Асыл қасиет табиғатты сүюден басталады
2020 ж. 31 қазан
2349
0
Таяуда Нұр-Сұлтан қаласында «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтер мен табиғат зерттеушілерінің республикалық форумы онлайн форматта өтті. Білім алушыларды табиғатты қорғау қызметіне тарту, экологиялық мәдениеттілік пен сауаттылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған форумға Шымкент қаласы атынан қалалық кезеңде жеңімпаз болған алты оқушы қатысты. Жыл сайын республика көлемінде өткізілетін форум алты номинация бойынша ұйымдастырылды.
Олар: виртуалды саяхат бойынша «Туған өлке тарихы» номинациясы, зерттеу жобалары – «Жасыл экономика» номинациясы мен «Денсаулық және қоршаған орта» номинациясы, видеороликтер презентациясы бойынша «Экоболашақ» номинациясы, экодизайнерлер бойынша «Жасыл оазистер» номинациясы мен «Жеңіс мамыры» – панно немесе коллаж байқауы.
«Табиғатты аяла» форумның республикалық кезеңінің қорытындысының нәтижесінде №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының оқушысы Әсеретбек Нұрасыл «Жасыл оазистер» номинациясы бойынша 1-ші орынды иеленіп, ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының I дәрежелі дипломымен және бағалы сыйлығымен марапатталды. Ал «Экоболашақ» номинациясы бойынша №89 IT мектеп-лицейінің оқушысы Борашева Сара ынталандыру сыйлығын алды. Сонымен қатар, Шымкент қаласынан қатысқан топтың жетекшісі «Экология, өлкетану және туризм орталығы» КММ әдіскері Алагөзова Салтанат ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
Біз жасөспірімдерді туған жердің табиғатын сүйіп қана қоймай, оны қорғауға құштарлыққа, жастайынан салауаттылыққа тәрбиелеп жатқан мекеменің жұмысымен танысып білім алушыларын басқаларға үлгі ету мақсатында Шымкент қаласы Білім басқармасының «Экология, өлкетану және туризм орталығы» КММ бардық. Мекемені 2014 жылдан басқаратын Ұлжан Қамытбекованың айтуынша осыдан 66 жыл бұрын «Жас натуралистер станциясы» болып құрылған мекеме облыс Түркістанға көшіп, қала мегаполиске айналғанда қалалық Білім басқармасына беріліпті. Мекеме директоры:
– Бізде 32 бағыт бойынша үйірмелер жұмыс жасайды. Оған қала мектептерінен 750-дей оқушы қатысады. Арнайы дайындалған қосымша білім беру бағдарламасы қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. 160 топтағы білім алушылар санын 1500-ге жеткізу көзделуде. Жалпы, қалада қосымша білім беретін түрлі бағыттағы 9 мекеме бар, соның ішінде экологиялық бағыттағы мекеме біздің осы орталық қана. Мекемеміздің мақсаты – жеткіншектер мен жасөспірімдердің туған табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту, экологиялық мәдениет қалыптастыру арқылы табиғатты қорғауға тәрбиелеу және салауатты өмірге бейімдеу.
Мекемеде «Жас табиғатшы, «Жас зерттеуші», «Жас эколог», «Жас өлкетанушы», «Жас құтқарушы», «Жасыл дәріхана», «Жаяу туризм», «Экология ландшафтану», «Экология және өсімдіктер», тағы басқа да үйірмелерде тәжірибелі ұстаздар балаларға экологиялық бағытта арнаулы қосымша білім береді. Үйірмелер атынан байқалып тұрғандай біз оқушыларды табиғатты аялауға, туған аймақтың экологиясын танып-білуге, туризмнің экологиялық, табиғатты тамашалау түрлеріне қосымша оқытып, үйретеміз. Сол салалардың сыры мен қырына қанықтыруға, құштарлықтарын оятуға тырысамыз. Тек қатысушы оқушыларды ғана емес, түрлі жиындар, табиғат аясына туристік саяхаттар, слеттер мен форумдар, басқосулар өткізу арқылы қаланың барлық оқушыларының да қызығушылығын оятып, табиғатты сүюшілер қатарын көбейту бағытында жұмыс жүргіземіз.
Тәрбиеленушілеріміз қалалық, республикалық жарыстарда, байқау, форумдарда жеңімпаз, жүлдегер болып қаламыздың абыройын арттырумен бірге қатарластарына үлгі-өнеге болуда.
Баланы жастайынан белгілі бір нәрсеге қызықтырып, уақытын тиімді пайдалана білуге үйретіп, үздік оқумен қатар әрнәрсеге қызығушылығын оята білсек, олардың танып-білуге құштарлығы артады. Туған жердің табиғатына құштарлық арқылы туған жерге сүйіспеншілігі оянып отаншылдық қасиеті қалыптасады. Жаяу туризм, табиғат аясына саяхат, зерттеп-білуге арналған жиындарға қатысу арқылы денесін де шынықтырады, бір-бірімен араласу арқылы мінездері ашылады. Міне, салауатты өмірге бейімдеу дегеніміз осы.
