1 500 гек­тарға жуық жер та­мыр-таныстықпен берілген - Әбіл­хайыр Тамабек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қа­зақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жердің шетелдіктерге сатыл­майтынын, алайда барынша тиімді пайдаланылуы қажеттігін баса айт­қаны белгілі. Бұған қатысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев  әкімдікте өткен жиында «жер ешкімнің әкесінен қал­ған мұра емес» деп нақты ұстанымын білдірген болатын. Аймақ басшысы тіпті игеру­сіз жатқан жерлердің иесі кім болса да мем­ле­кетке кері қайтаруды құ­зырлы мамандарға тап­сырған. Мұндай та­лапты тапсырма бай-манап­тардың қабырғасына  батып, жон терісіне шоқ басқандай болғаны даусыз.

Жамбыл облысы әкім­дігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау бас­қармасының басшысы Әбіл­хайыр Тамабектің айтуынша, жыл басынан бері жүргізілген тексерістер талай сұмдық пен қулықтың бетін ашқан екен.

– Жамбыл облысының әкі­мі Бердібек Сапарбаевтың тап­сырмасына орай, биыл игерусіз жатқан 70 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда басқарма бұл міндетті 86 пайызға орындап, 60 мың гектар жерді қайтарып отыр. Одан бөлек, Шу ауданында  13 474 гектар жер  заңсыз берілгені  анықталып, қазіргі таңда мемлекетке кері қайтарылды. Сонымен қатар 1 100 гектардан аса жерге қатысты басқарма тарапынан сотқа талап-арыз жолдануда.

Жалпы, Шу ауданында заң­ды белден басып, жерді заң­сыз иемдену ашықтан-ашық жүргізілген. Олай дейтініміз – ағымдағы жылдың 24 шілдесі күні жер конкурсы өткізіліп, 308 өтінім қаралады. Комиссия мүшелері 107 жер учаскесі бо­йынша 85 адамды жеңімпаз деп таниды. Алайда арада апта өтпей, аталған комиссия шешіміне қатысты 8 арыз келіп түсті. Оның біреуі – ұжымдық арыз. Мамандарымыздың тексеруінің нәтижесінде көптеген өрескел бұзу­шылық анықталды. Сондай-ақ 1 500 гек­тарға жуық жер та­мыр-таныстықпен берілгені бел­гілі болды. Оның ішінде ко­миссия мүшесі бола тұра өзі­нің баласына немесе анасына жер алып берген фак­тілер бар. Мәселен, Шу ауданы Шоқ­пар ауылдық округінің әкімі комиссия мүшесі болып өз баласына жер алып берген. Мемлекеттік қызметкерлердің жақын туыстары жер алмасын деген заң жоқ. Алайда өзінің туысы болғандықтан, округ әкімі мемлекеттік қызметтің тәртібі бойынша  баласының өтінімін бағалаудан бас тартуға міндетті еді. Бірақ әкім өз ба­ласына дауыс беріп, жерді иеленуіне қолғабыс етіп отыр. Сол секілді комиссия мүше болмаса да, аудандық мәслихат хатшысының комиссия отырысында оты­рып, соңы оның баласы жер алу фактісі тіркелді. Осы сияқты 107 қаулының заңсыз шығарылғанын дәлелдеп, біз қаулылардың күшін жою және бұзушылыққа жол берген жа­уаптыларды жазаға тарту тура­лы ұсыным бердік. Алайда ау­дан әкімі тек бір маманды ғана жазалағаны туралы жауап жол­дады. Біз мұнымен келіспей, мем­лекеттік қызмет  нормасын бұз­ған ауылдық округ әкімі мен комиссия отырысында бұ­зушылықтарға жол берген ко­миссия төрағасын жазалау ту­ралы қайта ұсыныс жолдадық,  – дейді басқарма басшысы.

Әбілхайыр Ғалымұлы ко­миссия төрағасының кеңес қа­ғидасын бұзғаны видеоға анық түсіп қалғанын айтады. Де­мек, аталған факті бойынша Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров нақты шешім қа­был­дағаны жөн. Әйт­песе, «жең ұшынан жалғасқан сыбай­ластықтың ұшы аудан әкімі жағынан шығып тұр  ма?»  деген ой тууы мүмкін.

Жуырда басқарма мамандары Жамбыл ауданына да тексеріс жұмыстарын жүргізіп, 10 мың гектарға жуық жер бойынша құ­қыққа сыйымсыз қаулылар қабылданғанын  анықтаған. Атал­ған факті бойынша қазір ау­дан әкіміне бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама жолдан­ған. Оларға олқылықтың орнын толтыруға 1 ай уақыт беріліп отыр. Бұдан бөлек,  мамандар Қор­дай ауданына да зерделеу жұ­мыстарын бастаған. Сондай-ақ жыл соңына дейін Байзақ ауданы да тексерістен өтеді деп күтілуде. Биылға осы үш аудан межеленсе, келер жылы қалған аудандардың да жер мәселесі майшаммен қа­ралмақ. Ал биыл жалпы 90 мың гек­тар жер мемлекет меншігіне қайтарылады деп күтіліп отыр.

