолға алғаны құба-құп

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы өткені туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде бұған дейін хабарланған болатын.

Форум аясында Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев қазақ тілін меңгеріп, үйреніп жүргендерге зор алғысын білдірген еді.

Форумға, сондай-ақ, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, тіл жанашырлары, ҚХА мүшелері мен жастар ұйымдары қатысып, шара барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйрену тәжірибесімен бөлісе келе, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамыту ісін қолға алғанын құптады.

− Тілге қатысты біздің ғұламаларымыз, зиялыларымыз: «тіл коммуникация, яғни байланыс құралы ғана емес, тіл – мәдениет, тіл – зиялылық» дейді. Яғни, кімде-кім мемлекеттік тілді қаншалықты білсе, оның соншалықты зиялы болғаны.

Ассамлеяның төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа, төраға орынбасары Ж.Қ. Түймебаевқа қазақ тілі туралы ерекше форматтағы мәдени жиын өткізгеніне біз білім саласының елорда зиялыларының атынан алғыс білдіргіміз келеді. Форумның аты да, заты да ерекше «Ұлы даланың ұлтаралық тілі». Форумға қатысқан этностар өкілдерінің қазақ тілінде емін-еркін сөйлегеніне қатты риза болдым. Шынымен, заман өзгерді, онымен бірге түсінік өзгерді. Қазір ұлт, этнос, мемлекет деген ұғымдардың барлығына жаңа сипат берілді. Мәселен, ұлт пен мемлекет – бір сипаттағы сөздер. Мысалы, ұлт дегенде Қазақстан мемлекетін, ұл тіл дегенде Қазақстан мемлекетінің тілін айтамыз.

Бүгін де Ассамблея айрықша зиялылықтың алаңы. Бұл алаң түрлі зиялы тұлғаларды шақырып, ой бөлісуге зор мүмкіндік туғызады. Елдің бірлігін нығайту жолында ұшан-теңіз септігін тигізіп келе жатқан Ассамблеяның осындай алаңда мемлекеттік тілді дамыту ісін қолға алып отырғаны құба құп. Бұл алаңның әлі де ғылым және білім саласындағы тәжірибелі жастардың қатысуымен сапасы арта бермек деп білемін, - деді ол.