Экологиялық мәселелер мен экотуризм бүгінде әлем назарында. Мемлекет басшылары да аймақтардағы туризмді дамыту, экологияны жақсарту бағытында жұмысты жандандыруға кірісті. Ал ол жұмыстарды атқаратындар жас кезінен осылай табиғатқа, туризм мен саяхатқа қызығып өссе қандай мықты мамандар болар еді, жұмыстары да нәтижелі болар еді. Сондықтан да біздің экологиялық орталық сияқты жас ұрпақты табиғатты, отанды сүюге, салауаттылықты өміріне серік етуге тәрбиелеп, бағыттайтын мекемелерге ерекше көңіл бөлетін уақыт жетті, деп ойлаймын. Мен облысқа қарап тұрған кездің өзінде көп ізденіп, орталықты заманауи ғылыми орталыққа айналдыру арқылы оранжерея, қысқы бақ, зертхана, тәжірибелік лабораториясы, жылыжайы, туризмге баулитын орыны, арнайы кітапханасы бар жаңа ғимарат салуды ұсынып келемін. Тіпті, облысқа қарап тұрған кезде жаңа ғимараттың жобасын, макетін де жасап қойғанмын. Облыс басшылығы ұсынысымды қарастыруды қолға алған еді. Қазіргі кезде қала әкімдігі мен Білім басқармасынан да көп үміт күтудеміз. Ең болмағанда бизнестік әріптестікпен болса да жаңа ғимаратты салуға көмектессе, біздің орталықта мектеп оқушылары ғана емес колледж, жоғары оқу орны студенттері де келіп ғылыми негізде көп нәрсемен айналысар еді, – деп экологиялық орталықтың жаңа ғимаратының сызба-жобасын да көрсетті.
Әрине, ол жоба іске асса қаламыздағы жасөспірімдерді салауаттылық өмірге бейімдеуге үлкен септігі тиер еді. Әрі еліміздің болашағын сеніп тапсыратын жан-жақты дамыған, салауатты өмір сүретін жастар өсіп шығар еді.
Жақында ғана астанамыздағы республикалық экологиялық форумнан бас жүлдені қанжығасына байлап қайтқан №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының 8 сынып оқушысы Әсеретбек Нұрасыл Нұрланұлы болашақта сондай жастардың бірі болатынынан үміттендік.
Нұрасыл үздік оқумен қатар жастайынан үйінде түрлі гүл өсіруге, табиғатқа құштар екен. Сонымен бірге бала күнінен музыкалық аспапта ойнау, қазақ ақындарының, оның ішінде Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін жатқа оқу мен спортпен айналысуды да сүйеді. Нағашы әжесі Әзиза Аманқұлова 35 жыл педагог болған, анасы Әсел Тұрышева он бір жылдан бері «Дарын» балаларға арналған мамандандырылған IT лицейде биология пәнінің жоғары дәрежелі мұғалімі болып еңбек етеді. Нұрасылдың салауатты өмірге құштарлығын оятып, тәрбиелеуде қос ұстаздың ықпалы да болған сияқты.
Бесінші сыныпта оқитын қарындасы Аймерек те ағасына еліктеп өсіп келеді. Ол би өнеріне – балетке құштар екен. Оның да жетістіктері жеткілікті, екі медаль, бір кубокпен қоса үлкен жарыстың гран-приін де жеңіп алған. Ең бастысы, қос жеткіншек те бос уақытын тиімді пайдаланып, ұнататын істерімен айналысып, өмірге жан-жақты қызығушылықпен, танып-білуге, үйренуге деген құштарлықпен өсіп келеді.
– Бос уақытыңда не істейсің? – деген сұрағымызға Нұрасыл, өзінде бос уақыт дегеннің болмайтынын айтты.
– Таңертеңгілік дене жаттығуларын жасап, мектепке барамын, одан соң форкаут – турникте түрлі жаттығулар жасап дене шынықтыру спорт секциясына қатысамын, үйге оралған соң үйдегі гүлдеріммен айналысамын, сабаққа дайындаламын, келесі күні экологиялық үйірмеге келемін. Арасында кітап оқып, интернеттен гүл, өсімдік туралы қызықты нәрселерді оқып, танысамын, – деп әр күнін тиімді пайдаланатынын білдірді. Нұрасыл гүлдерден кестелеп түрлі заттардың бейнесін жасауды жақсы көреді екен. Бізге кейінгі кезде алуан түрлі гүлдерден жасаған «Қолшатыр» және «Ана келбеті» деген еңбектерін көрсетті.