Жалпы, Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау бас­қармасы конкурсты өткізу ко­миссиясының жұмысын ғана тексеруге құқылы екен. Сон­дықтан мекеме қаулыны жою ту­ралы жергілікті билікке ұсы­ным ғана бере алады. Егер ау­дан әкімі бір айдың ішінде нұс­қаманы орындамаса, онда анық­талған заңбұзушылықтар сот­қа жолданады. Бірақ сот про­цесі басталғанға дейін де бас­қарманың басшысынан бастап, мамандарына дейін қоқан-лоқы көрсетіп жататындар аз емес көрінеді.

– Президенттің жастар кадр­лық резервінен басқарманың басшысы қыз­метіне тағайын­далған осы 9 ай ішінде  Жамбыл облысында қарапайым адам жоқ па деген ойға келдім. Себебі осы мерзім ішінде мені қорқытқандар да, тіпті жұмыс орныма келіп қоқын-лоқы көрсеткендер де  аз болмады. Бәрінің  әйтеуір «кө­кесі» мен «жәкесі» бар. Бірақ жұ­мысымызды  облыс әкімі Бер­дібек Машбекұлының өзі қол­дап, нақты тап­сырмасын беріп отырғаннан кейін біз ештеңеден тайсалмаудамыз.

  Осы таңға дейін кәсіпкерлік мақсатта берілген жер учаске­лерін тексеру жұ­мыстары өз дең­гейінде жүргізілмеген екен. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жол­ға қойып, жыл басынан бері игерусіз жатқан 40 кәсіпкерлік ны­сан иелеріне 1 жылға нұс­қама беріп, жер салығын он есе ұлғайту бойынша салық бас­қармаларына хат жолдадық. Игеру­сіз жатқан кәсіпкерлік жер учаскелерін қайтару бойынша 5 іс сот­қа жолданса, оның 2-де жеңіп шықтық. 3 іс сотта қа­ралуда. Осы нысандардың қо­жайын­дарының да араға адам салып, мәселені жауып тас­тағысы келгендері болды. Ол аз десеңіз – бір ауданды тексере бар­сақ, жауапты мамандар құ­жат­тар топтамасын жасырып, заң­сыздықтарын көрсетпеуге тырысады. Олармен біз заң шең­берінде жұмыс істейміз, – дейді бас­қарма басшысы.

Міне, осылайша облыстық Жерлерді пайдалану және қор­ғалуын бақылау басқармасы  еш­кімнің басынан си­памауда. Әрине, «тура биде туған жоқ» еке­ні түсінікті. Десе де, шындық шен­ділерге жақпайтыны тағы белгілі.

Басқарма басшысы ау­дан­дардағы негізгі мәселе жер­дің нысаналы мақсатын заң­сыз өзгерту, тапсырылған жер учас­келерін мемлекеттік мен­шігіндегі бос жерлермен заң­сыз айырбастау, ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер­ді өзге мақсатта пайдалану сынды мәселелер жиі бола­тынын айтады. Ал Тараз қала­сы әкімдігінің қабылдаған ше­шімдерін тексеруге басқарма құзыретті емес. Мұнымен Жер ресурстарын басқару ко­ми­теті айналысады. Десе де, егер жер­гілікті билік заң­бұзушылықтарды анықтап бер­се, басқарма шара қолдануға құ­қы­лы. Жыл басынан бері Тараз қа­ласы әкімдігінен жолданған ұсынымдар негізінде бүгінде жаза басқандар лайықты жаза­сын алған.

Әрине, мемлекеттің же­рі  әркім ке­ліп бармағын ба­тыратын майшелпек емес. Бұл – еліміздің  қазынасы. Ал мем­лекет мүлкіне заңсыз қол салу қылмыс саналады. Осыны аудан әкімдері мен жауапты мамандар түсінбей отырғанына таңбыз. Ақиқатына қарайтын болсақ, басқарма судың бетін қалқып еді, біраз былық бетке шықты. Егер түп тамырына үңілсек, талай басшылар мен шенділердің шектен шыққан тірлігі әшкере болатыны хақ. Осыдан сезіккен дөкейлер қазірден қысым көр­сетіп жатқаны «сасқан үйрек­тің…» керін келтіріп тұрғаны тағы ақиқат.

«Әділін айтсаң, ағайынға жақ­пайсың» деген дана қазақ. Алай­да шындық жоқ жерде сұм­дықтың көбейетіні белгілі. Сондықтан басқарманың жұ­мысын бұ­қара бас бармақпен ба­ғалайтыны даусыз. Әйтеуір, шындықтың отын үрлегендер  шо­ғына өздері  күйіп қалмасын деп тілейік…

Саятхан САТЫЛҒАН, 

Жамбыл облысы

Дереккөз: "Айқын" газеті