Пәтерде гүлдің бірнеше түрін өсіреді, базардағы гүл өсіріп, сататындардан арнайы құнарлы топырағын, гүлдің тұқымын не көшетін сатып алады екен. Ол мектепті «Алтын белімен» бітіруді алдына мақсат етіп қойыпты. « – Дәрігер мамандығын меңгермекпін, өйткені, адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сіз айтып отырған салауатты өмір сүру қағидасын әр бала ұстанса, жаман әдеттерден аулақ болып, уақытын тиімді пайдаланып, белгілі бір нәрсеге қызықса, спортпен айналысса елімізде дені сау адамдар көп болады. Менің достарымның да көпшілігі түрлі нәрселерге қызығып, сонымен айналысады. Олар да өскенде елімізге пайдалы іспен айналысып, отаншыл, еңбекқор болатынына сенемін», – дейді жас табиғат танушы.
Нұрасылдың әжесі Әзиза апа да:
– Қазақ атамыз баланы жастан, дегендей әр бүлдіршінді кішкентай кезінен ұлттық тәрбие негізінде тәрбиелеу көп мәселелерді шешеді. Білім берумен бірге еңбекке баулу арқылы жақсы қасиеттерді бойына дарытамыз. Қазіргі дамыған заманда баланы қызықтыратын нәрсе көп, тек ата-ана жұмысы қанша қауырт болса да балаларына көңіл бөліп талшыбық кезінде дұрыс бағыт-бағдар беруге тиісті. Сонда еліміздің болашағы жастарымыз жақсы азамат болып қалыптасады, – деп ұлағатты ұстаздық туралы пікірін ортаға салды.
Нұрасыл Әсеретбекті Астанадағы республикалық экологиялық форумға дайындаған осы мекеменің әдіскері Салтанат Алагөзова әмбебап маман екен. Ол биолог, агроном мамандықтарын меңгерумен қоса жаратылыстану ғылымының магистрі, М.Әуезов университетінің ауыл шаруашылық факультетінде жұмыс істеген тәжірибелі ұстаз ретінде экологиялық орталықта да оқушылармен белсенді жұмыс істеп ұстаздарға ереже дайындау, іс-шара ұйымдастыру, көмекші, көрнекі құралдар, методикалық кітапшалар жазып шығаруға көмектеседі. Орталықтағы бес әдіскер биолог, эколог, тарих және басқа пәндердің педагогтарымен қоян-қолтық жұмыс жүргізіп, осындағы 17 үйірмеге қатысушыларға жан-жақты білім беруге атсалысады. Сол сияқты мектептермен жұмыс жасап, орталыққа оқушылар тарту, оларды табиғатқа қызықтыру мәселелерімен де шұғылданады.
– Экология мәселесі елімізде ғана емес дүниежүзілік деңгейде өткір тұр және жыл сайын күрделене түсуде. Сондықтан, әрбір қазақстандықтың еліміздің экологиялық жағдайынан хабардан ғана болып қоймай, оны жақсартуға белсенді үлес қосуы үшін жас кезінен табиғатпен, қоршаған ортамен, аймағының табиғи жағдайымен таныс болуы тиіс. Мектепте де бұл мәселеге көңіл бөлінуде, бірақ, дәл біздің орталықтағыдай кешенді түрде таныстыру, қосымша білім беріп оқыту, көзбен көрсетіп қолмен ұстату жоқ. Сол себепті мүмкіндігінше әр баланың экологиялық орталыққа келіп, үйірмелерге қатысуы олардың бәрін эколог етпесе де, қай мамандықты меңгерсе де туған жердің табиғатына жанашырлықпен қарайтын азамат болып есеюіне көмектесер еді.
Салауатты өмір сүру дегеніміздің өзі әр адамның бойында мейірімділік, туған жерге сүйіспеншілік, отаншылдық, еңбекқорлық, адамшылық қасиеттерімен бірге келетіні белгілі. Ал жастайынан табиғатпен етене танысып, оны біліп, зерттеп, қорғап өскен жеткіншектер есейгенде жоғарыдағы қасиеттердің көбін бойына сіңіріп өсетіні анық. Еліміздің болашағы – жастарымызды салауатты өмірге тәрбиелеудің бір негізгі бағыты экологиялық орталықта деп санаймын. Сондықтан мегаполис басшылығы жолын тауып біздің экологиялық орталықты кеңейтіп, заман талабына сай жасақтауға қол ұшын берсе нұр үстіне нұр болар еді. Табиғатқа қызығушы, қорғаушылар қатары да әлденеше өсер еді, – дейді.
Шымкент қаласы Білім басқармасының «Экология, өлкетану және туризм орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі табиғатқа құмар оқушылармен жан-жақты жұмысты көріп жеткіншектерді салауаттылыққа табиғатқа қызығушылығы арқылы тәрбиелеудің де мәнділігіне көз жеткіздік.
Аманғали ӘБУОВ
qazaquni.kz